• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 25 Қыркүйек, 2022

Сауытбек Абдрахманов: Сайлау – елдік емтиханы

417 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Үндеу жариялауы, Қазақстан Президенттігіне кезектен тыс сайлауын тағайындауы – айрықша маңызды оқиғалар. Белгілі қаламгер, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов бұл саяси реформаларды «жаңа өзгерістерге, ел тағдырын өз қолыңмен шешуге араласу жауапкершілігі» деп атап көрсетті.

– 20 қарашада кезектен тыс Прези­дент сайлауы өтеді. Жалпы, геосая­си жағдай белгілі, Украина мен Ресей, Әзер­байжан мен Армения, Тәжікстан мен Қыр­ғыз­стан араларындағы қару­лы қақ­ты­ғыс­тар кезінде көпшілік өзіміз­де осын­дай үлкен саяси науқан өткізудің маңыздылығын түсінеді. Президент сай­­­­лауын өткізу дұрыс дейді. Осы орай­­да, сіздің ойыңызша, кезектен тыс Пре­­зи­­дент сайлауын өткізудің маңызы неде?

– Сіз айтып отырған оқиғаларға бұл сайлаудың тікелей қатысы жоқ. Бұл сайлаудың түпкі мән-маңызы – Әділетті Қазақстанның жағдайында Президентті жаңаша сайлау.

Жақында ғана біздің елімізге Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин келіп кетті. Сол елдің «Өзгерістер тұсында өмір сүр» деген бір мақалы бар. Ол негі­зінен өтпелі кезеңдегі өзгерістер тұсын­да қиындық көр деген тұрғыда айты­лады. Ол жағы да бар. Біз өзіміз Әділетті Қазақстан құру жолында тұрған ел ретін­де өзгерістер тұсында өмір сүруді елі­міз­ді жаңартуға, жаңғыртуға берілген мүм­кін­дік деп қарауымыз керек. Оны біз тілек деп санасақ та болады. Өзгерістер тұсында өмір сүру – жаңа өзгерістерге, ел тағдырын өз қолыңмен шешуге араласу деген сөз.

Осы тұрғыдан қарағанда Әділетті Қазақстанға жаңарған Конституция керек екені анық болды, суперпрезиденттік билік нысанынан бас тарту керектігін уақыт көрсетті. Биылғы жазда өткен референдум соны заңдастырып берді. Ендігі мақсат – жаңаша сайлау өткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «1 қыркүйектегі Жолдауында мен өзімнің өкілеттік мерзімімді шектеуге және кезектен тыс Президент сайлауын өт­кізу­ге да­йынмын» деп ашық айтты. Бұл не деген сөз? Бұл Әділетті Қазақстанның жағ­­да­йын­да жаңа сайлау өткізу керек деген сөз.

Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіне де қазір жаңа сенім мандаты керек. Өйткені 2019 жылғы көктемде сайлауға түскен Тоқаев пен 2022 жылғы күзде сайлауға түсетін Тоқаевтың арасында едәуір айырмашылық бар, оны жұртшылық жақсы біледі. Қазір жағдай түбегейлі түрде өзгерді деуге болады. Мемлекеттің сипаты да өзгерді, заңдар да өзгерді. Яғни Қасым-Жомарт Тоқаевтың осындай шешімді жариялауы барлық жағынан көкейге қонады.

Бұрын да кезектен тыс сайлаулар өтіп жүрген, бірақ ол кезде әңгіме әуелі қауесет түрінде тарайтын, жұрт солай болады екен, солай болғалы жатқан көрінеді, сондай сөз бар ғой деп жүретін де, бір күні жарлық жарқ ете қалатын. Ал қазір Президент сайлау болатынын үш айдай уақыт бұрын айтты, екі ай бұрын сайлаудың нақты күнін тағайындаған Жарлық жариялады. Енді электораттық жаңа цикл басталғалы жатыр.

