Патшалық Ресей тұсында Түркістан өлкесінің іргелі білім ордасы саналған Ташкент мұғалімдер семинариясын түркі халықтарынан шыққан 65 адам бітіргені белгілі. Шәкірттер тізімінде қазақ, қырғыз, өзбек, татар, түрікмен бар. Сол түлектердің бірі Күмісәлі Бөриев (түрікм. Kümüşaly Böriýew) – ХХ ғасыр басындағы төңкерістер заманында аймақтың қоғамдық-саяси және мәдени-рухани өміріне қызу араласып, оның ішінде Алаш қозғалысының тарихында жарқын із қалдырған қабырғалы қайраткер.
Ол 1896 жылы сол уақыттағы Закаспий облысына қарасты Маңғышлақ (Маңғыстау) уезінің Қожа ауылында дүниеге келген. Александровск фортында орыс-түзем мектебін, Ашғабатта ерлер гимназиясын үздік тәмамдап, земство стипендиясын жеңіп алған зерек бала 1912 жылы жоғарыда айтылған мұғалімдер семинариясына қабылданады. Сонда туыстас жұрттардың өзі құралпы озық ойлы жастарымен қоян-қолтық араласып, олардың арасында кең тараған түрікшілдік және жәдидшілдік идеяларына аңсары ауады. Бұл 1908 жылы Түркістан өлкесіне сапар шегіп, талай мешітті, медреселі орындарға ат шалдырған, атақты ойшыл, түркі бірлігінің тұтқасы Ысмайыл бей Ғаспыралының соңында қалған даңқты да дақпыртты әңгімелердің ізі суымаған кез еді.
Әлеумет ісіне әуестенген Күмісәлі жаңашыл жастардың «Кеңес» атты жасырын үйірмесіне мүше болып кіреді. «Туркестанская правда» газетінің қосымшасы – «Костры» журналының дерегіне (1923 жыл, №3-4) сүйенсек, бұл құпия ұйымды 1915 жылы сол кездегі семинарист, соңыра белгілі мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы құрған. Зерттеуші Асқар Мұстафиннің мәліметі бойынша, бұл іске Мұстафа Шоқай мұрындық болып, идеялық жетекшілік жасаған («Ана тілі» газеті, 1991, 8 тамыз). Ұйым мүшелері өз басқосуларын ара-арасында тағы бір Алаш ардақтысы Санжар Аспандиярұлының әкесінің үйінде өткізіп отырған. «Кеңес» атты қолжазба журнал шығарған. Кейінірек Күмісәлі Бөриев өз естелігінде: «Мұғалімдер семинариясында жүрген уақытымда менің ұлттық сана-сезімім оянды және ұлтшылдық пен ұлттық идеологияға қарай бүйрек бұра бастадым. Түркияның жеңімпаздығын көргім келді... Генерал Галкиннің жазалаушы экспедициясының жауыздықтарына, полковник Ивановтың Жызаққа жасаған қанды жорығына және Каспий бойындағы түрікмендерді аяусыз қырып-жойған генерал Мадритовтің қарақшылығына менің жаным қатты күйзелді... Мен ол кезде мәселенің төркіні жалпы орыстарда емес, орыс отаршылдығында екенін түсіне бермейтінмін. 1916 жылдың қыркүйек айында орыстың байлары, православие дінбасылары Ферғана облысының жаңадан тағайындалған әскери губернаторы полковник Ивановты құлдық ұрып қарсы алып жатқан шақта мен ғибадат өтіп жатқан шіркеуге бет түзеп, қиялымда әлгі жендетті өлтірсем деп армандағанмын...», – деп сыр ақтарды.
Сол тұста өршіген Бірінші дүниежүзілік соғыс Ташкент семинаристеріне де салқынын тигізбей қалған жоқ. Күмісәлінің орыс курстастарының көбі әскери қызметке шақырылып кетті. Ал саяси соқпағын біршама айқындап алған түрікмен жігіті прапорщиктер даярлайтын мектепке түсуден де, майдан шебіне аттанудан да үзілді-кесілді бас тартты. Бұған ашуланған семинария директоры, атышулы миссионер Н.П.Остроумов Түркістан генерал-губернаторына оның үстінен шағым түсірді. Осының негізінде шығарылған бұйрыққа сәйкес, Күмісәлі Бөриев Түркістан өлкесінің мектептерінде сабақ беру құқығынан айырылды. Жұмыссыз қалған ол біраз уақыт тәжіктің ортасына барып, Ұратөбеде тұрып жатқан өзінің ұстазы әрі жерлес ағасы Толқынбек Аймановтың үйін паналады.
