Елдер ынтымағы – халықтар ырысы
Қазақстан соңғы 80 жыл бойына ықпалдасу үдерістеріне жақындаумен келсе, қазіргі кездері күнделікті интеграциялық үдерістерге қатысып жатыр. Соның ішінде елімізге әлемнің қызығушылығы соңғы жылдары еселеп артып отыр. Біздің экономикалық құрылымның өзі әлемге барынша қызықты. Расында, Қазақстан сыртқы сұраныстарға көп жағдайда тәуелді. Бізбен тіпті Тынық мұхитының шағын елдері қарым-қатынас орнатқысы келеді, келіп зерттеп те жатыр. Басқасын қойыңыз, жылқы еті қазақтың сүйікті асы екенін білгендіктен Парагвай, Уругвайдан жылқы еті келе бастады. Қазір әлемде «сауда соғысы» жүріп жатыр. Мұндай жағдайда Қазақстанның нақты өзіндік ұстанымы болып, жаңа экономиканы құруы аса маңызды шара болмақ. Ал жаңа экономиканы кіммен бірігіп құруға болады? Бұл одан бетер маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі интеграцияның Қазақстан үшін аса қолайлылығы мен оңтайлылығы күмәнсіз. Жуырда Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде еуразиялық интеграция тақырыбында дәріс оқыды. Аталған идеяның алдағы уақытта ауқымды жобаға айналатынын атап өткен Елбасы 2050 жылға дейін ЕАЭО-ны әлемдегі интеграциялық бірлестіктердің үздік үштігіне енгізуге шақырды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Кеден одағы құрылған уақыттан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық өскен. Мәселен, 2009 жылы экономикаға құйылған инвестиция көлемі 1,8 млрд. доллар болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,4 млрд. долларға жетті. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 34 пайызға өсіп, 28 млрд. долларды құраған. Жаңа интеграциялық бірлестіктер отандық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндіктер туғызып отыр. Атап айтарлығы, Қазақстан қазіргі кезде сыртқы нарықтарға 700-ден астам тауарлар шығарып, сатуда. Соңғы екі жылда қазақстандық тауарлардың Ресейдің нарығына көптеп шығарылып жатқанын байқап отырмыз. Олардың қатарында сүт, ұн, күріш, құрғақ жемістер, макарон өнімдері, кәмпиттер және т.б. бар. Мысалы, Алматы желдеткіштер зауыты, Кентау трансформатор зауыты өз өнімдерін Ресейге жөнелтуде. Атап айтарлығы, ішкі сұраныстың аздығынан Қазақстанда іске қосылған жаңа инновациялық кәсіпорындар толық қуатымен жұмыс істемей тұр. Ал ресейлік нарықтың ашылуы осындай кәсіпорындардың тұтыну нарығын ұлғайту мәселесін шешеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның болашағы – еуразиялық интеграцияда. Ел экономикасына бұл ықпалдастық ауадай қажет. Біз қалай болғанда да халыққа қажетті тауарлардың барлығын шығара алмаймыз. Қазір әлемде интеграция, экономикалық одаққа бірігу үдерістері жүріп жатыр. Бұл қалыпты жағдай. Бұдан ешбір елдің, соның ішінде Қазақстанның да егемендігіне нұқсан келмейді. Бәрімізге белгілі, Қазақстан бидай экспорты жағынан әлемде көшбасшы ел. Әсіресе, ұн өнімдерін әзірлеуге таптырмайтын жоғары сұрыпты бидайды Еуропа елдері Торғай өңірінен арнайы сатып алып жатады. Ал қалыптасқан әлемдік сауда жүйесінің заңдылығына сүйенсек, бидай саудалауда бізге бәсекелес елдер Украина мен Ресей ғана екен. Жерінде бір түйір бидай өспейтін Египет, Тунис, Мысыр мемлекеттері секілді тұтынушыларға біздер бидайдың өзін көрші елдермен бірлесе отырып сатуымыз керек. Өйткені, өткен жылы әлемдік сауда биржасында бір ғана Египет мемлекеті ә, дегенде бірден 65 мың тонналық құраммен бидай жеткізіп беруге талап қойды. Жоғары сұрыпты бидай өндіруде әлем бойынша