Күзгі жиын-теріннің сәтті аяқталып, өнімнің бітік шығуына орай Семейде Сабантой мерекесі кең көлемде тойланды. Бейбітшілік аралында ұйымдастырылған іс-шараға Татарстан Республикасынан келген меймандар арнайы қатысты.
Алдымен бауырлас халықтардың өкілдері Ертіс жағалауына барып, татар халқының көрнекті ақыны Ғабдолла Тоқайдың бюстіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар ұлы Абайдың ескерткішіне аялдап, хакімнің рухына тағзым етті.
Сабантойға орай Бейбітшілік аралында екі жақтың бастамасымен шағын этноауыл салынғанын айта кеткен орынды. Мұнда Татарстан Республикасының Ақтаныш ауданының қолдауымен ұлттық бұйымдармен безендірілген этноүй, диірмен, көне монша орналастырылып, мерекенің сәнін келтірді. Жиналған халық алып самаурыннан шай ішіп, татар халқының ұлттық тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік алды.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев және Татарстан Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшин шырша көшеттерін егіп, туыс халықтардың мәдени байланысынан бөлек, екіжақты алыс-беріс пен барыс-келісті құнттаудың тиімді жолдарын талқылады.
«Семей қаласында Сабантойды өткізудің жақсы дәстүрі қалыптасқан. Биылғы мерекенің ерекшелігі сол, ол жаңадан құрылған Абай облысында алғаш рет кең ауқымды деңгейде өткізіліп отыр. Достық, бауырластық байланыстарымыз экономикалық ынтымақтастыққа ұласады деген үміттеміз. Айталық, біз үшін Қазандағы абаттандыру тәжірибесі өте қызықты. Осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз», деді Н.Ұранхаев.
Өз кезегінде Татарстан Республикасының Мемлекеттік Кеңесінің төрағасы бауырлас ұлттардың бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқаны қуантатынын жеткізді. «Біз үшін Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазанға келген кездегі қол жеткізген уағдаластықтарды бекітіп, сақтау өте маңызды», деді Ф.Мұхаметшин.
Аталған мерекеге байланысты Семейде татар өнер мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілгенін айта кету керек. Бұл екіжақты ынтымақтастықтың тағы бір жемісі дейді көршілес елдің өкілдері. Өнер мектебінің талантты оқушылары келген меймандарға мерекелік концерт ұсынды.
Облыс орталығында өткен Сабантой музыкалық бағдарламамен, түрлі ойын конкурстарымен, сондай-ақ спорттық жарыстармен жалғасты.
Абай облысы