Мұнан соң, Күмісәлі Ферғана облысының кіндік қаласы – Қоқанға қоныс аударып, сол өңірдегі Әндіжан уезінің Айым ауылында бала оқытып жүрген Сұлтанбек Қожанұлымен қайта табысады. Пікірлес екі дос өздерінің бүкіл өмірін ұлт азаттығы мен теңдігі жолына сарп етуге ант беріседі. 1917 жылғы Ақпан төңкерісін қошеметпен қарсы алады. Өйткені ақ патша тақтан түскен сәтте басы бұғаудағы, тілі тұсаудағы барша шерменде жұртқа қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман, әділет жайлаған жерұйық мекен иек астында, қол созымда тұрғандай көрінген-ді. Осындай сезімге бөленіп, сенімге байланған албырт мінезді қос жігіт Орынбордағы «Қазақ» газетінің басқармасына мынадай жеделхат жолдайды: «Қоқан-21/ІІІ. Мың басылыққа кісі керек болса, біз бармыз. Сұлтанбек Қожанұлы, Күмісәлі Бөриев». Бұл қып-қысқа, бірақ мағыналы мәтін аталған басылымның 1917 жылғы 24 наурызда шыққан санында жарық көрді. Болашақ екі қайраткердің бойларындағы батылдық пен беріктік белгілері әлгі сөздерден-ақ танылып тұрды.
Ақпан төңкерісінен кейін Ташкент уезіндегі Кенесай ауылында біршама уақыт мұғалім болып істеген Күмісәлі Бөриев одан әрі қарай өлкедегі саяси әрекеттерге бел шеше кірісіп кетеді. Атап айтсақ, Уақытша үкімет тұсында құрылған қазақ-қырғыз комитеттерінің жұмысына қатысады. Түрікменнің белді қайраткері, сталиндік қуғын-сүргін құрбаны Самед Ишановтың мәлімет бойынша, Күмісәлі Бөриевтің Ташкент қаласы мен оның төңірегін мекендеген қазақтардың арасындағы беделінің мықтылығы соншалық, ол өкілетті ұйымдарға сайлау науқаны кезінде әлгілердің ортасынан шыққан делегаттарды өз дегеніне ұйытып, соңынан үйіріп әкете беретін болған. Сондықтан Ташкенттегі ұлт зиялыларының бірауыздан қолдауымен 1917 жылдың шілде айында Орынбор қаласында өткен бірінші жалпықазақ сиезіне делегат болып сайланады.
Күмісәлі Бөриев мұндай зор абыройды адал ниетінің, терең білімінің, ыстық қайратының, қажырлы еңбегінің арқасында жинаған. Мысалы, Санжар Аспандиярұлы ұйымдастырған жұмысшы, солдат және мұсылман депутаттары Өлкелік кеңесінің тапсырмасымен Жетісу аймағына барып, 1916 жылғы көтерілістен кейін босқынға ұшыраған қазақ пен қырғыздың қасіретті, қайғылы хал-ахуалын мұқият зерттеген соң, Уақытша үкімет өкілдерінің болымсыз іс-әрекетін баспасөз бетінде өткір сынаған Күмісәліні ел қалай бір туғанынан кем көрсін? Пржевальский үйезіндегі орыс пен қазақ арасына бітімші болғанда, түзу жолдан жаңылмағанын, тура сөзден адаспағанын халық қалай бағаламасын?
Күмісәлі Бөриев Түркістан мұхтариатының жаршысына айналған «Бірлік туы» газетінің төңірегіне топтасқан ұлт қайраткерлерімен (М.Шоқай, С.Қожанұлы, Х.Болғанбай, И.Тоқтыбайұлы, Ш.Сарыбайұлы, А.Мәметұлы, т.б.) ынтымақтас болды. Зайырлы бағыт ұстанып, өз пайымынша, теріс пиғылын шариғаттың сөзімен бүркемелеп, іс жүзінде большевиктермен ауыз жаласып отыр деп күмәнданған «Шура-и-улема» қоғамымен, оның көсемі Сералы Лапинмен (біз оны көрнекті шығыстанушы-ғалым ретінде білеміз) саясат майданында ымыраға келмеді. Осыған орай, тіпті «Қоқан үкіметінің басшылары С.Қожанұлы мен К.Бөриевке оның көзін жоюды тапсырып, қолдарына бір-бір «браунинг» пен 5 мың сомнан ақша ұстатқан, бірақ ол мақсаттары сәтсіздікке ұшыраған» деген сарындағы ОГПУ таратқан, адам сенгісіз қауесет те бар. Қарымды қайраткер-қаламгер Хайретдин Болғанбайұлы Қоқан қырғынының ізінше большевиктердің жан түршігерлік қатыгездіктері туралы «Бірлік туы» газетіне «Тұла бойлары қан сасиды» атты мақала жазған-ды. Міне, осы жарияланымды сұмдық оқиғаның куәсі болып қана қоймай, дұшпанына қару ұстап қарсыласқан топ ішінде жүрген Күмісәлі Бөриев орыс тіліне «Кровью пахнет» деп аударып, эссерлердің «Свободный Туркестан» газетіне бастырған. Кеңестік архив деректеріне иек артсақ, большевиктерден бой тасалаған Мұстафа Шоқайға жалған төлқұжат жасатып беріп, оны қандыкөйлек жолдастары Әбдірахман Оразаев және Серікбай Ақаев екеуімен бірге құпия түрде қашырып жіберген де Күмісәлі Бөриев екен.
1918 жылдың қаңтар айында Ташкент қаласына жақын жерлерден аш-жалаңаш қазақтар шұбырып келген кезде Күмісәлі Бөриев өзінің мүдделес серіктері Сұлтанбек Қожанұлы және Санжар Аспандиярұлы мұрындық болған іске жанашырлық танытып, вокзал маңынан асхана аштырғаны, мыңдаған адамды ажалдан арашалап қалуға атсалысқаны да – өшпес тарих өрнегі. Сол жылдың наурызында Күмісәлі туған мекені – Александровск фортына қайта оралып, әуелі азық-түлік комитетінде істейді, содан соң Жебел ауылындағы жергілікті мектепте мұғалімдікпен айналысады.
Күмісәлі 1919 жылы түрікмен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Хан Жәуміттің (түрікм. Han Ýomut) аудармашысы болады. Бір қызығы, тап сол жылдың ақпан айында Хан Жәуміт пен Мұстафа Шоқай Ашғабат қаласына пойызда бірге сапар шеккені жөнінде мәлімет кездеседі. Олар бірін-бірі бұрыннан жақсы таныған көрінеді. Бұл арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе екендігі анық.
Күмісәлі Бөриев Түркістан республикасы кезеңінде Алаш қайраткерлерімен тізе қосып, білім және шаруашылық саласында қызмет атқарады. Мысалы, оқу-ағарту комиссариатына қарасты мемлекеттік ғылыми кеңестің мүшесі болады. Ташкентте жарық көрген «Ақ жол» газетінің жұмысына тығыз араласып, оның бетінде елдік мәселелерді көтерген мақалалары жиі жарық көреді. «Қазақ-түрікпен арасы», «Генуя конференциясы», «Түрікпен ұлт мемлекеті жасасын!», «Кедейлер мұңы баспасөз арқылы орындалмақ», «Түркістан шаруашылығы», «Алым туралы», т.б. жарияланымдары – соның айғағы.
1924 жылы Орта Азия республикалары ұлттық-территориялық тұрғыдан межеленгеннен кейін Күмісәлі Бөриев қызметін жаңадан құрылған Түрікменстанда жалғастырып, әмбебап қабілетін өз елінің игілігіне жаратады. Мемлекеттік ғылыми кеңестің төрағасы, оқу-ағарту халық комиссары, мемлекеттік баспа директорының орынбасары, «Түрікменстан» республикалық газетінің жауапты редакторы болады. Қайғысыз Атабаевпен, Халмұрад Сахатмұрадовпен бірге «Түрікмен елі» қоғамдық-саяси журналының негізін қалайды.
Ол 1926 жылы Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркология сиезіне қосымша тізім бойынша қатысады. Кейін Мұхаммед Гелдыевпен бірлесе отырып, латын қарпімен жазылған «Түрікмен әліпбиі» (1927), «Жаңа әліпбидің емлесі (орфография ережелері)» (1928) атты кітаптарды жарыққа шығарады. 1928-жылдың тамызында Кельн қаласында (Германия) өткен Халықаралық кітап және басқа полиграфиялық өнімдер жәрмеңкесіне барып, Берлиндегі Азия музейінің директоры, көрнекті түрколог Альберт фон Лекокпен танысады. 1930 жылы баспа жүзін көрген «Колхозшы әліппесі» оқулығын М.Исмаиловпен бірлесе әзірлейді. Ал 1929 жылы А.Алиев екеуі 20 мың лексеманы қамтыған тұңғыш «Орыс-түрікмен сөздігін» құрастырады. Көптеген қоғамдық-саяси кітаптарды, оқулықтар мен оқу құралдарын ана тіліне тәржімалайды. Түрікмен әдеби тілінің қалыптасуына көп еңбек сіңіріп, осы ретте «Түрікмен мәдениеті» журналының бетінде «Түрікменстанның бірінші ғылыми конференциясы» (1930, №3), «Түрікмен әдеби тілінің жай-күйі» (1930, №4-5), «Түрікмен тілі» (1931, №3-4) атты мақалаларын жариялайды.
Күмісәлі Бөриев те жұрттың көшін бастаған өзге замандастарымен тағдырлас болып, большевиктік жүйенің қанды құрығынан құтыла алған жоқ. 1932 жылы «Түрікмен азаттығы» атты жасырын ұйым басшыларының бірі болды деген айыппен қамауға алынып, әуелі Соловкиге жер аударылды. Ал 1937 жылы 9 қазанда ату жазасына кесіліп, көп ұзамай – 27 қазан күні Сондармохта (Карель АКСР-і) «үштіктің» үкімі орындалды.
Біздің ойымызша, түрікменнің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Күмісәлі Бөриевтің рухы қазақ елі тарапынан үлкен құрметке лайық.
Амантай ШӘРІП,
ҰҒА корреспондент-мүшесі