Бүгін халықаралық нарықта Brent маркалы мұнай барреліне 91,92 долларға саудаланды, деп хабарлайды Egemen.kz Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Жұма күнгі соңғы сауда-саттықта аталған маркалы мұнай баррелінің құны 93,11 долларға жетіп, күн қорытындысы бойынша 92,84 доллар деңгейінде тұрақтады.
12 қыркүйекте таңғы 09:27-дегі жағдай бойынша мұнайдың эталондық маркасының бағасы 0,99 пайызға, яғни барреліне 91,92 долларға дейін төмендеді.
WTI маркалы мұнай фьючерстерінің құны барреліне 85,75 долларды құрады.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның төмендеуіне әлемдік мұнайға деген сұраныс әсер етті. Қытайдағы COVID-19-ға қарсы шараларды күшейту, АҚШ пен Еуропадағы негізгі ставкалардың өсуі экономиканы бәсеңдетеді және отынға деген сұранысты төмендетеді деген алаңдаушылық мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етеді.
Бағаларға G7 елдерінің (АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Канада, Франция, Италия және Жапония) Ресей мұнайының шекті бағасын белгілеу жөніндегі жоспары да әсер етеді.