Абайдың сөзіне құлақ түргеніміз қай кезде де керек. Абай қырық үшінші қара сөзінде: «Өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс» деп айтады. Оның арғы жағында тағы, дөрекілеу болса да қазақтың сөзі ғой, қосып қойғаны бар: «Өлшеуінен асырса, боғы шығады» деп. Өлшеуінен кетудің, билікті бір қолға шоғырландырудың және билікті ондаған жылдар бойы бір қолда ұстаудың қандай кемшіліктері бар екендігіне көзіміз жетті. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев бір мезгілдік президенттік жөнінде шешім қабылдауды және оның уақытын жеті жылдық деп белгілеуді ұсынды. Бұл ұсынысты Парламент палаталары қолдады. Жалпы, бұл әлем деңгейіндегі бөлекше шешім, әсіресе кеңестен кейінгі кеңістік үшін, Орталық Азия мемлекеттері үшін үлкен саяси новация. Негізінде бір мезгілдік президенттік мерзім тәжірибесі әлемде бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда, Колумбияда, Мексикада. Осы үш елдің үшеуі де отыз жылдай бұрын дамушы елдердің қатарында еді, енді дамыған елдердің қатарына қосылды. ОЭСР-ге мүше болды. Өзіңіз жақсы білесіз, ОЭСР-ге әлемде 38 ел ғана мүше, олардың бәрі өте дамыған елдер. Мұның өзіндік артықшылығы неде? Біріншіден, билік­ті бір қолға шоғырландырудың қаупін серпіп тастайды. Екіншіден, қайта сай­лануға мүмкіндігі болмайтынын біл­гендіктен де Президент сол жеті жылда барын салады және екінші рет сайлануға дайындалып, электораттың көңілі қалай болады, келесі сайлауда дауысты қалай жинаймын деп алаңдамайды. Жеті жыл – кез келген стратегиялық міндетті шешуге жеткілікті уақыт. Мемлекет басшысы сол жеті жылда барын салып жұмыс істейді, батыл шешімдер қабылдайды және өзіне тарих берген, ел берген мүмкіндікті барынша толық пайдалануға тырысады.

Президент келесі жылдың көктеміне Мәжіліс сайлауын да, мәслихаттар сайлауын да белгілеп отыр. Олардың барлығы да жаңаша өтеді.

Айтылуға тиіс тағы бір жай бар. Президент сайлаудың қатаң түрде заңға сәйкес өтетіндігіне кепілдік беретінін және сайлаудың шетелдік, отандық байқаушылардың қатысуымен әділ әрі ашық өтетінін шегелеп айтты.

– Қаңтар қасіретінен кейін еліміз­дегі көптеген проблема жала­ңаш­танды. Президент «ашық демо­кратиялық қоғам құрамыз» деді. Десе де «Әділетті Қазақстанды ескі кадр­лармен құру» деген сияқты мәсе­лені қозғасақ. Сіз мұны дұрыс деп есептейсіз бе? Президент реформадан кейін саясат түбегейлі жаңарады, саясатқа халықтың батасын алған тың адамдар келеді дегенді айтты. Біздің елімізде кадрлық тапшылық барын да ескеруіміз керек.

– Әрине, Әділетті Қазақстанға жаңа кадр­­­ларды ешкім Айдан түсірмейді, олар­ды шет­елден жібермейді. Осы 19 мил­лион­­ ха­лықтың ішінен шығарып, тауып, жа­сау керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­­дарында жаңа мемлекетті негізінен бұ­рын­­ғы партиялық номенклатураның адам­­дары құрып шықты, басқа адамдар жоқ та еді. Сол кезде ісімен, сөзімен көзге түс­­­кен­­­­дер­­­дің барлығы елдің жалғыз пар­тия­­­сын­­­да болды. Жаңа мемлекетті құру­ға ке­шегі ком­­­мунистер атсалысты және бар­­­лық не­­гіз­гі мәселелерді кешегі күннің, кешегі қо­­­­ғам­­ның кадрлары шешті. Олар іш­т­ей тү­­лед­і, іштей өзгерді. Сол сияқты қа­зір­гі кадр­­­­лардың ішінен жаңаша жұмыс істей ала­­тын адамдарды тауып, жаңа мін­дет­­­тер­­ді ше­­шуге бейімдеу керек. Осын­дай жұ­­мыс жа­салып жатыр және жасала да береді.

