• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Қыркүйек, 2022

Толқытып Толағайдың мақпал түні...

533 рет
көрсетілді

Жұдырықтай ғана жүректен туған ән алыстарға аттанады. Құрлық асқаны былай тұрсын, ғасырлардан ғасырларға көшіп, адам рухымен бірге өмір сүре береді. Атақты Илья Жақанов­тың «Толағай» әні Жапонияның Токио қаласындағы әлем халықтары музыкаларының музейінде сақтаулы тұрғанын әнші Қайрат Байбосыновтың өзі айтады. 1990 жылдардың ішінде Сматай Үмбетбаев екеуін Жапонияға арнайы шақыртқанда, Қайрекең әлгі музейге осы әнді жаздырып кетіпті.

Абайдың Гетеден Лермон­товтың тәржімесі арқылы аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» әні Германияның Ильменау қала­сындағы немістің ұлы ақынының музей-үйінде үнемі шырқалып тұрады екен. Бұл әнді тыңдаған алман жұрты «Гете жарықтықтың осынау өлеңіне тап осындай әуен керек еді» деп таң-тамаша болыс­қан деседі. Гетеге бұл сөздің сарыны біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген Алкманнан жеткенін айтсақ, таңды таңға ұрамыз. Әңгіме әйгілі «Толағай» хақында.

«Толағай» туралы Илья ағаның өзі керемет әңгімелейді. Кітабында да арнайы тоқталып жазғанын жеткізді ән тарихын. Өткенде Жаңа­­арқа топырағында сол ән туған Толағайдың бауырындағы Ералиев ауылына барсақ, ауыл тұрғындары «мынау Илья әнге қосқан Толағай ғой» дейді жай­барақат. Шыдай алмай төбесіне шықтық. Маңайында теңіз даланың толқындарындай мың құбылып жатқан адырлар арасынан ән ұшып жатқандай әуеге. 1982 жылдың қыркүйегінде Алматыдан еліне келген Ілекең жолда дауылдатқан қар аралас жаңбырда қалады. Әуелі Жаңаарқадағы Жеңіс (Түгіс­кен) ауылына ат басын тірейді. Онда аунап-қунап біраз жатып, Тола­ғайдың бауырындағы сол кезде К.Маркс, қазіргі Ералиев ауы­лына барады ғой. «Қара суық­тан өңі кете бастаған күзгі дала қайта көктеп, дүние тамылжып тұрған сәт еді», дейді ән авторы Ілекең. Сарғайған дүние қайта көктеп, дала маужырайтын мизам шуақтың кезі болса керек. Атажұрттағы елдің ықы­ласы, бозарған даланың қайта көктеуі композиторды ерекше тол­қытқаны шығар. «Қайыптың қара төбесіне» шыққанда аспан астында мұнартқан Толағай тау біткеннің төресі, жер біткеннің жәннаты болып көрінеді. «Тол­қытып Толағайдың мақпал түні, арманның кеткендей бір болмай шегі...» деп «Толағай» сонда келген дүниеге. Кейін сол ән туған жерден ауылға дейінгі аралықты есеп­тесе, көлікпен 13 минутта жүріп өтіпті. «Он минутта аузыма осы ән түсті, қапаш-құпаш қо­лымды сермеген соң» демей ме Абай­дың Ақылбайы? Бұл да сол меженің ар жақ-бер жағын шамалап тұр. Әннің қалай туғанын автордың аузынан естіген біздің есімізге қазақ даласындағы осы бір ғаламат түсті.

Сонда Илья Жақановтың көзіне алыстан менмұндалаған Көнек шоқысы түспей, Тола­ғай аудартыпты назарын. Сол Тола­ғайдың басына бізді өткен­де Ақселеу Сейдімбектің асынан соң Қасымхан Ғалым атты жур­налист бауырымыз шығар­ғанда көрдік. Айналасы анық көрі­нетін төбенің биігінде екі бір­дей қорым дөң болып жатыр. Қай заманның мәдени мұрасы еке­нін ешкім зерттей қоймаған шығар. Біздің дәуірімізге дейінгі қорымдарға келіңкірейді. Алаш ардақтыларының жалғасындай Ақселеу Сейдімбек те тап осындай төбе басына жерленгенін ескерсек, шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғапұлының да төбе басында жатқанын түйсінсек, қазақтың ескі танымы біраз жайдан хабар береді. Баба таныммен өмір сүрген Ақаңа «мен олай-бұлай боп кетсем, осы төбенің басына қойыңдар» дегізген де оның түпсанасындағы баба таным демей көріңіз. Қазақ осындай өлмес мұралар туған топырақты қадірлеп, ертеден киелі санаған. И.Жақанов ән туған соң Толағайда Исатай қарттың шаңырағында қонақта болғанын разылықпен еске алады. Сол ауылда атақты Игілік Омаров ән салып, қызық думанға батқанын асқан ілтипатпен атады. Исатай қарт сонда бала күнінде осы ауыл тұсында 40 мың жылқы біткен Жайма байға берілген астан қалған әңгіменің тиегін ағытты дейді Іле­кең. Сон­да дейтін көрінеді көзкөрген үлкендер. Атақты күйші Ықылас Дүкенұлы қобыз тартқанда То­ла­ғайдың бауырындағы шағын көлге аққулар қонғаны жөнінде аңыз қалыпты. Ал Илья аға болса «Ықылас» атты роман жазған қа­ламгер. Қобыз шабудың көне технологиясы мен қобызшы Ықы­ластың өмірі мен өнер жолы, Арқа мен Шу арасында көшіп-қонған қазақ өміріне біткен киелі өнер туралы кеңінен әңгімеленеді онда. Ықылас қобызымен ай­дынға аққу қондырса, соңында ән өнерін ұстап қалған ұрпағы сол топырақта кеудесінен ән ұшырғаны қандай жарасымды?! Толағайдың теріскей бетінде көл бар-тұғын дейді Ілекеңнің өзі. Біздің мұнда айтқымыз келгені – Тәңірінің берген өнеріне ұя болған топырақтың киесі. Сондай ғаламаттар түсетін нүктелер болады. Құттың мекені. «Жылқым көп Толағайдың етегінде, Ақбоз ат өзің көрген жетегімде» депті Ілекең. Толағайдың бауырынан жылқы арылмаған әлі. Ертеде қалың киік жататын деседі.

Игілік Омаровтың ән бесігі, Илья Жақановтың саз бесігіне айналып, әлемге ән болып сіңген «Толағай» қайда шырқалмады? Қытай, Моңғолия қазақтарының сүйікті әні екені өз алдына. Шы­ғарманы естіген шетелдіктер де таңырқағаны туралы дерек аз емес. Жазушы Толымбек Әбдірайым жазады: «Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының «Салтанат» ансамблі бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдарда ел аузына ілігіп, шетелдік гастрольдерге де шығып жүрді. Сондай сапарларының бірі ГДР-да болды.

Бұл жайды өз көзімен көрген, Қарқаралы қаласындағы № 1 орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Роза Әмірина: «1988 жылы желтоқсан айының жиырмасыншы жұлдызында, біз ГДР-да, неміс жұртын таңқалдырған концерттерімізде «Жайлаукөл кештері», «Толағай» әндерін жиі-жиі орындадық. Екі әннің нәзік лиризмі немістерді ойландырып тастады. Әндер орындалғанда неміс тіліне сөзбе-сөз аударылып отырды», деп естелік жазып берді.

1995 жылы желтоқсан айында әнші Сәуле Жанпейісова бір фирманың шақыруымен Ни­дерландта жеке концертін бер­ді. Амстердамда және сол қа­ла­ға жақын бір шағын қалада теледидарға түсіп, сол концертте «Еділ-Жайық» айтылды. Домбырамен айтты. Көрермен күшті қабылдады. Сәуле тағы бір қалада «Толағай» әнін айтты.

Германияның Бранденбург қаласын­да да Сәуле Жанпейісо­ваның жеке концерті болды. Мұнда да «Еділ-Жайық» пен «То­лағай» орындалды.

Мұнымен қоса Бельгияның көптеген қаласында болып, кон­церттің бәрі өте сәтті өтті. Онда да «Еділ-Жайық», «Толағай» ән­де­рі шет жұртты таң-тамаша қал­дырды», депті жазушы.

«Қазақ даласында бұл әнді әуелі Қайрат Байбосынов пен Игілік Омаров салды» дейді Илья аға. Ал академик Ебіней Бөкетов қайбір жылдары Қарағанды университетіне Илья Жақановты арнайы шақырып, кездесу өткізеді. Сонда Е.Бөкетов Ілекеңе ХХ ғасыр­дың екінші жартысының ком­позиторы деген баға береді. Сөз орайында композитордың «Толағай» туындысына да ерекше тоқтала келе, «күздің қара суы­ғында көктемнің лебін, мамырдың желегін арманға орап берген мұн­дай өлмес туындыны шығару тек ұлы композиторлардың ғана қо­лынан келеді» десе керек. Бұған біз де қосыламыз. Бұрын Толағай тау көтерсе, осы күні Тола­ғайды ән көтеріп келе жатқан сыңай­лы сезіледі. Бұл топыраққа бір-ақ белгі жетіспейді. Ол осы бір атақты әнге соғылған ескерткіш. Тарих­та әнге қойылған ондай ескерт­кіш­тер жетіп артылады. Егер алдағы күн­дері сәтімен болып жатса, ауыл да аруақ­тана түсері сөзсіз деген ойдамыз.