Кәсіпқой бокс әлемінде трилогия түгілі, төрт мәрте шаршы алаңда өзара кім мықтыны анықтаған былғары қолғап шеберлері бар. Мәселен, сегіз салмақта топ жарған филиппиндік Мэнни Пакьяо мен Хуан Мануэль Маркес арасындағы төрт шайқастың екеуінде Мэнни басым түссе, бір кездесуде Маркестің мерейі үстем болған. Ал тағы бір жекпе-жекте тең нәтиже тіркелген еді...
«Аталардың атаманы» атанған Сауль Альвареске қарсы шаршы алаңға үшінші рет көтерілетін Геннадий Головкин мексикалық боксшыдан айласын асыра алады ма? Мықты боксшылардың жасы келген кезде немесе бабы мен бағы тая бастаған шақта рингке шығуды әдетке айналдырған Сауль Альварес алғашқы екі жекпе-жекте қазақ боксшысынан ауыр соққылар алды. Содан да болса керек, үшінші кездесуді жанкүйерлер төрт жыл бойы тағатсыздана тосты. Головкин жапониялық Риота Муратаны мерзімінен бұрын жеңгенімен, әжептеуір соққылар өткізіп алған еді. Содан да болса керек, Альваресіңіз қазақ оғланын ұрып құлататынына сенімді.
Алғашқы екі шайқас туралы айтылатын аңыз әңгіме аз емес. Бірінші кездесуден кейін «Канелоның» анализінен кленбутерол табылды. Рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек ағзасына кездейсоқ түскенін, бәріне ет кінәлі екенін айтып ақталған «сауын сиыр» жазадан оңай құтылды. Бокс ұйымдары үшін де, басқалар үшін де Альваресті ұзақ мерзімге жазалау тиімсіз еді. Сонымен, сәл кешігіңкіреп екінші жекпе-жек өтті. Төрешілердің басым даусымен мексикалық боксшы жеңіске жетті. Бірақ, бұл екі кездесуде Головкин жеңілмеді дегенді жанкүйерлер емес, кәсіпқой мамандар айтып жатты. Кереуеттегі сарапшылардың емес, әйгілі бапкер Тедди Атластың өзі солай деді.
«Қашаннан бері джеб соққысы есептелмейтін болған. Екі шайқаста да Геннадий Головкин басым түсті», деп дүрсе қоя берді ол. Алғашқы кездесуде шегіне жүріп, реті келген кезде контрпанчер ретінде инфайтта соққыларын жұмсаған Альваресті расында да тең түсті деу қисынсыздау көрінеді. Ал екінші жекпе-жекте агрессия қосқаны рас. Бірақ, тағы да басым түсті дей алмайсыз.
Трилогияға қатысты талай боксшылардың пікірін тыңдап жүрміз. Көпшілігі жас әрі жылдам болғандықтан Сауль Альварестің басым түсу мүмкіндігі мол дегенді алға тартады. Екінші бір боксшылар соққысы мығым Головкиннің жеңіске жетуі мүмкін екенін айтады. Кейбір мамандар Головкиннің аутфайтер ретінде жұдырықтасқанын жөн көреді. Яғни, арақашықтықты сақтай отырып, қарсыласының дегбірін қашырғанын қалайды. Ал, букмекерлік кеңселер Альварестің жеңісіне сенімді...
Біздіңше, үшінші жекпе-жекте Головкинге барын салуға тура келеді. Біріншіден, қазақ оғланы өзін инфайтер ретінде де, аутфайтер ретінде де көрсетуі тиіс. Жақын қашықтықты жойқын соққыларды дарытып, алыс қашықтыққа өткені ләзім секілді. Ал сол қол үнемі қимылда болуы, өзі рингті айналып жүріп бокстасқаны жөн. Біздіңше болғанда мұндай пікірді біз емес, былғары қолғап киіп жүрген боксшылар да айтып жүр. Бірақ, 40 жастағы боксшының оған төзімі жете ме дегенді тілге тиек ететіндер аз емес. Қарсыласты нокаутқа түсірем деу - бос әурешілік. Екі боксшыда 24 раунд болды. Бір-бірін шындап теңселте алмады. Сондықтан қорғаныста сауатты бокстасқан жөн. Головкиннің бапкері Джонатан Бэнкс қандай стратегия құрып шығатыны белгісіз. Бір анығы, Головкин қажетсіз соққыларды қабылдамауы керек.
Бұл шайқасқа қатысты болжам айту қиын. Екеуі бір-біріне әбден лайық қарсылас. Кімнің командасының стратегиясы мықты болады, сол жеңеді. Ал біз Головкин жиырма бесінші раундтан бастап жекпе-жек тізгінін қолға алғанын қалаймыз. Төбелесті ысырып қойып, Дмитрий Бивол секілді бокстасса дейміз... Қысқасы, Головкинге жеңіс ауадай қажет. Жеңіске жетіп жатса, төртінші кездесу өтуі де ықтимал.