• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қыркүйек, 2022

Мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары

364 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматы қаласына жұмыс сапары барысында республикалық этномәдени бірлестік жетекшілерімен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады. Этнос өкілдерімен басқосу барысында министр олардың мәселелерін тыңдап, пікір алмасты.

Кездесуде Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дархан Қыдыр­әлі жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның бір­лес­тіктерінің ел дамуында алатын орнын атап өтіп, мемлекетіміздің бірлік пен ынтымақты ту етіп отырғанын жеткізді. «Президент Жолдауының тақырыбы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталғаны белгілі. Елімізде бәріне бірдей мүмкіндік беретін әділетті қоғам құрылып жатыр. Мемлекеттік мүдде жолында бірге еңбек ету – әрбір аза­маттың міндеті. Бұл ретте этномәдени бірлестіктер еліміздің ынтымағы мен бірлігі үшін елеулі еңбек етіп келеді. Мәселен, Қоста­най­дағы орман өрті кезінде этно­мәдени бірлестіктер зардап шек­кен жандарға 60 млн теңге қара­жат аударып, 243 тоннадан астам гума­нитарлық көмек көрсетті. Бұл біздің ел болып ұйыса білеті­німіздің айқын көрінісі», деді министр.

Жиында Президент Жол­да­уында айтылған басым бағыттар тал­қыланды. Өз кезегінде ұйым өкіл­дері ведомство басшысына бір­қатар мәселені жеткізіп, ҚХА мү­шелерінің еліміздегі бейбіт­шілік пен келісімді нығайтудағы рөлі, мемлекеттік реформаларды қол­дау бағытында атқарылуға тиіс жұмыстар туралы пікірлерін айтты.

Сондай-ақ Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрі Дархан Қыдыр­әлі Алматыда заманауи ме­диа өкілдері мен креатив жастар­мен де жүздесті. «Түрлі платфор­маларда шығармашылық әлеуетін танытып жүрген жастар жан-жақты мәселелерді ортаға салды. Өте пайдалы кездесу болды деп ойлаймын», деп атап өтті министр.