Бүгін Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Бұл COVID-19 пандемиясына байланысты үш жылдан бері елінен шықпаған Қытай көшбасшысының алғашқы шетелдік сапары болмақ. «Қазақстан үшін бұл елеулі оқиға және үлкен мәртебе», дейді сарапшылар. Сондай-ақ олардың айтуынша, қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас тұрақты. Екі ел байланысының негізі экономикалық, дипломатиялық және достық сипатқа құрылған.
Си Цзиньпиннің осы сапарын қосқанда биыл Қазақстан мен Қытай басшылары екінші рет кездескелі тұр. Ақпан айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қысқы Олимпия ойындарын өткізу аясында Бейжіңге барған болатын.
Ал ҚХР басшысы 2013 жылы қыркүйекте Орталық Азияға жасаған алғашқы сапарында алдымен Қазақстанға ат басын тіреген еді. «Сол кезде Си Цзиньпин Назарбаев университетінде жасаған баяндамасында «Жібек жолы – экономикалық белдеуін ортақ құрайық» немесе «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынып, Қытай мен Қазақстан қатынастарын жаңа белеске көтерген-ді. Екінші рет 2017 жылы маусым айында елімізге жасаған сапарында «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу салтанатына қатысты, сондай-ақ екі ел басшылары Қытай мен Қазақстан арасында Ланьюйнганнан жол тартқан Логистика темір жолының іске қосылуына куә болған еді. Осылайша, Қазақстанның тікелей Тынық мұхитына шығуына жол ашылды. Бұл да тарихи оқиға», деп атап өтті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы дипломатиялық сапарлардың нәтижесін саралап.
Ал ҚСЗИ бас сарапшысы Әділ Кәукеновтің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Қытайға жасаған мемлекеттік сапары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа парағын ашты, бұл саяси диалогті сапалы жаңа деңгейге көтеріп, екіжақты қарым-қатынастың тұрақты болуына ықпал етті. Бұрын қол жеткізілген келісімдердің іс жүзінде орындалуына түрткі болды. Қытай төрағасының жауапты сапары туралы келісім дәл сол кезде жасалған көрінеді, алайда пандемия басталып кейінге қалдырылған.
«Екіжақты ынтымақтастықтан басқа, Қазақстан мен Қытайда БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және т.б. құрылымдарда көпжақты ынтымақтастық жобаларының үлкен пакеті бар. Біздің мемлекеттер арасындағы саяси сенімнің жоғары деңгейінің жаңа көрсеткіші Бейжіңнің биылғы Қазақстанды әлемдегі ең ірі БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы) бірлестіктерінің бірінің жұмысына толыққанды мүшелікке ұсыну туралы ұсынысы болды. Бұл – өте маңызды қадам, өйткені БРИКС G7 және G20 секілді жаһандық клубтарға лайықты бәсекелес болып саналады. Ал Қазақстанның екінші дүниежүзілік экономиканың, яғни Қытайдың қолдауымен алға жылжуы БРИКС-тегі салмағын арттырып, сенімділік тудырады», деген пікірде Ә.Кәукенов.
Жалпы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Нұр-Сұлтанға келуі дипломатиялық тұрғыдан өте маңызды екенін айтады сарапшылар. Қытай басшысының шет мемлекеттерге жасаған сапарының саны бойынша Қазақстан АҚШ-пен тең келді (ҚХР басшысы аталған елдерге төрт сапардан жасаған), бұл біздің еліміздің Бейжіңнің сыртқы саяси жүйесіндегі маңыздылығын көрсетсе керек.
Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы көпқырлы стратегиялық ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп келеді. Соңғы жылдары Қытай Қазақстанның жетекші сауда серіктесіне айналды, БҰҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты халықаралық ұйымдарда тығыз саяси ынтымақтастық орнатты. Мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту тұрғысынан алсақ та, мәселен туризм, медицина және білім беру салаларында айтарлықтай ілгерілеушілік байқалады.
«Мұның барлығы екі мемлекеттің тату көрші болып, өзара сенімді дамытуға, ортақ қауіпсіздікті, бейбітшілікті, тұрақтылық пен аймақтағы тұрақты дамуды бірлесіп қолдауға бағытталған өзара тиімді және прагматикалық сыртқы саясатының арқасында қол жеткізген іргелі істер болды. Осыларды негізге ала отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығаюы екі мемлекет басшыларының бүгінгі келіссөздерінен кейін де жалғасады деп нық сеніммен айтуға болады», дейді саяси ғылымдар докторы Ерболат Сейлеханов.
