Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі аясында елордада бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылады. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұған арнайы заманауи этностық музыка жанрында ауқымды жоба әзірленген.
«Фестиваль мақсаты – туристерді, съезге қатысушыларды Ұлы даланың мұрагері – қазақ халқының бай мәдениетімен таныстыру. Іс-шараларда дәстүрлі бағыттағы өнер иелері, этно-фольклорлық ұжымдар және басқа да танымал қазіргі заманғы этностық бағыттағы әртістер өз өнерлерін ортаға салады», деді Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин.
Іс-шара «Бәйтерек» монументінің жанында орналасқан Этноауыл аумағында өтеді. Онда сегіз қанатты киізүйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылады. Қолөнер шеберлерінің бұйымдары қойылатын «Шеберлер ауылы», шағын сәулет нысандары және т.б. алаңдар құрылады.
Этноауылда тұрғындар және қала қонақтары дәстүрлі қолөнер түрлерімен – төрт киізүйде отандық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, заманауи ұлттық нақыштағы киім, зергерлік өнер, кілем және кесте бұйымдары қойылған жәрмеңкені тамашалай алады. Сонымен қатар 3 киізүйде Ы.Дүкенұлы атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің музыкалық аспаптары қойылады. Сонымен қатар «Аңшы үйінде» халық кәсібінің түрлері ұсынылады. Онда мамандар халыққа қыран бүркіт пен аңшы иттерін қалай ұстау керектігі мен ептілігін көрсетеді.
«Ұлы дала сазы» этнофестивалі 12-16 қыркүйек аралығында өтеді. Этноауыл сағат 10:00-19:00 аралығында ашық болады. Келушілер көшпенді халықтың мәдениетімен, тұрмысымен танысады, сондай-ақ шеберлік сыныптарына, ұлттық ойындарға қатыса алады. Күн сайын кешкілік концерт ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар 18:00-де басталып, 20:00-ге дейін жалғасады.