Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Әзeрбайжанмен болатын матч қарсаңында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚФФ-ға сілтеме жасап.
Ертең сырт алаңда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы аясындағы турнирдің кезекті турында Әзербайжан командасымен кездеседі. Журналистер Қазақстан құрамасының бас бапкерінен жас ойыншылардың алаңға шығу мүмкіндігін сұрады.
– Шацкийдің ойнайтынын нақты айта аламын. Басқа ойыншыларға келетін болсақ, алғашқы минуттардан шықпаса да, белгілі бір мүмкіндіктері бар. Жаттығудан кейін нақты шешім қабылдаймын, - деді бапкер.
Сондай-ақ тілшілер тарапынан бапкердің соңғы матчтан кейін «Де Бьязи (Әзербайжан құрамасының бапкері) көп сөйлемей іспен айналыссын» деген сөзіне қатысты сауалдар болды.
– Ол баспасөз мәслихатында «Қазақстанға сәттілік жолдас болды» деп айтты. Бапкер деген өзге команданың ойынын талқыламауы керек. Мен тек өз командам жайлы айтамын. Бізге сөзден іске көшкен дұрыс. Де Бьязи мырза Қазақстан футболшыларын сыйлауы керек. Ал ойында Қазақстан байқаусызда жеңіп кетті деген әңгіме орынсыз. Мен соны ғана меңзедім, - деді Магомед Адиев.
Айта кетейік, Әзербайжан құрамасы алты жылдан бері Қазақстанды жеңе алмай келеді.