• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Әдебиет 15 Қыркүйек, 2022

Жүз жылдық жылылық

1610 рет
көрсетілді

Көрнекті қаламгердің тұлғалық тағылымы мен шығармашылық шеберлігі хақында.

«Инеш», «Марғау», «Битабар»...

«Талантты қолдан шыққан туындыларды көз жүгіртіп қана қоймай, үңіле оқысаң ғана ашылатын бір астарлары болады».

Сафуан Шаймерденов

 

Қазақ әдебиетінің классигі Сафуан Шаймерденовтің туға­ны­на 100 жыл толды. Танымал сөз зергері сексен бес жылға жуық ғұмыр кешті. Осыдан он бес жыл бұрын өмірден өтті. Жазушының жүз жылдық белесі бізге несімен қымбат? Бұл мерейтойдың қазақ руханиятындағы өзіндік орны қандай? Туындыгердің өмірі мен дүние салғаннан кейінгі кезеңін қамтитын ғасырлық ғибраттың мән-маңызы қаншалықты дең­гей­де? Ғафу Қайырбеков айт­қан­дай, «Сорайған cолтүстіктің қарағайы» ұлт пен ұрпаққа қай тұр­ғыдан сая болды? Бүгінгі әң­гі­меміз осы төңіректе өрбімек.

Жалпы, жазу өнеріне құмар­тып, Алатауды бетке алған бозба­ла­ның қиялына қос ат мініп қусаң да жете алмайсың. Ол Алматыға келген соң әдебиет әлеміндегі кейіпкерлердің ізі қалған қастерлі орындарды іздейді. Әрине, алдымен сол кейіпкерлерді ойлап тауып, оқырманның ой-санасына көшірген қаламгермен жүздесіп, бір ауыз тілдескенді қалайды. Бірақ оның бірден сәті түсе қоя ма? Содан соң сол шығарманың қа­һармандары, анығырақ айтсақ, түптұлғалары шарлаған жолды қайта бір сүзесің. Біз келген кез­де Алматының Меңтайы мен Ерболы бар еді. Кәдімгідей култь! Сенің тыныс-тіршілігіңе ара­ласып жүргендей, тіпті кө­ше­де ұшырасып қалатындай әсер қалдырады. «Махаббат, қы­зық мол жылдардың» оқиға­сы соғыстан соңғы дәуірді қам­ты­­ғанымен, шығарманың оқыр­ман­ға жол тартқанына он жылдан енді ғана асқан тұс. Соның ықпалынан айыға қоймаған сен үлкен қалаға үйреніскен соң Ви­ног­радов көшесіндегі 88-ші үйді бір көріп қайтқанды жөн санап, тоқтамай тартып кетесің.

Меңтай мен Ерболдан бұрын ару астананың Инеші мен Мәу­ле­ні болған-ды. Бұлар – Сафуан Шаймерденовтің елуінші жыл­дар­­дың басында жазған «Бо­ла­шаққа жол» романының кейіп­кер­­лері. Студенттер өмірін ар­­­қау еткен бұл шығарманы да өз дә­уіріндегі жұрт жаппай оқы­ған. Әсіресе сол мез­гілдегі оқу орындарының қыз-жі­гіттері қол­­­дарынан тү­сір­меген деседі. Тал­­­даған, тал­қы­­лаған, тоқыған... Сара­ла­ған, су­сындаған, сүйсін­ген... Са­­фекеңді баршаға таныт­қан соқ­та­лы дүние осы. Бір заманда жастардың бар көңілін аударған құндылыққа айналған туынды қазір баяғыдай оқыла қоймайды. Бірақ осы Инештің төңірегіндегі аңызға бергісіз әңгімелердің өзі жетіп артылады. Мәселен, биофактың студент­те­рі туралы романды оқыған атақты биолог, КазГУ-дің ректоры Темірбай Дарханбаев авторды іздеп келіп өзі танысыпты. Әлиза деген машинистка келіншек 1952 жылы Инеш туралы романды басып шыққаны үшін иеленген мың сом ақшаға алтын сағат пен алтын сырға сатып алыпты. Кейін бұл дүниелері ескіріп, өзі ауқаттанып кетсе де, көне жәдігерліктерді өмір бойы сақтапты. Сол жылдарда өмірге келген қыздардың бір­қа­тарына бас кейіпкердің аты қойылыпты.

Бұған дейін Сафуан ағаның бірталай шығармасымен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ танысып едік. Ол кезде қазақ әдебиеті классиктерінің қай-қай­сы­сының да жазған кітаптары ауыл кітапханасында тұратын. Шетінен ал да, оқи бер. Оған қоса, бірқатар үйдің сарайында «Жұлдыз» бен «Жалын» жур­налдары үйіліп жатады. Жұрт оны тастауға қимайды. Се­бебі әлі кітап болып шық­паған дүниелер алдымен осы басылымдарда жа­рық көреді. Үлкендер жұ­мыстан қолы тисе, жедел оқып бітіреді. Мұршасы болма­са, әй­теуір бір қараудың реті келер деп, сарайға аттандырады. Сон­дықтан бұл сарайдың мән-ма­ңы­зы біз үшін сұлтан сарайынан кем емес-ті. Сыр ұқтыратын Сафуан ағамның әңгімелері мен повестерін ең алғаш осындай төбесі тесік, сылағы түскен са­рай­­­дың ұлтанында шашылып жа­т­қан «көшпелі кітапханадан» кездестірдім. «Мезгілді» оқып, қилы тағдырдың арпалысын сезіндік, «Битабар балуанды» оқып, қазақ даласында алапат күштің иелері көп болғанына көз жеткіздік. Ал енді соның ішін­де бала болсақ та, санамызды селт еткізген «Марғаудың» («Ит ашуы») жөні бөлек-ті. Бұл повесті оқып шыққан соң, көзі мөлиіп, жүні үрпиіп, қара қайықтың тү­бін тіміскілеп, итеңдеп жүретін Қаратереңнің иттеріне өзгеше көзбен зер сала бастадық. Мың сырлы «Марғау» ит атаулыға ит деп қарамауға үйретті. Адам психологиясын төбеттің тағдыры арқылы көркемдеп кестелеуге болатынын анық аңғартты бұл «Марғау». Ит жылы туған атақты қаламгер бізге соны ұқтырды.

Шынымызды айтсақ, сонау сту­дент кезімде зәуқайымда Са­фуан ағамен жолыға қалсақ, ол кі­сі­нің шығармалары жөнінде аз-кем әңгімелесетіндей шамамыз бар еді. Бірақ ол заманда тегеурінді қаламгермен тілдесе қоятындай батылдықты бізге кім берсін?! Сол тұста «Жалын» жур­налына академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінің үзінділері жариялана қалсын. Бас алмай құныға оқыдық. Бұл ә де­генде кейіпкерлер өмірдегі өз атымен аталған шығарманың ал­ғаш­қы нұсқасы еді. Яғни эссе­нің қаһармандары Евней, Сафуан, Тұрсынбек, Зейнолла... Әсіресе жасындай жарқылдаған Сафуан ағамның болмысы бөлек. Бетің бар, жүзің бар демейді, тіліп тү­се­ді. Өр. Өткір. Өміршең. Бұл туын­дыны оқыған соң біздің көз ал­­ды­мызда көрнекті қаламгердің беделі биіктей түсті.

Күллі оқырман жата-жастана оқы­ған «Инеш», «Мезгіл», «Марғау», «Битабар балуан» се­кіл­ді кітаптар біздің буынды да Сафуан Шаймерденов әлеміне жіп­­сіз байлады. Сол әлемде шыр­­мал­дық та жүрдік. Бала күн­гі әдемі әсерімізден әлі де ары­ла қой­ғанымыз жоқ. Иесінің на­мы­­сын қорғап қалған, адамнан бе­тер есті ит – Марғаудың да бір кез­де дамылсыз жортқан жерін көргің кеп кетеді кейде... Ке­йіп­керіңнің болмысын оқыр­ма­ныңның миы­на осылай шегелеп тас­таудан ар­тық бақыт бар ма, сірә?!

Көркем ой, жеңіл юмор

«Қиялға бай жазушы құлағы қыл­тиып тұрған болмашы бір­де­ме­нің өзін де бері суырып алып, түрлендіріп, мүсіндеп шығара алады».

 Сафуан Шаймерденов

 

Ол кісіні ара-тұра Жазушы­лар ода­ғының және универ­сите­ті­міздің ғимарат­тарында өтетін әдеби жиындарда көріп тұра­тын­быз. Еңсегей бойлы, найзадай тіп-тік, көп сөйлемейтін, сөй­лесе де әр сөзін орнымен айта­тын, ерекше байсалды Сафуан аға қашанда жағымды әсер қал­ды­ратын. Мұндай басқосу­лар­ға қатысатын көрнекті қалам­гер­лердің кітаптарын ала шығып, қолтаңба қойдырып алу сол кез­де­гі студенттердің бұлжымас дәс­түрі еді. Сафуан ағаның өз қо­лымен жазған тілегі біздің де қол­таңба-коллекциямыздың қата­рына қосылды.

Кейінірек семсер сөзді Са­фу­ан аға­ның өзімен кеңірек оты­­­рып жүздесудің сәті түсті. Ол кезде «Хабар» агенттігінде қыз­­мет іс­тей­тін едік. Бас продюсер Қайнар Олжайдың тапсырмасымен «Көзкөрген» деп аталатын бағдарламалар сериясын әзірлей бастағанбыз. Осыған орай Бердібек Соқпақбаев туралы ой-пікірлерін жазып алу үшін Сафуан ағаның үйіне келдік. Қазақы дәстүрмен дастарқанға шақырды. Режиссер, телеоператор, жарық беруші мамандар санасында саңылауы бар қыз-жігіт­тер еді. Бәрі де қаламгердің қол­таңбасын алды. Сөзінің сал­мақ­ты, жадының мықты екеніне сүйсініп қайттық.

Бір кезде Сафуан ағаның өзі: «Сөз орнын тапса, төңірегіне нұрын шашып тұрады. Ал орнын таппаса, төңірегіндегі жарқырап тұрғандардың өзіне де көлеңкесін тү­сіріп, көмескілендіріп жібе­ре­рін бекер дей алмайсың ғой»,  деген еді. Шынында да, ол – сөз өнерін терең меңгерген қаламгер. Сөйлемі түгілі әр әрпі қиыс кет­пейтін жазушы.

Сафуан Шаймерденовтің шы­ғар­машылық шеберхана­сы көп зерттеле қойған жоқ. Қалам­гер­дің өзі де бұл тақырыпқа келгенде кеңінен көсіле қоймайды. Тек анда-санда басқа бір әңгі­ме­нің желісіне түсер алдында оқыр­ма­нын жазу машығынан хабардар етіп қоятыны бар. Онда да бұл мә­селеге қатысты қойылатын са­­­уалдарды аса ұнатпайтынын сез­­­діріп өтеді. «Әр кездесулер­де: «Ен­ді не жазып жүрсің, өзіңіз­дің жазу лабораторияңыз тура­лы ай­тыңыз», деген тілек біл­дірілгенде арқам мұздап жүре берер бір жай бар. Жай емес, мінім десем де болады. Арқам­ның мұздайтыны да содан. Ол мін – менің күнделікті ертемен тұрып, бір мезгілде жазу үс­те­­ліне отыра алмайтынымда. Айлап қолыма қалам алмай ке­те­­мін. Ал ала қалсам... айлап жазу үстелімнен бас ала алмай қа­ла­мын. Керек десеңіз, сондай кез­де кәдімгі тыныс алу, бой жазу, көшеге шығып сейіл құру се­кілді денсаулығыңа керек-ақ жай­лардың өзі маған басы ар­тық бірдемелер секілденеді де тұрады. Жазуға арналмаған уақыт – тегінге кеткен асыл қазынаңдай жаныңды бұрайды кеп. Осының ар жағы – басыңның, жүрегіңнің ауыра бастауы», дейді халық жазу­шысы. Бұдан қаламгердің ай­нала­сындағы дүниенің бә­рін ұмытып, жаныңды деп жазу дағдысын ұстанғанын көреміз. Бір кезде Зейнолла Қабдолов Шыңғыс Айтматовтың қалам­гер­лік машығы жөнінде «Апыр­май, шығарма жазғанда тура өліп-ті­рі­ліп отырады екен... Өзін-өзі ұмы­тады. Ұйқы-күлкі жө­нін­де қалады», деп жазып еді. Шын­ды­ғында, академик-жазу­шы­ның Сафуан досы да осы кепті басынан кешсе керек.

