• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Қыркүйек, 2022

Маршалл аралдарындағы жемқорлық

319 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлық Тынық мұхитындағы Маршалл аралдарының тағдырына балта шаба жаздады. АҚШ прокурорлары дабыл қағып, дер кезінде қимылдап үлгермегенде Тынық мұхитындағы аралдардың бір бөлігі қытайлық ерлі-зайыптының иелігіне өтіп кетер еді.

«Қытайлық жұп Тынық мұхи­тындағы Маршалл аралдарын­да шағын мемлекет құруды жоспар­лап, депутаттар мен шенеунік­терге пара беріп келген», дейді АҚШ прокурорлары. АҚШ-тың Әді­лет министрлігі этностық қы­тай­ларды «көп жылдық схеманы» басқарды деп айыптады. Бұл туралы Business Insider хабарлайды.

50 жастағы Кэри Ян мен 34 жастағы Джина Чжоу 2020 жылы Таиландта ұсталып, кейін Амери­ка Құрама Штаттарына экстра­ди­ция­ланған. Ресми түрде ерлі-за­йып­­тыларға АҚШ-тың шетелдік сы­бай­лас жемқорлық әрекеттері ту­ра­лы заңын бұзды және арал елі­­н­ің егемендігіне нұқсан кел­тір­ді деген айып тағылып отыр. Ал Мар­шалл аралдарының үкі­ме­ті болса, оппозициялық партия­лар­дың үндеулеріне қарамастан, бұл айып­тауларға әлі толық жауап бермеген.

Прокурорлардың айтуынша, қытайлық ерлі-зайыптылар Нью-Йоркте орналасқан үкіметтік емес ұйымды басқарған, сол ұйым арқылы қаржы аударып, Мар­­шалл аралдарының шенеу­нік­­­терімен байланыста болған. Атал­­ған ұйым ерлі-зайыпты­лар­­дың ай­туынша, 2016-2018 жыл­дар ара­лығында БҰҰ-ның Эконо­мика­лық және әлеуметтік мәселе­лер де­пар­таментінде «арнайы кон­суль­­та­тивтік мәртебеге» ие бол­ған. Олар 1950-жылдары АҚШ-тың су­­тегі бомбасы сынақтарынан ке­йін қараусыз қалған Ронгелап атол­­лында САР құру жөніндегі келіс­­сөз­дерін 2016 жылдан бастап жүргізген.

Маршалл аралдарының төлқұ­жат­тарына ие болған Ян мен Чжоу мақсаттарының бірі Ронге­лап атоллында Гонконгқа ұқсас жар­тылай автономиялық аймақ құру болған. Осындай арна­йы экономикалық аймақ құру үшін олар аралдың бірқатар заң шы­ғару­шыларын «сатып алып», қол­дарынан келген бар мүмкіндікті пайдаланған. Айыпталушылар «бұл экономикалық және әлеумет­тік саладағы жобаларға инвесторлар тартуға мүмкіндік берер еді», деп ақталған.

АҚШ адвокаттарының айтуынша, ерлі-зайыптылардың «күш-жігерінің» арқасында 2018-2020 жылдары Маршалл аралдарының парламентінде САР құруды қолдайтын заң жобалары талқыланған. Ал прокурорлар­дың мәлімдеуінше, айыптауда аты атал­маған Маршалл аралдарының бірнеше заң шығару органының өкілі 7 мыңнан 22 мың долларға дейін (6 100 фунттан 19 мың фунт­қа дейін) пара алған соң, заң жоба­ларын қолдап дауыс берген. «Ян мен Чжоудың бұл заң­сыз іс-әрекеті Маршалл аралдары республикасының және оның заң шығарушы органының егемен­дігін анық бұзды», деді АҚШ-тың Нью-Йорк оңтүстік округінің прокуроры Дэмиан Уильямс ВВС-ге берген сұхбатында.

АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, Кэри Ян мен Джина Чжоу са­лық­тарды азайту және шет­ел­дік инвестицияны тарту үшін иммиграциялық шектеу­лер­­ді жеңілдету секілді «арал­дағы заң­дарды айтарлықтай өзгер­туге» тырысқан. Ерлі-зайып­тылар Оңтүстік Африканы насихаттайтын конференцияға қатысқан бірнеше Маршалл аралдарының шенеунігі мен заң шығарушыларының Нью-Йорк, Гонконгке келген шығындарын өтеген. Тіпті шенеуніктің бірі Ян мырзаны Маршалл аралдарына арнайы кеңесші етіп тағайындаған. Ерлі-зайыптылар Маршалл аралдарының тең құқылы азаматтары болған.

Ауыз жаласқан шенеуніктер 2018 жылы САР-ты қолдау туралы заң жобасын Парламент қарауына ұсынған. Алайда арал­дың сол кездегі президенті Хилда Хейненің қарсылығынан кейін заң жобасы Парламентте қабылданбады. Сол уақытта Хилда Хейне қарсыластарын «Қытай атынан жұмыс істеп, атоллды «ел ішіндегі елге» айналдыру үшін күш жұмсап жатырсыздар», деп айыптады. Бірақ Хилда Хайне 2019 жылы өткен жалпы сайлауда жеңіліп, қарсыластарына «жол ашты». Содан кейін жаңа Парламент 2020 жылы САР тұжырымдамасын мақұлдайтын қарар қабылдап, жаңа заң жобасын бекітті. Дегенмен, жыл соңында Кэри Ян мен Джина Чжоу Таиландта ұсталып, тұтқындалған соң бұл заң жүзеге аспады. Маршалл аралдарының бұрынғы президенті Хилда Хейне арал үкіметінен мәселені шешуді талап еткен топқа қосылып, әрекет етуде.

Маршалл аралдары– Гавай аралдары мен Аустралия арасында орналасқан аралдар тізбегі, қырық жыл бойы АҚШ билігінде болып, 1979 жылы тәуелсіздік алған республика. Алайда АҚШ әлі де Маршалл аралдарын қор­ғау үшін «толық өкілеттік пен жауап­кершілікті» сақтайды.

1986 жылдан бастап Маршалл аралдары мен Америка Құрама Штаттары еркін қауымдастық туралы шарт арқылы берік және тұрақты қарым-қатынасты сақтап келеді. АҚШ елдің қорғанысына, қаржылық көмек көрсетуге және әлеуметтік қызметтерге жауапты. АҚШ денсаулық сақтауды, қауіпсіздікті және АҚШ азаматтары, америкалық самоалықтар және Маршалл аралдарының тұрғындары арасында қозғалыс еркіндігін қамтамасыз етеді. Халықаралық саясатта Маршалл аралдары БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарлары бойынша АҚШ-пен жиі дауыс береді. Маршалл аралдарының Вашингтондағы елшілігі және Гонолулу мен Спрингдейлдегі консулдықтары бар.

Негізінен АҚШ аралдары өзіне тиесілі аумағында ядро­лық сынақтар өткізіп, тұрғын­дар­дың қауіпсіздігіне, халықтың денсау­лы­ғына және елдің эколо­гия­сына кері әсерін тигізді. Со­ның салдарынан аралдардағы тари­­хи жерлер жойы­лып, мәдени мұралар жоға­лып кеткен. Елдегі 58 791 тұрғын­ның төрттен үш бөлігі (Дүние­жүзілік банк, 2019) екі қалалық орталық – Маджуро және Тынық мұхитындағы ең көп қоныстанған Эбей аралында тұрады.

Сарапшылардың айтуынша, Маршалл аралдарында бүгінге дейін әлеуметтік-экономи­ка­лық ахуалдарға толық талдау жасалмаған, бірақ кедейлік пен аштық деңгейі жылдан жылға артып келеді. Елде әсіресе жастарды әлеуметтік қорғау мүмкіндіктері аз. Әлсіз экономика, халықтың жыл­дам өсуі және қоршаған орта­ның ластануы тұрғындардың өмір сүруін қиындатып отыр. Халық­тың басым көпшілігі қосалқы шаруашылық пен балық аулауды кәсіп етіп, күн көріп келеді.