біріншіліктеміз дейтін біздің елдің әлеуеті мұндай талапқа сай болмай шықты. Яғни ендігі жерде бидай саудалау ісін Ресеймен бірлесу арқылы жүзеге асырсақ, бұл істен ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Жалпы, экспорттың жалпы көлемі бойынша ірі, орта, ұсақ тауарларды жеткізушілерді әрқалай бөлуге болады. Әртүрлі бағытта шетке шығару Ресей экономикасын қалыпты жағдайдан өзгертеді. Бұған өндірістік топтар мен өнеркәсіптік кешендерінің тигізер ықпалы зор. Тасымалдау арқылы Екібастұз көмірін Троицк ГРЭС-іне, темір рудасын Оралдың қара металлургия зауытына, тағы басқаларға апаруға болады. Өзінің ерекшелігіне сәйкес Ресейдің ішкі нарығына кіру үшін Қазақстанның ет өндіруі мен жеткізуі қалыпқа келе бастады. Аймақтардың жоғары сұранысына орай бидайдың жоғары сорттарын, сапалы кеспе өнімдерін, тағы басқаларын өндіру молая түсті. Шетке шығару жағынан басқа да өндірушілердің ағымдағы қозғалысын анық байқайтын Ресей сұранысы ерекше. Кемінде 200 түрлі немесе режімдік 25 пайыз Қазақстан өнімдерін реэкспортпен апаруға болады. Бұлардың бәрі телефон аппараттары, сіріңке тұтандырмалары, жаңбырдан қорғағыштар, дәмдеуіштер тікелей жүк автокөліктеріне қатысты. Бұл үлкен есеп бойынша әлемдік тәжірибе. Кейбір елдер шығаратын тауарын көршілес елдердің ішкі сұранысы бойынша мөлшерлейді. Қазақстан тауар өнімдерін осылайша Орталық Азия, Ресей, Кавказға жеткізеді. Басқа мемлекеттерден де өздерінікіне ұқсастығы бар транзиттік тауарларды осылай әкелдіреді. Ресейден шәй, кофе, банан, пальма майы, автокөліктер, тағы басқа да тауарлар жеткізіледі. Қалаулы өнімдер толығымен жалпы көлемімен ішкі тауарларға есептелінеді. Мұндай тауарлар жеткізіп берілуімен және әкетілуімен бағаланады. Ресей жеткізушілеріне талдама жасауға біз кейіндеп ораламыз. Дәл қазіргі уақытта көңілді мынаған аударамыз. Қазақстан нарығында Ресей жеткізушілері тауарларының көбеюіне тұтынушылар жағы шек қоймайды. Сатып алушылар өз тараптарынан еркін. Оларға ананы аласың, мынаны аласың деп ешкім жүктеме жасай алмайды. Жеткізіп беру мен жеткізіп алудың шектен шығып бара жатқан жері жоқ. Белгіленген тауарлар міндетті түрде сатылып алынады. Жеткізушілер оларды бәрібір толық құнымен есептейді. Жеткізушілер арқылы әкелінген тауарлар қоймалардағыны артығымен толықтыра түседі. Мұнда қажеттіліктен туындаған дұрыс маркетингтік стратегия, мұқият қарастырылған сұраныс нарықты қамтамасыз етті. Халықаралық саудада тұтынушылар өздерінің сұраныстарын қанағаттандыратын өнімдер алады. Оларға керектілері нақтыланып, есептелініп қойылған. Жеткізушілердің географиясын кеңейтуге мүмкіндіктеріне қарай, сапасы мен бағасына қарай олар өздері таңдау жасайды. Игілікті интенсивті ішкі саудаға қазақстандықтар жаңа шыққан кез келген азық-түлік өнімдерімен жылдың немесе айдың ішінде кіруіне болады. Олардың ұқсас өнімдерін басқа елдердің тұтынушылары пайдалана алады. Оның бәрі де адам баласының өсіп отырған сұраныстары үшін. Басқа елдердің азаматтарына да солай. Таңданарлығы, осы бір күрделі, көлемді міндеттерді шешуде көптеген қиындықтар кездеседі. Осы жүйеге өз еріктерімен кірген қатынасушылар көздеген мақсаттарына да жетеді. Қажеттілікке қарай өзара тәжірибе алмасу, ақпарат жинақтау – мұның бәрі интеграция тетіктерін арттыруға ықпалын тигізеді. Осы жұмыстардың бәрі де уақытша. Ең бастысы, бизнес пен кәсіпкерлік экономикалық кеңістікті кеңейтуге толық мүмкіндік алады. Тұтынушылар өнімдердің көлемді де көп түрлеріне кіре алады. Өзара ынтымақтастық болған жерде, өзара түсіністік те болады. Енді аз-кем есеп-қисапқа тоқталып, нақты экономикалық есептеулерге назар салсақ. 2013 жылы Қазақстан Ресей нарығына сомасы 5,8 млрд. долларда жалпы салмағы 53,6 млн. тонна 674 түрлі өнім жеткізіп берді. Сондай-ақ, экспортқа көп мөлшерде, мәселен, көмір – 26,3 млн.т., темір кені – 9,1 млн.т., газдар – 7,2 млн.т., хром кені – 1,1 млн.т., глинозем – 1,1 млн.т., бидай – 1,06 млн.т., прокат – 863,4 мың т., марганец кені – 676,2 мың т., күкірт – 585,1 мың т., жұмыр тас, қиыршық тас – 554,2 мың т., кварц – 446,5 мың т., Ресей тұтынушыларына 3,75 млрд. кВтсағат электрэнергиясы жеткізілді. Осы деректердің өзінен-ақ ойлы көкірек біраз жайды аңғарар. Ресейге шығатын тауарлы өнімдер, құрал-саймандар, азық-түлік, түрлі бұйымдар да аз емес. Ресейге экспорттау есебінен 5806,5 млн. доллар сомасы көлемінде пайда келтірген өнімдер қатарында темір кені, көмір, уран, глинозем, бидай, газ, мыс кені, марганец кені, кварц, қымбат металдар, мақта, мұнай т.б. атаймыз. Олардың жалпы жиыны жетпіске жуықтайды. Бүгінде қалыптасқан дәстүрлі тауарларға қосымша жаңа өнімдер пайда болуда. Жаңа құрылған өндіріс орындарында олар іске асырылуда. Ішкі нарыққа импорттық тауарлар қойылуда. Қазақстанда сонымен бірге ұн өнімдері, кеспелер түрі, кондитерлік өнімдер, шоколад, йогурт, өсімдік майлары, гүлдер, тағы басқалар шығарылуда. Бұлардың бірден экспорттық ассортименттер екені белгілі болды. Бәрінен бұрын атап өтер болсақ, өзара саудаластық дегеніміз – шынында да өзара түсіністік. Өзіміздің шекараларымыздың шегін есепке ала отырып, одан көреріміз, батыс аймақтардың тауарларын алып жатқаны. Ал, солтүстік пен шығыс аймақтардан отандық өндірушілер ұқсастығы бар тауарларын Ресей нарығының аймақтарына қоюда. Бұл қолайлы, жақын әрі арзан, тасымалдауда да кідіріс болмайды. Әрбір ел өздерінің тауарларын экспорттауда. Олардың мақсаттары сыртқа шығару. Олар ішкі нарықтың есебінен импорттарын толықтыруда. Сонымен ішкі сұраныстарын немесе жетпей жүргендерінің көлемін жабады. Қазақстанда белсенді құрылыстар жүруде. Цементке деген сұраныс өсті. Отандық өндірушілеріміз ішкі нарықтың 80-90 пайызын атап, ал Ресейден әкетіліп жүрген қосымша көлемді жаба білді. Ұқсас жағдайлардағы импортта сымтемірлер, арматуралар, каустикалық содалар, түрлі деңгейдегі қышқылдар, тағы басқа көптеген өнімдер бар. Өз кезегінде ресейліктер Қазақстаннан қажетті тауарларын тоқтаусыз алып тұрады. Қазақстан еурокеңістікке кіргенімен, басқа елдерге есігі ашық болады. Еліміздің өз өнімдерін шығарып, сатуы үшін сыртқы нарық керек. Ол үшін, әрине, алдымен көрші елдермен сауда қарым-қатынасын жасауымыз қажет. Бүгіннің өзінде Қазақстан Ресейдің 12 өңірімен тығыз байланыста. Біздің мақсатымыз жаhандану үдерістерін, оның заңдылықтарын халыққа түсіндіру. Біріншіден, Қазақстан бұдан ешқашан да ұтылмайды. Бізге интеграция ауадай қажет. Жабық экономика деген жоқ бүгінде. Қазақстан үшін жалғыз жол – ашық экономика саясатын ұстану. Рахман АЛШАНОВ, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ. Бірлескен берік байламдар Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы арқасында еліміздегі және Ресей Федерациясындағы көмір өндірісі ошағы саналатын Қарағанды мен Кемеров облыстары арасында екіжақты шаруашылық байланыстар жандана түскелі отыр. Бұл өңірлерге кезінде үзіліп қалған қарым-қатынасты қайта қалыпқа келтіріп, орнықтыруға