Сол Зекең КазГУ-де сабақ берген Мұхтар Әуезов туралы эс­сесінде: «О, ғажап! Ауди­то­рия­ға ұлылық кіріп келе жатты!» деп толғанатыны баршаға белгілі. Ендеше, Зейнолла ағамен бір оқу залында отырып, ғұлама ғалымның лекциясын тыңдаған Сафуан Шаймерденовтің де өз Әуезові бар. «Аудиторияда шы­бы­нның ұшқаны естілетіндей. Сол кезде Мұхаң шайқалған те­ңіз секілді көрініп кетті. Тоқ­тау жоқ, мүдіріс жоқ. Жер ша­ры­ның барлық түкпір-түкпіріне сүңгіп, өткен-кеткен тарихтың бә­рін қопарады. Сөйтсе де, өзі­нің ой жібінен әсте жаңыл­май­ды». Зекең сөзді зерлейді, әде­мілеп-әс­петтейді. Сафағаң салқын­ды­лық­пен сөз саптайды. Бірақ еке­уі­нің де мақсаты бір – ұстазды ұлықтау, алыпты ардақтау.

Қаламгер кейде көркем ойды жеңіл юморға бөлеп отырады. Мә­селен, «Мені қалай үйлен­дір­мек болды?» деген әңгі­ме­сін езу тартпай оқып шығу мүм­­кін емес. Ағайын-туыс­та­ры әскер қатарында жүріп, ауыл­ға демалысқа келген біздің кейіп­­керімізді бірден аяқтан­ды­рып жібермекке ниеттенеді. Бозбаланың пәлендей уәде байласып қойған ешкімі жоқ. Тек бір қызбен анда-санда хат алысып тұрған көрінеді. Елдің мен деген алпамсадай азаматтарын бетке ұстап, сол үйге табан тіреп отырған кезі. Қыздың көнетін түрі байқалмайды. Жазушы сол сәтсіз құдалықтың әдепкі ек­пінін былайша баяндайды: «Өз көңілін патшаға да бермейтін менің ағаларым баппен басып, төрге шығып, іргеге тасталған ма­мық жастықтарға шалқая оты­­рысты. Солардың төменгі жа­­ғынан осы үйдің бес минуттан кейін күйеу баласы болып кетейін деп тұрған мына мен де жайғастым». Ақыры, ол бұл ша­ңыраққа бес минут түгілі бес күннен кейін де күйеу бала бола ал­майды. Қыздың тілін таба қой­май, ағаларын жерге қаратып, кері қайтады.

Сафуан Шаймерденов мей­лін­ше ұзақтау ғұмыр кешсе де, аз жазған, бірақ саз жазған жазушы. Бірінен соң бірін топырлатып, бірнеше роман туғызуды әдет­ке айналдырмады. Дилогия, три­логия деп айдар тағып, про­залық жинақтарын егіздетіп, үшемдетіп ұсынатын үрдістерге де онша қызықпады. Роман түгілі әңгімелері мен повестері де, пьесалары да салыстырмалы түрде алсақ, соншалықты көп емес. Бірақ жазғанының бәрі оқылды. Сол баяғыда май шамның жары­ғы­мен миына сіңірген жұрттың зердесінен бүгін де өше қойған жоқ. Себебі сапаға жете көңіл бөлді. Саясаттың салқыны тимеген, уақыттың кез келген сынына төтеп беретін шығармалар туын­да­туға тырысты. Ол «шы­ғар­­ма­шылық шеберлік» пен «шы­­ғар­­­мадағы шынайылық» деген ұғым­­­дардың арасын ешқашан ал­шақ­­татқан емес.

