Жақында Қызылордада 39 жастағы келіншек толғақ үстінде көз жұмды. Бұл биылдыққа тіркеліп отырған бесінші жағдай екен. Ана мен бала саулығына байланысты өткен жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұған жол бергендердің жауапкершілігі қатаң қаралуы керектігін қадап айтты.
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының іске асу барысы қаралған Үкімет жиынынан кейінгі осы отырыста облыс басшысы аймақтағы ахуалды саралап, мәселеге ерекше мән беруді тапсырды.
Кейінгі жылдардағы ана мен бала өлімі көрсеткіштері ең алдымен, дәрігерлерді алаңдатуы тиіс. Өңір әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловқа емдеу нысандарына талдау жасап, жағдайды жақсарту үшін нақты ұсыныс енгізуді тапсырды.
Жуырда ғана болған ана өліміне қатысты оқиға жан-жақты зерделеніп, кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылуға тиіс. Алда мұндай жағдай қайталанбауы үшін қажетті мүмкіндіктерді пайдалана отырып, нақты шаралар қабылдануы керек.
– Әрбір тіркелген өлім бір отбасының трагедиясы екенін ұмытпайық. Осыдан екі жыл бұрын – 12, былтыр – 10, жыл басынан бері 5 ана өлімі тіркеліп отыр. Бұл мәселені осы кезге дейін арнайы қарап, тиісті сала басшысына, дәрігерлерге нақты тапсырмалар берілген еді, алайда орындалуы көңіл көншітпей тұр. Нәрестелердің шетінеуі де – күрделі мәселе. Бауыр еті баласынан айырылу кімге де оңай емес, бұл – тұтас отбасының тағдыры. Әр адам дәрігерге үмітпен келеді, дертіне шипа табамын деп сенеді. Ал дәрігерлерде жауапкершілік жағы кемшін түсіп жатыр. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан ана өліміне жол берген мамандардың мәселесін қарап, талдау жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі.
Жиында облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Олег Ким мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Айна Мұхамбетоваға нақты тапсырмалар берілді.
Ана мен бала өліміне қатысты барлық деректі арнаулы комиссия саралап, мамандардың кәсіби деңгейіне талдау жүргізіледі. Бұл мәселе алдағы облыстық мәслихат сессиясының күн тәртібіне қойылады. Облыс әкімі ана өліміне жол бергендерге қатысты тексеру қорытындысы әкімдіктің алдағы кеңейтілген жиынында қаралатынын да ескертті.
Жиында аймақ басшысы Ұлттық жобада көзделген көрсеткіштер мен нысаналы индикаторларға қол жеткізу мен дәрігерлер тапшылығын азайту мақсатында медициналық ұйымдарға талдау жасауды, жүкті әйелдерді босануға дейінгі жеке және салааралық бақылаумен қамтуды сапалы жүргізуді тапсырды.
Осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен арнайы штаб отырысы өткізілгенін хабарлады. Оған облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің және «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Қызылорда облыстық филиалының басшылары және медицина ұйымдарының бас дәрігерлері қатысқан.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, ана өліміне жол бергендерге тәртіптік шара қарастырылып, оқиғаға байланысты комиссия іске кірісті. Қазір облыстық перинаталдық орталықта жағдайға байланысты сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Сараптама қорытындысынан кейін тиісті шаралар қабылданады.
Қызылорда