бұрынғыдан гөрі кең мүмкіндіктер бар. Солардың бірі ретінде шахталар қабаттарындағы метан газын игілікке жарату бағытында іс-ізденістерді бірлесіп жүргізіп, жүзеге асыруға арналған шараларды атауға болады. Осы мәселемен бірнеше жылдан бері айналысушы қарағандылық ғалымдар мен мамандардың үлкен тобы жақында аталған аймақтың көмір өндіру кәсіпорындарында болып, әріптестер тәжірибесімен танысып, экономикалық тиімділігі ұшан-теңіз отын көзін пайдаға асыру жөнінде ой бөлісті. Бұл жайды көптен зерттеуші және шешімін табуға ұйытқы болушы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры Николай Дридждің бағамдауы бойынша, кемеровтықтардан үйренерлік үлгілі үрдістер аз емес екен. Метан газын өнеркәсіптік негізде пайдалануды ынталандыру мақсатында жасалған қолайлы жағдайлар назар аудартарлық көрінеді. Мәселен, бұған заңдылық тетіктер мүмкіндік береді. Соның ішінде көмір қабаттарындағы метанды бөлек пайдалы қазба ретінде өндіруге болатын болса, сонымен бірге бұл үшін салық салынбайды. Осы істі бастаушы «Газпромдобыча Кузнецк» АҚ қадамы метанды энергетикалық отынның мол әрі арзан көзіне айналдыруға жағдай туғызып келеді. Өңір шахталары көмір қабаттарында 70 млрд. текше метр қоры болуы ұмтылысты тіпті күшейткен. Оны алу сондай-ақ, кен жұмыстарының қауіпсіздігі артуын, көмір қалдықтарының, газ тектес құбылыстардың пайда болуы азаюын байқатуда. Ал Қарағандыдағы қоры 1,66 трлн. текше метрден асуы анықталып отырғанда көрші салалас кәсіпорындар ізденісінен қалыс қалмауға құлшыныс сапардың басты сабағы да, түйіні де болды. Дүниежүзілік энергия балансындағы көмірсутекті отынның үлесі таяу жылдарда 30 пайызды құрауы мүмкін деп болжанған шақта ортақ мақсат жолындағы интеграциялық байланысты тереңдетуге, өзара инвестициялық көмекті ұлғайтуға мүдделестік кеңіді. «Арглабиннің» жаңа жолы Өнімдерді өткізуге кеңістіктің кеңеюуі облыстағы «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингке де өте пайдалы болуда. Жергілікті табиғи өсімдіктерден дәрі-дәрмектің 70 түрін шығаратын отандық фармацевтика көшбасшысы құрылымының күш-қабілеті жылдан-жылға артуына, әсіресе, еуразиялық интеграцияның ықпалы тиіп отыр. Аталған холдингтің басқарма төрағасы Серғазы Әдекеновтің ризалықпен айтуынша, өз өнімдерінің басым бөлігі бүгінде Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасы тұтынушыларына жіберіледі. Мысал үшін, бұрнағы жылға дейін алысқа танымал «Арглабин» препараты 200 мың данаға жуық көлемде дайындалып келсе, бұдан былай қарай өндірілуі 3 есе өскелі тұр. Бұған дейінгі кедергілердің шектелуі, өтімділігіне елеулі мүмкіндік туғызылуы, тасымалдаудың жеңілдеуі мен жеделдеуі істі ширатуға ұмтылдыра түскен. Пайдасы мол жаңа жолға байланысты өндіріс әлеуетін көтеру назардан тыс қалмауда. Алдағы жылы фармацевтикалық зауыттың 3-кезегінің құрылысы аяқталуға тиіс. Онда орнатылып жатқан тиісті қондырғылардың біразы ресейлік, белорустық медицина өндірісінің заттары. Бұл қосымша буын дәрі-дәрмек өндіруді 5 есеге дейін ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұрын ішкі рынок сұранымымен шектеліп келінсе, енді сәті одан сайын жанып, Қарағанды дәрісі атағы жайыла түспек. Қатерлі ісік ауруларына қарсы қолданылатын препараттарды дайындаудағы жетістіктерімен танымал холдинг Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің мүдделес мамандарымен бірлескен ғылыми зерттеуді жандандыруға да ұйытқы танытуда. Табиғи гетероциклдік және изопреноидтық қосылыстардың химиясы саласында іргелі және қолданбалы зерттеулердің қазіргі жағдайын талдап, жаңа биологиялық белсенді заттарды іздеуді, бірегей дәрілік препараттар жасау жұмысын саралауға арналған Қарағандыда өткен конференцияға Ресей, Беларусь, Қазақстан ғылым академияларының 10 академигі, 6 корреспондент мүшесі, басқа да білікті онколог ғалымдары мен дәрігерлер қатысуы соған тағы бір жол салды. Кеңес қорытындысында мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол қойылды. Ресей мен Белоруссияға сатылған дәрі өнімдері сапасы мен көлеміне үзбей сараптама жасалып отырылады. Бәсекеде ұтысқа шығуға тапқырлық танытуға тырысылады. Отандық фармацевтика өнеркәсібі тынысына тың дем беруші мүмкіндікті пайдалы қолдануға, интеграциялық үдерістер талабына сай болуға мақсаттылық холдинг бас технологі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қорлан Итжанова айтқандай, экономикалық байланыстарға берік тірек қалауда. Иә, істің көзі табылғанға не жетсін. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.Кәсіпкерлік көкжиегі кеңіді
Осы кезге дейінгі Кеден одағының, енді, міне, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы шекаралас облыстар кәсіпкерлерінің өрісін кеңейте түсуге мол мүмкіндік ашқалы отыр. Мұны атыраулық кәсіпкерлер, әсіресе, бәсекелестікке төтеп беретіндей сапалы тауар өндірушілер қуаттап отыр. Сондай сапалы өнімімен көршілес елге шығарылатын өнімнің бірі – Құрманғазы ауданындағы «КаспийБалық» өндірістік кооперативі өндіретін балық түрлері. Кооперативтің атқарушы директоры Жұмажан Шакуповтың айтуынша, өткен жылы 4 мың тонна балық ауланып, оның 70 пайызы шетел нарығына экспортталған. Кооперативтегі екі балық өңдеу зауытынан 28 түрлі өнім шығарылады. Соның ішінде, шортан уылдырығы, қақталған жайын еті мен ысталған майда балықтарға Ресей, Балтық жағалауы елдері мен Грузиядан да сұраныс көптеп түседі екен. Бұл кооператив негізінен балық түрлерін Қиғаш өзенінен аулайды. Осы өзен бойын мекен еткен ауылдардан 300-ге жуық адамға жұмыс тауып отыр. Кооператив жұмысы жанданған сайын оның өңірге, қала берді мемлекет қазынасына түсіретін пайдасы да артып келеді. «Бұған шекарадағы түрлі кедендік рәсімдеулердің оңтайландырылуы үлкен септігін тигізіп отыр», дейді өндірістік кооперативтің атқарушы директоры Жұмажан Шакупов. Осы өндірістік кооперативтің балық өнімдерін сатып алатын ресейлік кәсіпкердің бірі Құрмет Мұсағұтова. Ол өткен жылы «КаспийБалық» өндірістік кооперативінен 15 миллион теңгенің тауарын сатып алыпты. Енді ағымдағы жылы сұраныстың көп болуына орай, балық өніміне тапсырысты үш есеге дейін өсіріп отыр. «Біз Қазақстаннан алған тауарларымызды Барнаул, Екатеринбург, Мәскеу мен Санкт-Петербургке дейін саудалаймыз. Өйткені, қазақстандық балық өнімдерінің сапасы өте жоғары. Біз Қазақстанда шығарылған сапалы өнім арқылы өрісімізді кеңейтіп отырмыз», дейді астрахандық кәсіпкер. Екі ел арасындағы сауда айналымы көлемін арттыруға ресейлік кәсіпорындар да атсалысып келеді. Астрахан облысындағы май және ерітілген ірімшік шығаратын зауыттың өнімдері Атырауда да үлкен сұранысқа иелігін жоғалтқан жоқ. Бұл зауытта сүт өнімдерінің оннан аса түрін шығару тұрақты жолға қойылыпты. Қазіргі уақытта айына шығарылатын 200 тонна өнімнің 20 пайызын атыраулық кәсіпкерлер көтерме бағамен сатып алады. Зауыт директорының орынбасары Татьяна Букаринаның айтуынша, алдағы уақытта ресейлік кәсіпорын Атырауда сауда нүктелерін ашуды жоспарлап