Сарапшылардың жалпы пікірі бойынша екі жақты диалогтің саяси күн тәртібінде қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында ынтымақтастықты дамытудың тетіктерін тиімді үйлестіру мәселелері қамтылады.
«Қазақстан үшін АӨСШК-ні Азияның қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруға қатысты Қытайдың қолдауына ие болу өте маңызды. Екі ел басшысының талқылар мәселелерінің бірі – ШЫҰ-ны одан әрі дамыту, оның ішінде ұйымға жаңа кірген мүшелер мен бақылаушылардың (Иран, Беларусь, Мысыр, Қатар және Сауд Арабиясы) позициясын айқындау болуы мүмкін. Сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайды реттеуге қатысты ынтымақтастық жолдары талқылануы ықтимал. Келіссөздердің тағы бір өзекті тақырыбы «Орталық Азия-Қытай» форматындағы ынтымақтастық форматтары, оның ішінде сыртқы қауіп-қатер жағдайында екі елдің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету сияқты маңызды мәселелер бойынша пікір алмасады деген болжам бар. Экономикалық сала бойынша айтар болсақ, екі ел арасындағы транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында өзара сауда көлемін кеңейту, Қазақстанға жаңа инвестицияларды, соның ішінде алдымен жоғары технологиялық салаларға тарту, көлік-логистикалық секторды дамыту, еліміздің әлемдегі және аймақтағы энергетикалық, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі өзара іс-қимыл мәселелері қозғалмақ», деп пікір білдірді сарапшы Е.Сейлеханов.
Ал профессор Нәбижан Мұқаметханұлы ҚХР Төрағасының бұл реткі сапарының мақсаты мен маңызы айрықша екенін айтады. «Қытай басшысы елімізге сапарын халықаралық геосаяси жағдай шиеленіскен, Қытайдың ішкі экономикасы шатқаяқтаған, сыртқы саудасы кеми бастаған кезде ҚКП-ның ХХ съезінің ашылу қарсаңында жасап отыр. Сондықтан бұл сапардың басты мақсаты Қытайдың ең өзекті мәселелерін шешуге арналатыны анық. Бастысы – энергетика қайнар көздерін молайту болмақ. Бұл мәселе бойынша ШЫҰ саммиті барысында Ресей басшысы және Иран президентімен де келіссөздер жүргізбек», дейді сарапшы.
«Қазақстан мен Қытай арасында энергетика саласында тұрақты қарым-қатынас қалыптасып, ырғақты жұмыс жүріп жатыр. Екі ел арасында өндіріс қуаты, сауда, логистика, ауыл шаруашылығы саласында да терең ынтымақтастық қатынас орнаған. Екі елдің өндіріс қуаты саласында 55 жоба іске асырылуда. Біздің Үкімет бұл салаға инвестиция салған қытай инвесторларын кейбір салықтан да босатқан. Бірақ соның нәтижесін халық әлі сезіне алмай отыр.
ҚР СІМ өкілдері Қытай Төрағасының сапары барысында екі мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп, екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп жариялады. Бұлай болуы заңды да. Менің ойымша, энергетика саласынан тыс Қазақстан мен Қытай арасында енді медицина, жасанды интеллект, электронды сауда, цифрлық қаржы сияқты салаларда ынтымақтастық келісім шарттар жасалуы мүмкін. Демек ҚХР Төрағасының Қазақстанға жасаған бұл сапары екі ел ынтымақтастық қатынастарын дамыта түсетіні сөзсіз», деді қытайтанушы Нәбижан Мұқаметханұлы.
Екі ел арасындағы достық, көршілес мемлекет ретіндегі байланысты Қытай басшысы Си Цзиньпин өзінің Қазақстанмен достығы туралы жазған мақаласында да ерекше атап көрсетеді. «Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының серпінді даму кезеңі 30 жылдық тарихты құрайды. Біздің елдеріміз мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына қатысты өзекті мәселелер бойынша әрқашан бір-біріне зор қолдау көрсетеді, ұлттық құндылықтарға сәйкес бір-бірінің даму жолын құрметтейді, мемлекеттік даму мен ұлттық жаңғырудағы жаңа жетістіктерін құптайды. Қытай мен Қазақстан – сенімді дос және сенімді серіктес, біздің халықтарымыз әрқашан бір-біріне қолдау көрсетеді», деген пікірде ҚХР басшысы. Сондай-ақ ол Қазақстанға сапарының нәтижелі болатынына сенім білдірді.
