Президент Жолдауында көтерілген айшықты мәселелердің бірі – адам құқығының қорғалуы. Әсіресе отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – елімізде түйіні шешілмей тұрған өзекті проблема.
Былтыр «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң қоғамның талқысына түсіп, қайсыбір қайшылықтары болғандықтан қабылдануы кейінге қалған еді. Деректерге сүйенсек, зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 6-7 % отбасында жасалады. Оның 90 пайызында зардап шегуші тарап – әйелдер. БҰҰ-ның статистикалық мәліметіне жүгінетін болсақ, жыл сайын 3,5 млн адам отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Мұның 1,8 млн-ы – әйелдер. Сондықтан да бұл заңның мақсаты – қоғамның әлеуметтік әлсіз тобын, яғни әйелдерді, жасөспірімдер мен қарттарды қорғау.
Бұл заң қандай да бір әрекетті не әрекетсіздікті құқық бұзушылықтың түріне жатқызып, мынау қылмыс, анау қылмыс емес деп жаңалық ашып отырған жоқ. Мұндай мақсатты қоймайды да. Зорлық-зомбылық сипатындағы құқық бұзушылықтар отандық заңнамада, айталық Қылмыстық кодексте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте бұрыннан анықталып қойған. Сондықтан бұл заңның атқаратын қызметі бөлек, ол – тұрмыста орын алатын зорлық-зомбылықтың жолын кесуге бағытталған кешенді құқықтық механизм.
Еуропа елдерінің статистикасына қарасақ, педофилизмнің 30 пайызы отбасы мүшелері, 40 пайызы туысқандары тарапынан орын алады екен. Бұл осы тұрғыдан келгенде өте қажет заң. Десе де бұл заңды қабылдау бірқатар теориялық мәселені дұрыс шешуді қажет етеді. Біздің қоғамды ұстап тұрған отбасы институты екенін де ескеруге тиіспіз. Оның үстіне баланың отбасында өмір сүруге құқығы бар. Конституцияда «Отбасы мен неке, әке мен ана және балалар мемлекеттің қорғауында болады» делінген (27-баптың 1-тармағы). Алайда заң жобасында «жыныстық бостандық» ұғымы абсолюттендірілуі себепті, бұл отбасы құндылығына салқынын тигізуі ықтимал.
Айталық, некедегі әйел күйеуін зорлады деп қылмыстық жауапқа тартқыза алады. Әлемнің 1/3-де, яғни 60-тан астам елдің қылмыстық заңнамасы некедегі әйелдің ерік-ықтиярынсыз жыныстық қатынасқа түсуді зорлау қылмысы деп таниды. Түсінікті мәселе, ерлі-зайыпты екенбіз деп әйел адамның ар-намысы мен қадыр-қасиетін таптайтын жыныстық әрекетін күшпен орындату зорлық ретінде танылады.
Алайда бұл тыйым неке институтының фундаментальды функциясы – өмірге ұрпақ әкелу қызметіне зиянын тигізбеуге тиіс. Белгілі француз антропологі Ролан Нурбердің «Барлық дәстүрлі қоғамда неке заңды күшіне тұңғыш бала өмірге келген сәттен бастап қана енеді» деген сөзі бар. Қарап отырсақ, некенің заңды мәртебеге ие болуының, қоғам мен мемлекет тарапынан қорғау объектісіне айналуының мәні де осы – өмірге ұрпақ әкелу қызметін атқарумен тікелей байланысты. Сондықтан жыныстық бостандық ұғымы мен неке институтының арасындағы қайшылық ақылға сыйымды этикалық нормалар арқылы алынуға тиіс. Біржақты қарау – зиянды. Талқылау мен пысықтау қажет.
Батыстың заңдарын енгізуде туындайтын тағы бір үлкен мәселе – адам құқығы. Конституцияда адам құқығы мемлекет алдында басымдыққа ие болатындығы анықталған (1-баптың 1-тармағы). Бұл жерде тек мемлекет алдындағы басымдық туралы сөз болып отыр ма, жоқ әлде қоғам алдында да басымдыққа ие дегенді білдіре ме? Қоғам конституциялық қатынастың дербес субъектісі ме? Олай болған жағдайда (әсіресе адам құқығына қатысты) конституциялық мәртебесі қалай анықталады? Қоғамдық мүдде мен адам құқығы тұжырымының арасындағы қайшылық қалай алынады деген сұрақтар туындайды.
Қалай болғанда да бұл заңның өмірге келуі құқықтық мәдениетімізге оң және елеулі өзгерістер әкеледі. Тек тізеге басып емес, сауатты талқылау арқылы өмірімізге енуі қажет.
Қазыбек ДӘУІТӘЛІ,
заң ғылымдарының кандидаты,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы