Елордадағы Сарайшық көпіріндегі ақауларға байланысты жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін жүргізіледі. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Елордадағы Сарайшық көпірінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталар емес. Бұрын көпірде темірбетон плитасында шұңқырлар түріндегі ақаулар табылған еді.
Әкімдік хабарлағандай, автомобиль көпірінің бір бөлігінде жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Осы жылдың 16 қыркүйегінен қазан айының соңына дейін жөндеу жұмыстары көпірдің екінші жағында жүргізіледі. Осыған байланысты Р.Қошқарбаев даңғылынан бастап Мәңгілік Ел даңғылы мен Сарайшық көшесінің қиылысындағы көлік айырымына дейінгі учаскеде автокөлік құралдары үшін қозғалыс ішінара жабылады», делінген хабарламада.
Айта кету керек, көпірде екі бағытта да қозғалыс сақталған.
Еске сала кетсек, Сарайшық көпіріне жөндеу жұмыстары 12 жыл бұрын жүргізілген. Осы уақыт ішінде көлік ағыны да ұлғайып, көпірде жарықтар мен шұңқырлар пайда болды.
Соңғы жылдары елордада 400-ден астам жол жөнделіп, салынды.