Жазушы Оралхан Бөкейдің драматург ретіндегі төл мұрасын сахнаға шығарып, көрерменімен қауыштыруда Қазақстанның еңбек сіңірген белгілі, режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сіңірген еңбегі ерен. Ең алғаш 1982 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында корей режиссері Мең Дон Уктың режиссерлігімен қойылған «Қар қызы» лирикалық драмасында бас кейіпкердің бірі – Бақытжанды театр тарихында алғаш болып сомдаса, кейінірек режиссер ретінде де және бірқатар пьесасына сахналық ғұмыр сыйлады. Сондай туындының бірі – «Атау кере» шығармасы.
2003 жылы режиссер Нұрқанат Жақыпбай О.Бөкейдің «Атау кере» повесін (сахналық жүйесін жасаған Мұхамедия Ахмет-Төре) сахнаға шығарды. Өзінің шығармашылық өмір жолында талай бейнелерді жасаған актер мұндағы Таған рөліне аса зор дайындықпен келді. Ол өз кейіпкерінің өмір болмысын терең зерттеп-зерделеп, оның ерекшелігін дәл тапты.
Жалпы, режиссердің жазушы Оралхан Бөкейдің әдеби һәм драматургиялық мұрасына мұншалықты дендей бойлап, аялай әспеттеуінің өзіндік себебі де бар. Ол ең әуелі ертеректе «Қар қызы» қойылымы арқылы басталған ғаламат шығармашылық тандем болса, екінші себеп – аманат.
Қаламгер соңғы жазған драматургиялық шығармасы – «Шыңғысхан» пьесасын Үндістан сапарына жүрерінен бір күн бұрын Нұрқанат Жақыпбайға аманат етіп табыстап кеткенін көпшілік қауым біле бермейді. Сұңғыла сырлы суреткердің соңғы арманы мен соңғы аманаты жөнінде режиссер толғана отырып сыр ашты:
– 1993 жылдың 8 мамыры... «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына Орекеңе келдім. Барып есікті ақырын ашып қарасам, төрде отыр екен. Құшағын айқара ашып, қуана қарсы алды. «Бір режиссердің іздеп келетінін біліп едім», деп қуанып кетті. Өзі де не үшін келгенімді сезіп отыр екен, екеуміз «Атау кере» жайын ақылдастық. «Сен пьесаны қоя тұр, алдымен кино түсірейікші» деді. Сөйтсем, Орекең бұл повесть желісімен кино түсірілсе деп ойлайды екен. «Ореке, кино емес, кинодан бұрын пьеса жасайық. Мен театр режиссерімін ғой деп едім, ол кісі дегенінен қайтпады. Соңында киноны да, спектакльді де сахналайтын болып келістік. Бірақ дәл сол уақытта Үндістанға іссапармен кетіп бара жатуы салдарынан уақыты қарбалас екен. «Мен Делиге жол жүріп бара жатырмын, он шақты күннен кейін ораламын. Сапардан келген соң бір аптаның ішінде театрға пьеса жазып беремін», деп уәдесін берді. Кино жайын, сценарийдің барлығын спектакльден кейін ақылдасып, түсіретін болып келістік. Бірақ амал қанша, сол сапарынан Оралхан оралмады... Кейін «Атау керені» сахналадым. Бірақ бір өкініш – өзі сонша армандаған «Атау кересін» Орекеңнің өзі сахнадан көре алмауы болды. Кейде ұзақ дайындалып, сан мәрте қайталап оқып, жүрексініп жүріп алмай, «Атау керемен» алғаш таныса салысымен-ақ, Орекеңе барып жолығып, шығарманың пьесалық нұсқасын өзіне жаздырып алмағаныма өкінемін. Өзектегі өкініш – осы. Бірақ жазмышқа кім қарсы тұрған? – Орекеңнен мұндай жағдайда көз жазып қаламыз деп кім ойлаған? – деген режиссер әңгімесін әрі қарай жалғады: – Сол күнгі кездесу ерекше есімде. Орекең «Атау керені» іздеп режиссердің келгеніне ерекше қанаттанып, қуанды. Шығарманы сахналау жайын келісіп, қол алысып, қоштасып шығып бара жатқанымда, мені тоқтатып алып, қағаздары ретімен жиыстырылып, қаз-қатар қаланған тартпасының ішінен бір папканы алып шықты да: «Қанатжан, (Нұрқанат Жақыпбайды осылай атайды. – авт.) бұл – пьеса. Шыңғысхан туралы жазып едім. Оның өзінің бір тарихы бар. Бір кездерде ақшам жоқ болып қалып, қарыз сұрауға арым жібермей, таза материалдық қажеттілік үшін осы пьесаны жазып шыққан едім. Жазып болған соң, барып өткіздім де, ақшамды алдым. Арада біраз уақыт өткен соң ойлана бастадым. Ақша үшін асығыс жазылғаннан кейін стильдік тұрғыдан олқылықтардың кеткенін өзім іштей сезетінмін. Содан шыдай алмай, Мәдениет министрлігіне барып, «пьесамды өңдеймін» деп қайтып алдым. Мынау – сын сүзгісінен өтіп, толықтай өңделген нұсқасы. Шыңғысхан жайында анау да, мынау да айтып жүр ғой. Алайда мұның оқиғасы бұған дейін айтылып келген жайттардан мүлдем бөлек, пьеса жазбастан бұрын да Шыңғысхан жөнінде көп ізденген едім. Әбден тексерілген деректер мен бұлтартпас дәйектер негізінде жазып шықтым. Мен келгенше мұқият оқып шығып, өз пікіріңді дайындап қойшы. Келген соң асықпай әңгімелесеміз» деді. Содан пьеса салынған папканың бауын да шешпестен, менің қолыма ұстатып, шығарып салды. Келе салып, қуанып папканы ашып қарасам, машинкамен терілген жазудың үстінен өзінің маржандай әдемі жазуымен қайтадан түзеп, өңдеген қолжазба күйіндегі нұсқасы екен. Маған пьеса бірден ұнады. Бірақ кейін папкасын қайтарып алмады, біз пікірлесіп үлгермедік те... Себебі, Орекең сол сапардан оралмады... қазір ол пьеса менде сақтаулы. Ылғи қояйын деп ойлаймын да, мүмкін Оралханның ойлағанындай сахналауға әлі де жеткен жоқ шығармын, атүсті кетіп қалармын деп өзімді-өзім тежеп, содан бері арада отыз жылға жуық уақыт өтсе де, сахналауға әлі де батпай жүрмін. Бұл – соңғы сапарына аттанып бара жатып, аманат етіп қалдырған дүниенің салмағын сезінгендігімнен шығар. Бірақ ойымнан бір сәт те шығарған емеспін. Алла жазса, таяу күндері «Кербұғысын» сахналасам деп жүрмін. Содан кейін міндетті түрде «Шыңғысханмен» айналысатын боламын...», деді Нұрқанат Жақыпбай жазушы туралы естелігін аяқтап.
Демек, сұңғыла сырлы суреткер Оралхан Бөкейдің ел білмейтін «Шыңғысханымен» қауышатын да күн алыс емес. Әлі күнге дейін ешбір жерде жарияланбаған, ешқандай театрда қойылмаған айтулы қойылым сахналық тағдырын таба алса, сөз жоқ, өнер әлеміндегі үлкен жаңалық болары анық.