Осы өмірде талай адамдармен дәмдес-тұздас, серіктес, әріптес, дос-жолдас болыппын. Солардың біразын ой елегінен өткізсе, мінез-құлқымен, адамгершілік парасатымен, ақниет көңілімен, білікті іскерлігімен, мәдениеттілігімен, сүйкімділігімен, кішіпейіл қамқорлығымен жаныңды нұрландырып, құрметке бөленген адамның орны қашанда ерекше ғой. Дегенмен, өмірдің сәнділігінің, оны жасайтын жақсы адамдардың көп болғанына не жетсін! Өз басым сондай жандардың алдыңғы легінде Сайраш Әбішқызын атар едім.
Мұндай бағаның өзі бір көре салып, не азғана алған әсеріңе бола беріле салмайтыны да заңды. Көп уақыт бірге, қатар жүргенде, не әріптес, пікірлес болып жете түсіністіктен кейін барып, соның өзінде уақыт сынынан мүдірмей өткенде ғана орнығады десек, артық емес.
Мен Сайраш Әбішқызын алғаш рет «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің кіші әдеби қызметкері кезінде көрдім. Сайраш газет жұмысына біздің отбасылық досымыз, асыл азамат марқұм Ұзақ Бағаевтың редакторлығы кезінде келіпті. Ұзан (біз солай атаушы едік) адамның бойындағы жақсы қасиеттерді, соның бірі – іскерлік пен қабілетті тез тани қоятын еді. Жас қызметкер Сайраштың жұмысқа деген қабілеті мен бар мүмкіндігін толық танып білуге үлгермеді десе де болады. Өйткені, жаратылысынан жаны жайсаң, биязы, өте мәдениетті азамат Ұзақ Бағаев редакторлық қызметте жүргенде көп ұзамай айықпас ауруға шалдығып, бар-жоғы 43 жасында дүние салды. Осы аз ғана уақыт ішінде әлі журналистік тәжірибесі аз жас маман Сайраш та өзін танытып үлгіре алмады.
Енді газетке жаңадан келген редактор – бұған дейін «Лениншіл жас» (Жас алаш), «Мәдениет және тұрмыс» («Парасат») басылымдарында басшылық қызметте болған, Орталық партия комитетінің Үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушылықтан бөлім меңгерушісінің орынбасарына дейін он жыл еңбек етіп, үлкен мектептен өткен тәжірибелі журналист-жазушы Сапар Байжанов келген. Бас редактор редакцияда шығармашылық ахуал орнатып, газеттің сапасын арттыру мақсатын алға қойып, алдымен газетке қосар үлесі шамалы, ұсыныс, жаңалығы жоқ, 20-30 жыл таптаурын отырып қалған жасы жеткендерді зейнеткерлікке жіберіп, олардың орнына жер-жерден ойы ұшқыр, қаламының желі бар, оннан астам талапты журналистерді шақырды. Сонымен бірге, аппараттағы мамандардың қабілеті мен жұмысқа деген мүмкіндіктеріне көңіл аударды. Жаңадан келген үй-күйі, жағдайы жоқ журналистер мен жас мамандарға жағдай жасау мақсатымен сол кездегі республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың алдына мәселе қойып, ол кісінің келісімін алып, өкіметтің каулысымен редакция қызметкерлері үшін жылына 320 шаршы метр үй алып тұру және үй алушылардың бұрынғы пәтерін редакция меншігіне қалдыру мәселесін шешіп алды. Үй-күйі жоқ жас маман Сайрашқа да екі бөлмелі үй тиеді.
Сол уақытты бүгінде еске алған Сайраш: «Сапар ағайдың газетке редактор болып келуі, менің шығармашылығымның ашылуына, әрі үй алып, баспаналы болуыма зор септігін тигізді», дейді ризалық сезіммен. Ендігі жерде Сайрашқа жұмысқа бел шешіп кірісіп, бойындағы бар мүмкіндігін көрсету ғана калады. Көп ұзамай газетте әйелдерге арналған бет ұйымдастыру мәселесі туындап, бұл міндет Сайрашқа жүктеледі. «Қаламқас» деген айдармен шығатын әйелдерге арналған беттегі ана мен баланың жайы, отбасылық тәрбие, ерлі-зайыптылардың құқығы мен міндеті, ата-ананың бала алдындағы парызы туралы көтерілген проблемалық мәселелер көпшіліктің көңілінен шыққанының кезінде оқырман ретінде куәсі болдық. «Қаламқас» беті редакциядағы апта сайынғы лездеме кезінде де сан рет мадақталып жүрді.
Сапекең редактор боларға дейін диссертациялық жұмысын аяқтап, қорғайтын күнін белгілеу ғана қалған еді. Диссертация қорғайтын күні үйге телефон соғып, маған бір маңызды кұжатты тауып қоюымды тапсырып, кісі жіберетінін айтты. Аз ғана уақыттан соң есіктің коңырауы соғылды. Ашсам, жасы 25-тер шамасындағы сұңғақ бойлы, қоңырқай қысқалау бұйра шашты, тығыршықтай келіншек келіп тұр. Бас редактордың тапсырмасымен келгенін баян етті. Үстінде сәбіз түстес әдемі көйлегі ақсары өңімен үйлесім тауып, мейірімді жымиысымен тым сүйкімді көрінді, болымсыз қымсынып та тұрған жоқ, нық сөйлейді, тым батылдау ма деп те қалдым. Мен болсам, бастықтың зайыбымын деп сіреспей, қазақи мінезге салып оған төрлетуді, дәм татуды ұсындым. Ол болса асығыстықты сылтауратып, дәлізден жоғары озбай, ризашылық ишара білдірген соң құжатты алып, қоштасып кетіп қалды.
Сол ақсары келіншек Сайраш Әбішқызы екен, екеуміздің таныстығымыз осылай басталған. Мен ол кезде «Қазақстан әйелдері» журналының қызметкері едім. Алматыдағы педагогикалық газет-журналдан басқа барлық басылымдар тоғыз қабатты «Баспасөз» үйіне орналасқан еді. Бір шаңырақтың астында болған соң, кіріп-шығып жүргенде анда-санда Сайрашпен жолығысып қаламын, сәлеміміз түзу. Сайраш көрген сайын кішіпейілділікпен, зор ілтипатпен амандасады, мен де іш тартып, жылылық танытумен болдым.
Арада 1-2 жыл өткенде біздің редакцияда жауапты хатшының орны босап, сол орынға «Сайраш келетін болыпты» дегенді естідік. Босаған орынға іштен де, сырттан да талпынушылар көп болды. Бірақ Орталық Комитеттің идеология бөлімі Сайрашты лайық көріп, жауапты хатшылыққа тағайындады. Сөйтіп, екеуміздің жолымыз енді бір редакцияда тоғысқан-ды. Редакцияда ақын Рза Қунақова екеуміз бір кабинетте отырушы едік. Екеуміз сіз-біз десіп, жақсы сыйластықта жүрген кезде арамызға Сайраш келіп қосылды. Енді қатарымыз өсумен бірге, үшеуміздің арамыздағы бірлігіміз, сыйластығымыз одан бетер арта түсті.
1980 жылы Сайраш Әбішқызы «Қазақстан мектебі» журналының жанынан ашылған «Бастауыш мектеп» қосымшасына редакторлыққа шақырылды. Кезінде «Социалистік Қазақстан» сияқты үлкен газет пен таралымы ең көп әйелдер журналының көрігінде шыңдалып, шебер ұйымдастырушы, іскер журналист ретінде танылған Сайраш үшін бұл бір белеске көтерілу еді. Енді бір-екі-үш жылда педагогикалық басылымдардың ішінде негізін Ахмет Байтұрсынов сияқты қазақтың біртуар арысы қалаған «Қазақстан мектебінің» редакторлығына тағайындалды. Педагог журналист, әрі үлкен мектептерден өтіп ысылған Сайраш Әбішқызы аға журналды бұрынғысынан да жандандыра түсіп, тақырып аясын кеңейтіп қана қоймай, жекелеген пәндерді оқыту әдісін түгел бір журнал бетінде қамтудың мүмкіндігі аздығын сезінді. Әрі бұл ойын Білім министрлігінің алдында дәлелдеп, бірнеше пәндерге арналған әдіскерлік қосымша журналдар ашуға қол жеткізді. Өзі басқарған «Бастауыш мектеп» қосымшасынан басқа «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ тарихы», «Қазақ мектебіндегі орыс тілі», «Отбасы және балабақша», «Информатика және физика», сәл кейіндеу «Биология және география» деп аталатын қосымша журналдар ашты. Олардың бәріне өзі жақсы білетін, бұл жұмысты алып кете алады-ау деген кәсіби журналист мамандарды тартып, қосымшалардың редакторлығына орналастырды. Сол 1990 жылы менің де жолым түсіп, «Отбасы және балабақша» қосымшасына «Мәдениет және тұрмыс» (Парасат) журналының бөлім меңгерушілігінен ауысып келдім. Сөйтіп, Сайраш екеуміздің еңбек жолымыз тағы да тоғысты.
Сайраш өзі басқарып отырған «Қазақстан мектебі» журналының жұмысына қоса, аталған қосымшалардың барлығының да әрбір материалының сапасына дейін тікелей араласып, олардың уақтылы жарық көріп, оқырман қолына тиіп тұруына басшылық жасады. Міне, сол кезеңде де мен үшін Сайраштың ұйымдастырушылық шеберлігі мен еңбекқорлығы бұрынғыдан бетер айқын ашыла түсті. Сонымен бірге, редакцияға келуші авторларды қабылдау, кездесулер ұйымдастыру, «Қазақстан мектебі» журналы мен әрбір қосымша жарыққа шыққаннан кейінгі өткізілетін лездемелер, редакция қызметкерлерінің мұң-мұқтажына орай қажеттіліктерін қамтамасыз ету сияқты толып жатқан жұмыстардың бәріне де үлгеріп, тап-тұйнақтай тындырып отыратын.
Сайраш өзінің жеке шығармашылығын да дамытуды ұмытқан жоқ. Оған республика баспаларынан жарық көрген «Нұрлы жол», «Жыр арқауы – Бейбітшілік», «Оттай ыстық он жыл» деп аталатын кітаптары айғақ. Сонымен қатар, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамына сіңірген еңбегі де бір төбе. Шынымды айтсам, Сайраштың тынымсыз тірлігіне қарап, не деген қажымайтын, мойымайтын жан еді деп таңданатын сәттерім де аз емес.
1994 жылдан бастап Сайраш Әбішқызы «Отбасы және балабақша», «Қазақ тарихы», «Информатика және физика», «Қазақ тілі және әдебиеті», «Бастауыш мектеп» қосымшаларын өз алдына жеке журналға айналдыруға күш салып, жеке-жеке отау тігуіне атсалысты. Содан бері бұл журналдардың бәрі де өтпелі кезеңнің қиындықтарына төтеп беріп, жарық көріп келеді.
Аталған журналдардың бас редакторларынан бастап, барлық қызметкерлері «Қазақстан мектебін» өздерінің қарашаңырағы санап, оны көп жыл басқарған Сайраш Әбішқызына деген ризалық сезім мен зор құрметін аямайды. Ондай құрметке Сайраш Әбішқызы педагогикалық басылымдарға сіңірген еңбегімен жетіп отыр.
«Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған кәсіби журналист, елімізде әйел замандастардың ішінде алғашқылардың бірі болып «Тарлан» сыйлығының иегері атанған да Сайраш Әбішқызы. Жалғыз маған ғана емес, өзін жақсы білетін жандардың, әріптестерінің алдында барлық қадір-қасиетімен шоқтығы биік жан ретінде танылған Сайрашқа осынау мерейлі шағыңда өзіңмен әріптес әрі сыйлас жан ретінде айтар тілегім: Алла саған қуат берсін, қолыңнан қаламың түспесін! Алланың өзіңе бұйырған жақсылығы мен абыройы арта берсін!
Күләш БЕЙСЕНБИЕВА,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.