• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Қыркүйек, 2022

Берекелі болашақтың қамы

446 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауы ел дамуының жаңа белеске батыл қадам басқанының айқын дәлелі болып отыр. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналғанына қарамастан, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы және Жаңа Қазақстанды құру туралы ойларын ортаға салу арқылы ол қоғамның ішкі дамуының перспективалары мен ұлттық мүдделерін қорғаудың маңыздылығына көңіл аударып, жаңа күн тәртібін айқындап берді.

Қазіргі қалыптасып отыр­ған геосаяси жағдай мен жаһан­дық үдерістердің шектен тыс шие­ленісіп, жаһандық процестердің динамикасы жеделдеп, еліміздің әлеуметтік дамуы қиындықтарға тап болып тұрған шағында бұл шешімнің орны мен мәні тағ­дыр­шешті сипат алары анық. Өйт­кені конституциялық реформа ауқы­мында іске асырылмақ қо­ғам­­дық-саяси өзгерістер тиісті заң­дармен нақтыланып, заңна­малық процедуралар өткізілуі шарт. Конституциялық рефор­мада көзделген барлық институ­ционалдық өзгерістер жыл со­ңы­на дейін заңнамалық тұрғы­дан аяқталуы тиіс. Президент Қ.Тоқаев ұсы­нған бастамалар  билікті монополиялау тәуе­кел­де­рін айтарлықтай төмендетіп, саяси реформаларды нақты іске асыруға кірісу үшін ескі үлгі бойынша сайланған биліктің өкілді ор­ган­дарын жаңартуға мүмкіндік береді. Ол келесі жылдың бірінші жартыжылдығында өткізіліп, Парламент пен мәслихаттардың құ­рамын жаңартып, депутат­тардың жаңа легінің саяси сахнаға шығуына мүмкіндік жасамақ. Конституциялық реформа ая­сында парламентаризм дамып, ойынның әділ және ашық ереже­лері бар саяси жүйе құрылмақ. Саяси рефор­малар барысында саяси партия­лар көбейеді және саяси бәсекелестік күшейеді. Нәти­же­сінде, бұл өкілді органдардың жұмы­сының тиімділігі артпақ.

Әділетті Қазақстанның құры­лысы енді ғана қолға алынып отыр­ғандықтан, бізді көптеген қиындықтар мен табандылықты талап ететін өте жауапты міндет­тер күтіп тұр. Алдымен саяси жаң­ғыруды экономикадағы өзгеріс­термен ұштастырып, жаңа эко­номикалық саясат қалыптастыру керек. Өйткені мұнда қордаланған дамудың шикізатқа тәуелділігі, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатының төмендігі сияқты мә­се­­лелер әлі де жетерлік.  Нақты секторға бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, ол қаражат­­тың қайтарымына және көзге көрі­нерлік нәтиже­нің мардымсыз­дығы мен жем­қор­лықтың өріс алуына халықтың көңілі тол­мау­да. Денсаулық сақтау, білім беру саласындағы қызмет көрсе­ту­дің сапасы да бүгінгі күннің талап­тарына сай келмеуде. Мемле­кеттік басқару жүйесіндегі келең­сіз­діктер, бос сөз бен жалынды ұран­дар жұртты әбден мезі қылды. Заң мен тәртіп заман тала­бына, елдегі жүріп жатқан демо­кратиялық үде­рістерге ілесе алмай отыр. Сот жүйесі, күштік құ­рылымдар мен құқық қорғау ор­гандарының қыз­меті де сын көтермейді. Ендеше осы түйткілдерді шешпек керек.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Бұл проблемаларды еңсеру үшін конституциялық реформада қарастырылып, Ата Заңымызда бекітілген саяси бағыт мызғымас және ішкі және сыртқы сипаттағы кез келген жағдайларға қарамастан өз жалғасын табуы шарт. Ол үшін бұрынғы Конституция негізінде сайланып, жаңаша басқарудың моральдық тұстарын ескере келе және мемлекет мүддесін бәрінен де жоғары қоя отырып, Президент Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстанды құру жолындағы түбегейлі және жан-жақты реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандатына ие болудың маңыздылығын жақсы түсінеді. Сондықтан ол өз өкілеттілік мерзімін қысқартып, кезектен тыс президенттік сайлауға баруға дайын екендігін мәлімдеп, күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды.

Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстан идея­сының түпкі мәні елді ізгі мақсатқа жұмылдыру мен бере­келі бірлікке бағдарлау екендігін ескертті. Президент әлемде қалып­тасып отырған геосаяси жағдай­да реформалар мен жаңару бағ­дарын нық ұстану ар­қылы олар­дың қарқынын сақтап, саяси мә­се­лелердің бәрін кейін­ге қалдырмай шешуді ұсынды. Сонымен қатар ол басты мем­лекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртып, билікті мо­нополизациялау қаупін болдыр­май, тұрақтылықты нығай­тып, қоғамдық құрылыстың қазақ­стандық үлгісін орнықтыруға басым­дық бермек. Демек Қ.Тоқаев реформа жолын таңдау арқылы Қазақстан халқын жаңа саяси дә­уірге бастап,  жұртты жақсылыққа жұмылдырып отыр.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері