• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Әлем 18 Қыркүйек, 2022

Ұлыбритания мен Брюссель бір шешімге келе алмады

394 рет
көрсетілді

Ұлыбритания Солтүстік Ирландияға тауарларын шекаралық бақылаусыз өткізуді жалғастырып жатыр. Бұл біржақты қабылданған ереже Еуроодақтың «ашуын» туғызуы мүмкін. Алайда сарапшылар патшайымның өлімі екі ел көшбасшысын татуластыруға көмектеседі деп үміттенеді.

Ұлыбритания Солтүстік Ирландияға тасымалдайтын ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да тауарларын шекарадан еркін өткізу туралы біржақты шешім қабылдады. Біріккен Корольдік сонымен қатар ЕО бағдарламасының жұмыс тобын, Brexit-ті іске асыру жөніндегі ресми форум өкілдерін осы аптада жи­налуын сұрап отыр. The Guardian басылымының мәліметінше жиында Ұлыбританияның HorizonEurope флагмандық ғылы­ми қорынан шығарылуын талқы­лауды ұсынған. Сарап­шылар «бұл Солтүстік Ирлан­дияға қатысты 16-бап­қа қо­сым­ша әрекеттер жария­ла­на­тынының белгісі немесе Ұлы­британияның келіссөз­дерді қайта бастауға ресми түрде дайын екендігін көрсетеді» деген пікірде.

Ал Еурокомиссияның өкілі Ұлыбританияның басқосу туралы ұсынысын қаперге алғанын, алайда нақты жауап бере алмайтынын мәлімдеді. Еуропалық Одақ пен Ирландияның көш­бас­шылары патшайымның қаза­сы және Ұлыбритания премьер-министрі Лиз Трасс пен АҚШ президенті Джо Байден арасында осы аптада болуы ықтимал кездесу екі ел арасындағы келіспеушіліктерді жойып, мәмілеге келеді деп үміттенеді. Даунинг-стрит бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасамайды, өйткені саяси іс-шаралар патшайымның 10 күндік аза тұту кезеңінде тоқтатылды.

Ұлыбритания Солтүстік Ир­лан­диядағы біржақты әре­кеті Брюссельмен ұзаққа со­зыл­ған дауды шешуге қажетті қадам деп санайды. Қазір Ұлыбританиядан келіп жатқан ауыл­шаруашылық өнімдері, соның ішінде шұжық, да­йын тағамдар және сүт өнім­дері Солтүстік Ирландия дүкендеріне ЕО стандарттарына сәйкестігін тексерусіз жет­кізіліп жатыр. Ал Брюссель болса «Ұлыбританияның бұл іс-әрекетін толық бағдарлап, баға­ламайынша жауап бер­мейді», дейді сарапшылар.

Сарапшылар Патшайым ІІ Елизаветаның өлімінен туындаған саяси риториканың болмауы жерлеу рәсімінің шең­берінде Байденмен кезде­судің реті қиынға соғып, осы аптада АҚШ-та Лиз Трасспен ықтимал екіжақты кездесуге кедергі келтіруі мүмкін еке­нін айтады. Брюссельден Еуроодаққа хат Еуропалық комиссия Лон­донды тауарларды Солтүстік Ирландияға тасы­малдау кезінде кедендік және тәуекелді бақылау талап­тарын сақтамады деп айып­тап, төрт құқық бұзушылық ісін бастағаннан кейін екі ай өт­кен соң келіп отыр. Ол сондай-ақ Ұлыбританияны алкогольге қатысты салық ережелерін сақтамады деп айыптады. Брюссельдің төрт даулы мәселе­сі өткен айда түсірген үш сот процесімен жалғасты. Алғашқы сот ісі 2021 жылдың наурыз айын­да басталды, бұрынғы Brexit министрі Лорд Фрост бірінші рет ауылшаруашылық өнімдері мен басқа да тауарларға Brexit тексерулерін біржақты тоқ­татты. «Брюссель енді сот ісін одан әрі жалғастырады деп күтілу­де, бірақ ол Ұлыбритания секіл­ді келіссөздер арқылы шешім табу үшін екі жақты көзқа­расты ұстанады», дейді сарапшылар.

Бұған дейін Германия мен Ирландия бірлескен мәлімдеме жасап, Ұлыбританияны Brexit келісімінің Солтүстік Ирлан­дия бөлігінен бас тартуға тырыс­қаны үшін қатты сынға алған еді. Екі елдің сыртқы істер министрлері атынан жасал­ған мәлімдемеде мұн­дай өзгеріс­тердің «заңды неме­се саяси негіздемесі жоқ» де­лін­ген. Негізі Ұлыбри­тания мен ЕО 2019 жылы Сол­түстік Ирландияның мәрте­бесі туралы хаттамаға қол қойған. Содан кейін тараптар Солтүстік Ирландия мен Ир­ландия арасында бұрын­ғы­дай, Ұлыбританиядан айырма­шы­лығы, кедендік шекара бол­майды деп келісті. Бірақ осы жағдайға байланысты көп ұзамай келіспеушіліктер туындай бастады. Өткен жылы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон тауарлардың кейбір түрлеріне қатысты дауларға қатысты келісімнің бір бөлі­гін тоқтатамыз деп сес көр­сет­кен еді. Маусым айында Ұлы­британия Сыртқы істер ми­нистрлігі көптеген тауар­лар­дың ЕО мен Солтүстік Ирлан­дия арасындағы шекарадан қалыпты кедендік талаптарға сәйкес өтуін талап ететін хаттамаға түзетулер жобасын жариялады. Ал одан соң Ұлыбританияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Лиз Трасс хаттаманың кейбір ере­же­­лерін түзету қажеттігін мә­лім­­деді. Осылайша, даулы мә­се­­леге әлі нүкте қойылмай келеді.