Үндістанның Секундерабад қаласындағы қонақүйге іргелес орналасқан электр көліктері бар көрме залында болған өрт салдарынан сегіз адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz India Today агенттігіне сілтеме жасап.
«Полиция келген кезде көрме залы мен қонақүй қою түтінге толған. Өрт сөндірушілер баспалдақтың көмегімен бірнеше адамды аман алып қалды. Құтқарушылар жоғарыға көтеріліп, ес-түссіз жатқан алты адамды алып шыққан», деді жергілікті полиция өкілі Дипти Чандана.
Зардап шеккендердің барлығы ғимаратта орналасқан қонақүй қонақтары. Өрт кезінде онда 25 адам болған. Кейбіреулері өздігінен шығып үлгерген. Екі адам терезеден секіріп кетті.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Болжам бойынша, өртке түнде зарядтауға қалдырылған электр көлігі себеп болуы мүмкін.