отыр. Бұл, әрине, біріншіден, өнімді тұтынушыға делдалсыз сатуға, екіншіден, бағаның арзандауына жол ашады. Қазақстан-Ресей кәсіпкерлері өрісін бір-бірімен тауар алмасу арқылы кеңейтіп жатыр. Ал бұл еларалық интеграциялық байланысты ғана емес, сонымен бірге, инвестиция алмасуды өрістетуге ықпал етіп отыр. Ресей капиталы біздің елдің, ал Қазақстан капиталы көршілес елдің экономикасын өркендетуге бағытталуда. Астрахан облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Денис Афанасьевтің мәлім етуінше, Астрахан облысының экономикасына 20-ға жуық қазақстандық компания инвестиция құйыпты. Қазір шекараның арғы бетіндегі көрші облыс экономикасының әр саласында өз жұмысын дөңгелеткен қазақстандық кәсіпорындардың ішінде ірілері де бар. «Түрлі кедендік кедергілердің жойылуы, іс жүзінде екі ел экономикасының, бизнестің дамуына мол мүкіндік ашты. Енді Еуразиялық экономикалық одақ бұл мүмкіндікті одан әрі жандандыра түседі. Біз бұрын көршілес елдер болсақ, енді тек экономикалық байланысты жаңа қырынан өрістететін сенімді серіктеске, әлеуетті әріптеске айналамыз. Бұл, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік саласының қарқынмен дамуына тың серпін беріп, көкжиегін кеңейте түседі», дейді Астрахан облысының халықаралық және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Денис Афанасьев. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.Дамудың жаңа динамикасы
Жаһанданған заманда интеграцияға ұмтылыстың болуы заңдылық. Шағын мемлекеттерді былай қойғанда, алпауыт елдердің өзі экономика мен саясатта өзіне серік іздейді. Одаққа бірігу, бір жағынан, экономикалық мүддеге байланысты болса, екінші жағынан, қорғанудың бір әдісі іспетті. Себебі, біз континенталды, мұхитқа шығар тура жолы жоқ мемлекетпiз. «Досы көпті жау алмайды» деген нақыл сөз өз маңызын жойған емес. Тарихи деректерге сүйенсек, шекараны біржола ашып тастап, одақ құрған деректер кездеседі. ХІХ ғасырда-ақ Франция мен Монако, Швейцария мен Лихтенштейн арасындағы кедендік одақ жаңа тарихи кезеңдегі зайырлы принциптермен құрылған алғашқы құрылымдардың бірі болып табылады. Ал қазір АҚШ, Мексика, Канада үштігінің NAFTA одағын, Еуропалық одақты, Оңтүстік-Шығысазиялық АСЕАН, Оңтүстік Американың бірқатар елдерін қамтитын Mercosur сияқты бірнеше әлемдік құрылымдарды атауға болады. Осы аталған құрылымдарға мүше-мемлекеттердің қай-қайсысы да әлемдік бәсекеде өз мүддесін қорғау үшін ғана емес, бір-бірінің мүддесін бірлесіп қорғау үшін де біріккен. Кеден одағы да осы мақсатта құрылған. Сондықтан да бүгінгі жаһандану заманында біз кедендік одақтан кете алмаймыз. Кеден одағы түрлі бағыттағы ынтымақтастыққа жол аша отырып, бірлескен өндіріс орындарын құру есебінен одақтас елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етуге мүмкіндік беріп, сыртқы тауарлар экспанциясынан қорғануға жол ашады. Сонымен қатар, елдердегі тауар құны теңестірілген соң, бәсекелестік басталатыны тағы бар. Ал бәсеке бар жерде, сапаның артатыны заңды құбылыс. Мұндай пікірді Ресей, Қазақстан және Беларусь елдерінің экономист-сарапшылары бірауыздан айтуда. Қазір осы бағыттағы зерттеулер нәтижесін шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы – Ресей, Беларусь және Қазақстан үшін БЭК және Кеден одағына бірігудің зардаптарын бағалауға арналса, екіншісі – Украина интеграциялық бірлестікке қосылған уақыттағы оң көрсеткіштер мен зардаптарды ашып көрсетеді. Зерттеу авторлары ТМД кеңістігіндегі