Өткен жұма күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың алдында Kitaptime – 2022 республикалық кітап фестивалі ұйымдастырылды. Онда оқырмандар мен авторлар, ақын-жазушылар мен әдебиетқұмар жұрт кітап жәрмеңкесінде қауышып, емін-еркін дидарласып, мәре-сәре болысты. Осы күні елорда төрінде басталған мәдениет пен рухтың жәрмеңкесі бір мезетте барлық аймақта, еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатты.
Ашық аспан астындағы фестивальда кітаптар әдеттегіден 25-30 пайыз төмен бағада саудаланды. Кітап саудасы қызу жүргенін көрдік. Соған қарағанда қазір ел кітап оқымайды деген сөздің өзі бекер ме деп қалдық. Кітап жәрмеңкесі мен көрмесі өз алдына, мұнда «Буккросинг», «АвтографTime», «Kazakh-Comic», «ПоэзияParty», «Блогерлер құпиясы», «OYNA» балалар институтымен бірлесе «Оқимыз, жазамыз, сурет саламыз!», Моно қойылымдар және тағы басқа да мәдени іс-шаралардың куәсі болдық. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы ұйымдастырған рух мерекесіне министр Дәурен Абаев қатысты.
«Ел арасында жастар кітап оқымайтыны туралы пікір айтылады. Мұндағы басты мақсат – кітапқа деген қызығушылықты ояту. Авторлар мен оқырмандарды бір-біріне жақындастыру. Бұл бастамасы ғана. Фестиваль келесі жылы жалғасатынына сенім артамын. Кітап жәрмеңкелері өтеді, бұйырса. Фестиваль құтты болсын!» деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
«Адамзат баласы даму жолында қарыздар қандай құндылық бар десек, әуелі кітапты атар едім» депті бір ғұлама. Осыншама өркениет пен құндылықтардың басында тұрған қаттаманың неше атасы осы фестиваль барысында көрсетілді. Балалар әдебиетінен бастап ұлт қазынасына айналған туындылар, әлемдік классикалар, түрлі салалық кітаптар, отбасылық дүниелер – бәрі осында.
«Шын мәнінде, қазір кітапқа деген ықылас, ниет дұрыс жолға қойылып келеді. Ел кітап оқитын болды. Осыдан бірнеше ай бұрын Алматыда ашық аспан астында кітап жәрмеңкесі өтті. Сол кітап жәрмеңкесі республика көлеміне тарады. Кітапқа бет бұру – мәдениеттің белгісі. Шекспир «кітап маған тақтан да қымбат» депті. Асқар Сүлейменов «жақсы кітап ұяттың антологиясы» деген. Сондықтан бүгінгі мереке құтты, қайырлы болсын!» деді халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Маралтай Райымбекұлы.
Республикалық кітап фестиваліне Қазақстанның әр аймағынан 74 кітапхана қатысты. Барлығы 130-дан астам мәдени-рухани шара жоспарланып, ұйымдастырылған. Іс-шараға қатысушылар фестивальдың тиянақты өтуіне ұйытқы болған Ұлттық академиялық кітапхана ұжымы мен оның басшысы Ғазиза Құдайбергеннің еңбегін атап өтті. Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова мен жазушы, драматург Роза Мұқанова сөз сөйлеп, пікір бөлісті. Сондай-ақ фестивальға «Отандастар» қорының өкілі қатысып, Ұлттық кітапханамен бірлесе «Әр қазаққа бір кітап» акциясын бастағандарын тілге тиек етті.
«Қандастарымыз «Отандастар» қорымен өткен кездесулерде қазақтың көркем әдеби шығармалары мен тарихи кітаптарының жетіспеушілігін жиі айтады. Осы орайда, қор Ұлттық кітапханамен бірлесе отырып «Әр қазаққа – бір кітап» акциясын бастады. Іс-шараның басты мақсаты халқымыздың әдебиеті, тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін кітаптарды алыс-жақын шетелдерде тұратын қандастарға табыстау. Ендеше, «Кітап қорын жинайық, шетелдегі қандастарға сыйлайық» деген ұранмен баршаңызды кітап жинау акциясына белсене қатысуға шақырамын», деді «Отандастар» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы.
Ашылу салтанатына дейін де қызып жатқан кітап жәрмеңкесі одан кейін де толастамады. Қолы жеткен авторлардан оқырмандар қолтаңба алды. Әсіресе зейінді оқушыларға қызықты дүниелер қойылып, кітап авторларына сұрақтар қойды. Ақындар өлең оқыса, жазушылар өнегелі ойын ортаға салды. Сөйтіп, таңертең басталған фестиваль кешке дейін кітапқұмар елдің көзайымына айнал.