Сондықтан «Сафуан сөзі» және «Шаймерденов шындығы» деген түсініктер де әлі күнге де­­йін үнемі қатар қолданылып ке­леді.

Ақырып теңдік сұраған

«Қазақта «көзсіз ерлік» дей­тін сөз айшығы бар: алды-артына қарамайтын ерен батыр­лық­тың үлгісі. Көзсіз ерлік көзсіз­дік­тен туады екен ғой шынында да».

 Сафуан Шаймерденов

 

Сафуан ағаның өзінің болмыс-біті­мі туралы жазбаларының бі­рін­де мынадай жолдар кезде­се­ді: «Несін жасырайын, мен, тегі, қа­пияда тауып сөйлейтіндердің қа­тарына жатпайтын болсам керек. Менің қайтарар жауабым көбінесе келесі күні барып ойыма оралады. Содан ба, бір кезде «Бе­ріл­мей қалған жауаптар» атты кітап жазуды да жоспарлағаным бар». Әрине, адамның табиғатын сол пенденің өзінен артық ешкім біле қоймас. Бірақ біздіңше, су­рет­кер Сафуанның ойына орал­ған семсер сөзді дер кезінде қол­дана білген кездері жеткілікті. Мә­селен, ол – әйгілі Желтоқсан оқи­ғасынан кейін Жазушылар ода­ғына келген Колбинге қай­мықпай қарсы тұрып, сескенбей сөйлеп, жастарға араша түскен санаулы қаламгердің бірі. Өзі айтқандай, нағыз көзсіз ерліктің – «алды-артына қарамайтын ерен батырлықтың» үлгісін көрсеткен айбарлы азамат.

Мұхтар Әуезовтің Мәс­кеу­ ауру­­ханасынан жазып, Есмағамбет Ысмайыловқа жол­дап­­ты делі­не­тін хатында төрт жас жазушының есімі аталады: Тахауи Ақтанов, Сафуан Шай­мер­денов, Әбді­жәміл Нұр­пейісов және Зейнолла Қабдолов... Осыған орай, Қабдеш Жұмаділов: «Жоғарыдағы хат әлгі атал­ған қаламгерлерге ұлы жазушы беріп кеткен ман­дат сияқты болды. Көп жылға де­йін олардың өздері де, басқа жұрт­шы­лық та солай түсініп келді», – деп пі­кірін біл­дір­ді. Қалай бол­ғанда да, жас Сафуан­ның Әуе­зовтей тұғырлы тұл­ға­ның назарына ілінуі бар жақсылықтың басы еді. Мұхаңның батасын алған төрт қаламгердің қай-қай­сы­сының да тұлпары алысқа шапты.

Өмірдегі Сафуанның ұста­ны­мы шығармаларындағы кейіп­кер­лердің тек табиғатымен өзек­тес болды. Адами қасиеттер оған алдымен әкесінен дарыды. Ол кісі ұлын адалдыққа, үлкенді қадірлей білуге баулыды. Әйгілі Сәбеңмен, әдебиет алыбы Сәбит Мұқановпен аралас-құраластығы бар Шаймерден перзентіне: «Балам, қанша өсіп кеттім десең де, Мықановты («Мұқанов» демейді) сыйлап жүр» депті. Сол қағидаға беріктік танытқан Сафуан тек әкесі тапсырғандай, «Мықановты» ғана емес, өзіне өнеге болған бүкіл ағасын төбе­сі­не көтерді. Бір кезде Мем­лекеттік сыйлыққа қолын жет­кіз­ген кітабының «Ағалардың ала­қаны» деп аталғаны да тегін­нен-тегін емес.

Ағалары түгілі інілерінің де алдынан кесе өтпей, әдеп сақтап жүрсе де, өзін кім-көрінгеннің басынуына жол берген жоқ. Он­дайларды дер кезінде тиып тастап отырды. Бұл турасында «Алшымның әманда оңынан түсе бермейтінін мен өзім жақсы білемін. Алшым оңынан түспей­ді деп қайғыра береміз бе, ең болмаса, ақыңды өстіп сөзден жібермеуің керек қой...» деп ой толғайды.

Сафуан Шаймерденов – қазақ топы­рағында өгей шешеге көр­кем шығарма арнаған жазу­шы­ның бірі. Бәлкім, жалғыз қаламгер болар. Сол Бейіс атты өгей шеше мұның туған анасын жоқтатпаған. Ересек балалардан таяқ жесе, арнайы барып ара түскен. Өзіне тиесілі тағамды үнемі бала Сафуанның аузына тосқан. Адалдықтан аттамаған, ұят деген ұғымды ұлы қасиет ретінде қастерлеген. Бірде ол Бейісті төлқұжат алу үшін сурет­ке түсуге ертіп барады. Талап бо­­йынша, жалаңбас отыруы керек. Бірақ Бейіс бұған өлсе көне ме?! Жазушы осы күрделі сәтті былайша бейнелейді: «Ательеде фотограф үшеуміз болсақ та, шешем жаулығын алғысы келмеді. Үгіт­теуге тура келді. Ұяла­тын­дай қайын ата, қайын аға де­ген­­дердің жоқтығы айтылды. Шешем жаулығын шешті. Дайын тұрған аппарат сырт етті. Осы бір қабақ қағыста шешемнің қара терге шомылып жүре бергенін бай­қадым». Міне, осындай ары­нан ұяла білетін асыл адам қа­лам ұстаған баланың өмірлік көз­қарасын қалыптастырды. Ал мектеп қабырғасында әдебиет пәнінің мұғалімі Ғазиз Әбішев және математика пәнінің оқыту­шы­сы Шияп Садықов деген аяу­лы ұстаздары тәрбиенің тал бесі­гін­де тербетті.

Сафуан аға қаламгер әріп­тес­те­рімен де барынша сый­лас­қан. Сыр өңі­рін­де тұратын Қомшабай Сүйенішовті туған іні­сіндей қа­дір­леген. Әдебие­тіміздің клас­си­гі Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­тің кө­­лігі қай тұста бұзылып қал­са, сол жерге жетіп барып, жөндеп беретін көрінеді. Се­бебі Сафуан – сөз өнеріндегі алып­тар шоғырынан кейін іле-шала машина сатып алып, оны тізгіндеп қана қоймай, тетігін түгендей білген майталман маман. Кешірімшілдігі мен қара­пайымдылығы жағынан да ел-жұртқа үлгі болыпты. Мә­селен, бір кезде «Жалын» жур­на­лы бас редакторының орынбасары қызметінде жүрген Төлен Әб­діковті өр мінезіне бола онша жақтырыңқырамаса да, «Оң қол­ды» оқыған соң райынан қай­тып, талантына бас иіпті...

Сонымен халық жазушы­сы­ның туғанына – жүз жыл. Осынау ғасырлық өлшемнің та­ным-тағылымы мен сынақ-сабақтары қандай дегенде, мынадай қорытындыға келеміз. Заманның қиындығына қара­май, қаламгердің тағдыры жақ­сылыққа толы еді. Оның ғұмыр­на­масы қай кезде де ізгілік қа­сиеттермен ай­шық­­талды. Ал жазған дүние­ле­­рінен үнемі жанға жайлы жылы леп есіп тұрады. Демек, Сафуан ағаның өмірі мен шығар­ма­шы­лы­ғы ешқашан жылы­лық­тан арылмаған екен.

Біздің айтпағымыз – Маркес­тің мәртебесін арттырған Жүз жыл­­дық жалғыздық емес, Са­фуан­­­­ның сынын бұзбаған Жүз жыл­дық жылылық...

Сол Жүз жылдық жылылық әлі де оқырманын аялап келеді.

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