ықпалдастыққа қатысты болуы мүмкін алты нұсқаны іріктеп алған. Күні бүгінге дейін Кеден одағының геосаяси маңызына назар аударылмады. Мысалы, бұл күнде Қытайдың экономикалық үстемдігінен қорықпайтын ел жоқ. Көршіні былай қойғанда, алыста жатқан қуатты Еуропа мен АҚШ-та бұл мәселені назардан тыс қалдырмайды. Ресеймен одақтас болу осы Қытайдың Қазақстанға қатысты үстемдігін тежеп, тепе-теңдік сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте Қазақстан өзінің Еуропа мен Қытай арасындағы көпір іспетті екендігін көрсетеді. Ол Ресей аумағы арқылы еркін жүруге арналған дәліз сияқты. Бұл алғышартты орындауда Қазақстанның да сүбелі үлесі бар. «КСРО-ны қайта құру жолындағы одақ» деген де пікір айтылады. Бұл – түбірімен қате айтылған сөз. Себебі, интеграция ешуақытта күшпен жасалған емес, ал КСРО кезінде ешқашан интеграциялық ансамбль болмаған. КСРО күштің, зорлық-зомбылықтың іс-әрекетімен құрылған. Ал күшпен пайда болған нәрсе мәңгі болмайды. Еуразиялық одақ белгілі бір келісімнің, интеграцияның нәтижесінен туындап отыр. Әр мемлекет өз егемендігін сақтап қалады. Ал КСРО-да ондай болған жоқ. Ол одақ мемлекеттерге тәуелсіздік бере алмады. Араларында келісім деген атымен болған жоқ. Бәрі де Мәскеуден басқарылды. Яғни, олар интеграциялық байланыста болмады. Сонымен қатар, Кеден одағында, Біртұтас экономикалық кеңістікте Қазақстан Республикасы мүшелес елдермен салыстырғанда бизнес жүргізу тұрғысынан бірнеше басымдылықтарға ие болуда. Мысалға алатын болсақ, Ресейде қосымша құн салығы 18% құраса, Белоруссияда – 20%, ал біздің елде 12% құрап отыр. Бизнес үшін 6-8% едәуір артықшылық болып табылады. Сондай-ақ, Қазақстанда жеке табыс салығы 10% болса, Ресейде – 13%. Ал, әлеуметтік салық бізде – 11%, Ресейде – 26%. Жоғарыда аталған факторлар біздің еліміз үшін интеграцияның барынша пайдалы болатындығының айғағы іспетті. Оған қоса, біздің жергілікті кәсіпкерлер үшін Кеден одағы елдерінің мемлекеттік сатып алу нарығы ашылады. Атап айтқанда, Ресей мен Беларусь елдерінде мемлекеттік сатып алулар көлемі 200 миллиард долларды құраса, Қазақстанда бар болғаны 7 миллиард доллар болып отыр. Тұтастай алғанда, Кеден одағы, алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одаққа кіру арқылы әлемнің дамыған отыз елінің қатарында Қазақстанның орналасуына едәуір әсерін бермек. Дінмұхамед ӘБСАТТАРОВ, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры. Қызылорда облысы.Ғылым мен білім саласындағы ықпалдастық
Еуразиялық экономикалық одақ құру шеңберінде жүріп жатқан интеграциялық үдерістер білім мен мәдениетті де қамтиды. Ғылым мен білім беру саласы интеграциялық қарым-қатынас болмаса, оқшауланып, томаға-тұйық қалыппен дами алмайды. Тарихта да оқшауланып оза шапқан ешкім жоқ. Ал Ресей мен Қазақстанның бұл саладағы қарым-қатынасының тамыры тереңде жатыр. Білім саласындағы ықпалдастық басы бұрынғы ғасырларда жатса, ол Кеңес Одағы кезінде де үзілген емес. Шекарада жатқан облыстардағы аймақтық жоғары оқу орындары Ресей федерациясындағы білім ордаларымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын соның бел ортасынан көруге болады. Ф.Достаевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті мен Қостанай мемлекеттік педагогика институтының ғалымдары Ресей империясының отар аймақтары болған қазіргі Қазақстан мен Сібірдің оңтүстік аудандарын қамтыған Дала өлкесінің тарихын зерттеуде көп жылдардан бері тізе қосып жұмыс істеп келеді. 