Елордада өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңке маусымы жалғасуда. Дәстүр бойынша өткен демалыс күндері Қызылорда облысының кәсіпкерлері өнімдерін жеткізді. Облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатады, соның нәтижесінде өнімнің бағасы 10-20%-ға төмен.
Қызылорда өңірінің ақ маржаны, Аралдың балығы сауданы қыздырды. Мұндағы сары май, ірімшік, құрт, ет пен шұжық және көкөністер нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен саудалануда. Жалпы, елордадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне Қызылорда облысынан 500 тоннадан астам өнім жеткізілді.
«Қызылорда облысынан жәрмеңкеге 70-тен аса кәсіпкер қатысып, 500-ден аса тауар, ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелді. Жәрмеңке негізі қаладағы азық-түлікті қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Қазақстанның барлық облысының қатысуымен болады. Қараша айына дейін жалғасады. Осы аптада Алматы облысы мен Жетісу облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерін күтіп отырмыз. Әр сенбі-жексенбі сайын кезекпен облыстар келіп отырады», деді қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров.
Жәрмеңкеде өңірлерде өндірілетін отандық өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылған. Сырдың диқандары мен кәсіпорындары 50 жүк автокөлігімен жалпы құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнім түрлерін елордаға жеткізді. Оның ішінде 100 тонна күріш, 15 тонна ет және 30 тонна балық өнімдері, 80 тонна көкөніс пен жеміс-жидектер, 210 тонна бақша өнімдері, 50 тонна асқабақ, 3 тонна ас тұзы, 10 тонна сүт өнімдері, 5 тоннаға жуық кондитер өнімдері қойылған.
«Жәрмеңкеге үш түрлі бұқтырылған ет, екі түрлі күріш, қарақұмық және асқабақ, сәбіз шырынын, балалар тағамын әкелдік. Оның барлығы – еш қоспасыз, экологиялық таза, сапасы жоғары өнімдер. Қолжетімді арзан бағамен сатып жатырмыз. Халыққа таза табиғи өнім ұсыну – технолог ретіндегі басты қағидам. Мұнда адамдар көптеп келуде. Ұсынып отырған бағамыз олардың көңілінен шығуда», деді Қызылорда облысындағы бас технолог Қуат Шакизбаев.
«Елордада апта сайын өтетін өңірлердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін жібермей келіп тұрамын. Қала тұрғындары үшін Қызылорданың брендіне айналған күріш келіп жатыр. Май мен шұбат та алдым. Шұбаттың литрі 1000 теңгеден екен. Бағасы өте қолжетімді деп ойлаймын. Мұнда Қазалының кәмпиттері, тәттілері және балық өнімдері де бар екен. Арзан бағамен қауын-қарбыз да алдым. Сондай-ақ көрме ұйымдастырылып жатыр. Көрмеде ұсынылған тамақтың дәмін татып көріп, ұнаса алуға болады. Барлығы халықтың қамы үшін жасалып жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне тұрғындардың жағдайын ойлап, осындай жәрмеңкелер ұйымдастырып жатқандарына алғысымызды білдіреміз», деді қала тұрғыны Айнұр Жұматаева.
Сонымен қатар жәрмеңкеде Қызылордалық өнерпаздар әннен шашу шашып, елордалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жәрмеңке аясында Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратты.
«Бүгінгі акция бойынша Қызылорда облысынан азық-түлік толтырылған 80 себет берілді. Оның ішіне 10 кило күріш, 2 кило макарон, 5 кило картоп, 5 кило пияз, асқабақ және қауын 1 данадан салынды. Бұл акцияға Сарыарқа ауданы әкімдігінен волонтерлер қатысты. Барлық азық-түлік себеті тұрмысы төмен, әлеуметтік осал топтағы тиісті адамдарға жеткізілді. Бұл акция Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Мейлінше көп отбасыны қамтуға тырысудамыз. Жәрмеңке жоғары деңгейде өтуде», деді қалалық әкімдіктің өкілі Ерасыл Қайратов.