– Қалай ойлайсыз, сайлаудың мән-маңызын халық жете түсіне алды ма?

– Біз көбінесе сайлауды сол сайлау­ға түскен кандидаттардың сынағы деп қараймыз. Бұл бір жағы. Әрине, сайлау ең алдымен сайлауға түсетін адамдарға сынақ – олардың біліктілі­гіне, білімділігіне, азаматтығына, бел­сенді­лігіне, шешендігіне сынақ. Екін­ші жағынан кез келген сайлау сол сай­лауға қатысатын халыққа да сынақ, сай­лаушыларға да сынақ. Қалайша? Осы арқылы сайлаушылардың, халықтың азаматтық белсенділігі де сынаққа түседі, сайлаушылардың кімнің кім екенін танитындығы, кімнің қолынан не келетінін біле алатындығы да сынаққа түседі. Жеңіл сөзге ермеу, арзан уәдеге сенбеу деген сияқты қасиеттердің барлығы осындай елдік емтиханынан өтуге мүмкіндік береді. Қазақстан халқы 20 қарашада сол сынақтан сүрінбей өтетіндігіне де, елім деген ерге дауыс беретіндігіне де күмән жоқ.

– Сауытбек Абдрахманұлы, көрші­лері­міздегі геосаяси жағдайдың біздің кезектен тыс Президент сайлауымызға тікелей қатысы жоқ деп өзіңіз айтып өтті­ңіз. Десе де әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық мә­селеге келгенде бұл қақтығыс­тар­дың әсері, салқыны болатын сияқты.

– Әрине. Менің айтып отырғаным мынау – Армения мен Әзербайжан қақтығысы, Қырғызстан мен Тәжікстан қақтығысы, содан кейін кешегі Ресейдегі мобилизация Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы күзде сайлау өтетінін жариялаған 1 қыркүйек­тен кейін болды. Тікелей қатысы жоқ деге­нім содан. Бірақ күні ертеңгі сайлауға ол оқиғалар міндетті түрде ықпал етеді. Мысалы, қазір азық-түлік өнімдері бірінен кейін бірі қымбаттап, тарифтер көтеріліп, пәтерлер бағасы артып жатыр. Мұның барлығы сайлаушылардың көңіл күйіне әсер етпей қоймайды. Бірақ елге сынақ, санаға салмақ дегендегі айтатын ойы­мыз солардың барлығының арғы түбірін түсіну керек дегенге тіреледі. Қазіргі санкциялық соғыстар, біздің стратегиялық көршімізге салынған Батыс санкциялары, Ресейдің Еуропаға жасаған кері санкция­лары – газдан қысу, мұнайдан қысу – энергия күштерінің қымбаттауына алып келді. Энергия күштері қымбаттағаннан кейін барлық тауардың құны көтеріліп кете береді. Мысалы, Еуропада қазір қымбатшылық, бағалардың талайы шамамен бір жарым есе өсті. Олардың бізге ешқандай ықпал жасамауы мүмкін емес. Бірақ осы сайлау барысында сол қиын­дықтарды өз мүддесіне пайдаланатын және мемлекеттік билікке қарсы пай­даланатын күштер міндетті түрде шы­ғады және ондай популистік сөздер талай­дың көңілінен орын табады. Бірақ сай­лау­шылар объективті және субъективті себеп­тердің арасын ажыратуы керек, қай се­бептердің объективті сипаты бар екенін, қай қиындықтардың өзіміздің, тіке­лей Қазақстанның өзінің ішіндегі орашо­лақтыққа, өзіміздегі іс тетігін білмеу­ші­лікке қатысты екендігін дәл білуі керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»