2009 жылы біздің институт базасында осы жөнінде ірі ғылыми-теориялық конференция өтті. Өз еліміздің революцияға дейінгі, Кеңес Одағы жылдарындағы тарихын шекаралас Ресей білім орындарының ғалымдарымен байланыс орнатпай дара шауып зерттей алмаймыз. Біздің елге қатысты тарихи құнды құжаттар әлі де Орынбордың, Омбының, Мәскеу мен Санкт-Петербургтың архивтерінде жатыр. Мемлекеттер арасында шекара сызығы болғанымен экологиялық проблемалар жөнінен көп мәселелердің ортақ екенін көріп отырмыз. Табиғаттағы өзгерістер, өзен-көлдер суының ластануы, топырақтың тозуы, ормандардың қусырылуы – осының барлығы да екі ел ғалымдарын да ойлантады. Табиғи ортаның биологиялық алуандығын зерттеу мен оны сақтау, Қазақстан далалары мен Оңтүстік Сібір ормандарының экологиялық проблемалары халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді. Табиғи апаттар шекараны мойындамайды. Адамзаттық өзекті мәселелердің бас көтеруі ғалымдарды да, мемлекеттерді де ынтымақтасуға, ықпалдастыққа итермелейді. Мұндай интеграциялық қатынастар болмаса, уақыттан ұтыларымыз анық. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Орынбордағы Ресей Ғылым академиясының Дала институтымен, Ресей Ғылым академиясы Орал бөлімшесінің өсімдік және жануарлар экологиясы институтымен, Екатеринбургтегі Ботаникалық бақ ұжымымен тығыз байланыс орнатқан. Мұның тамаша нәтижесін де көріп отыр. «Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы мүмкіндікті гербарий» жобасы жүзеге асырылды. Мұндай жұмыстардың барлығында біздің институт ғалымдары белсенділік танытып келеді. Қазіргі уақытта өмірдің қай саласы болса да, озық тәжірибе, заманауи жаңалықтарды енгізбей дамудың көшіне ілесе алмаймыз. Бұл білім саласына да аса қажет үдеріс. Ал елдер арасындағы интеграциялық қатынастар ғана осы үдерістер үдесінен шығуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, ғасырлар бойы іргеміз ажырамаған Ресейдің тарихы терең, озық оқу орындарымен байланыс орната береміз. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік, Челябі, Омбы педагогикалық университеттерімен, тағы басқа да жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысымыз бар. Соңғы жылдары ресейлік әріптестермен жұмыс істеуде бірқатар күрделі мәселелер де туындағанын жасырудың қажеті жоқ. Ресей жоғары оқу орындарының еуропалық білім кеңістігімен толық ықпалдаспай отырғанының, болондық үдеріс ұстанымдарын жүзеге асыруда жайбасарлық танытуының көрші екі ел білім ордаларының әріптестігіне кері әсері де жоқ емес. Озық тәжірибелерді үйрену үшін қазақстандық жоғары оқу орындарына халықаралық білім стандарттарымен жұмыс істейтін еуропалық, америкалық және азиялық айтулы білім ордаларымен байланыс орнатудың нәтижесі берік екенін түсінеміз. Дегенмен, білім саласындағы Қазақстан-Ресей байланыстарының маңызын жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, ғылым саласындағы байланысымыз жақсы сақталып, жалғасып келеді. Әлемде қалыптасып отырған бүгінгі жағдайлар Ресейдің ғылыми және білім кеңістігін оқшаулауға тиіс емес. Өйткені, білім саласы халықаралық ынтымақ пен ықпалдасу болғанда ғана шынайы дамиды. Ал Қазақстан мен Ресейдің бұл орайда байланысына селкеу түскен емес. Еуразиялық экономикалық одақ білім мен ғылым саласындағы байланыстарды жетілдіре түсері сөзсіз. Барыс-келіс, әріптестіктің экономикалық жағы жеңілдеріне кәміл сенеміз. Қуат БАЙМЫРЗАЕВ, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, профессор. ҚОСТАНАЙ.