«Уақыт пен өзгерістер сынына төтеп бере отырып, Қытай-Қазақстан қарым-қатынасы тастай берік болды. Біз үшін қол жеткізген нәтижелер негізінде көп ғасырлық достықты одан әрі жалғастыру мен дамытуға күш-жігерімізді бағыттау өте маңызды. Алдағы сапар аясында мен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен Қытай мен Қазақстан арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа дәуірде одан әрі дамыту, екіжақты көп қырлы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және оңтайландыру мәселелерін талқылауға дайынмын», деді Си Цзиньпин.
Қазақстан мен Қытайдың жалпы экономикалық ынтымақтастығы әр алуан. Әсіресе көлік және транзиттік әлеуетті жүзеге асыру, энергетика, сауда-логистика, қаржы сияқты салалардың Қазақстан экономикасы дамуының өте маңызды факторы болып табылады. Қытайлық компаниялар мен ұйымдардың қатысуымен Қазақстан экономикасының жетекші салаларында көптеген ірі жоба жүзеге асырылуда, шекаралық ынтымақтастық нығайып, көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Жыл басында Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен 2 959 заңды тұлға тіркелсе, олардың басым бөлігі сауда және құрылыс саласында жұмыс істейді.
«Қытай – Қазақстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары ҚХР Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 18 пайызын, экспорттың 16%-ға жуығын және импорттың 20%-дан астамын құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 18 млрд долларды, Қытайға экспорт 10 млрд долларды, ал Қытайдан импорт көлемі 8 млрд долларды құрады. Осылайша, Қазақстан екіжақты саудада айтарлықтай профицитке ие болды. Айта кету керек, Қытаймен сауда тек қарқындылығымен емес, оң динамикасымен де ерекшеленеді. Мәселен, биылғы жеті айда екі ел арасындағы тауар айналымы 13,5 миллиард долларға, ал экспорт 8 миллиард долларға жетіп, өткен жылғы көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсті. Жыл соңында бұл көрсеткіштер жаңа жоғары деңгейге жетіп, көрсеткіші барлық жылдан асып түскен 2013 жылғы сауда айналымы 22,7 млрд долларды, ал экспорт 14,4 млрд долларды құраған сомадан да асып түсуі мүмкін», деді экономика сарапшысы, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов.
ҚХР Қазақстан экономикасының жетекші шетелдік инвесторларының бірі ретінде де танылып келеді. Мәселен, Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қытайдан жиналған шетелдік инвестиция көлемі 13,6 млрд долларды құрап отыр. «Осы көрсеткіш бойынша Қытай әлемнің басқа елдері арасында бесінші орында, ал шетелдік инвестицияның жалпы көлеміндегі оның үлесі Қазақстанда жинақталған инвестиция 6 пайызды құрайды. Алайда қытайлық инвестициялардың нақты көлемі келтірілген деректерден айтарлықтай жоғары» деп санайды сарапшы. «Өйткені көптеген қытайлық компания басқа елдерде орналасқан өздерінің еншілес компаниялары арқылы Қазақстанға инвестиция құяды, сондықтан бұл инвестициялар статистикалық мәліметтерде көрсетілмей, елдің еншісіндегі көрсеткішке кірістіріліп, жалпы инвестиция көлеміне қосылып айтылады. Қытай деректеріне сүйенсек, Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы шамамен 40-50 миллиард долларды құрайды. Жалпы, екі жақты ынтымақтастық мүмкіндіктері, тіпті жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдер де инвестиция көлемін одан әрі арттыра береді. Өйткені алдағы уақытта Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі іске асыру, қазақстандық қызметтер мен өнімнің көптеген түрін Қытайға экспорттау, өңдеу өнеркәсібінде бірлескен кәсіпорындардың жұмысын ілгерілету, халықаралық экономикалық ұйымдар аясында ынтымақтастықты кеңейту бойынша іргелі істерді іске асыру жоспарланған. Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің сапары осы және басқа да көптеген саладағы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз», деп пікір білдірді В.Додонов.
Осылайша, сарапшылардың айтуына қарағанда, екі ел басшысы қазақ-қытай стратегиялық, дипломатиялық серіктестігін жан-жақты нығайтып, дамытудың перспективаларын талқылайды. Екі жақты келіссөздерден кейін бірқатар құжатқа қол қою жоспарланып отыр.