Әлқисса, жақын күні алпамса Арқа төсіне сапарлап, көз жетпес кеңістікке көз суарып, салқар дала иісімен кең тыныстағамыз. Ұшы-қиырсыз көсілген арқар жондар мен түйеөркеш дөңдер, адырна іспетті балуан адырлар состиып тұра қалған. Кенет құлаққа «Арқа аруы» атты әуелеген, жүректі езіп, жанға шоқ лақтырар ән шырқалып қоя берді. Бақсақ, орындаушысы – аңызға айналған Игілік Омаров. Әннің авторы – Илья Жақанов екен.
Илья Жақанов әндері жібектей есілген нәзік лиризмімен жанды елітеді. «Арқа аруы» әнінің тұла бойға тарар уыты мен орындаушысын дәл тапқан айдарлы желісі кісінің қиялын алпыс қырдан асырып, жеті таудың желкесіне мінгізердей сыршыл. «Жайлаукөл кештері», «Салтанат», «Сағыныш», «Ақ қайың» сынды жүзге тарта әні халық арасына таралған Илья Жақанов сазгерлігімен бірге өнер зерттеушісі, жазушы, суретші. Әңгіме ауанын ән тарихына қарай бұрмақпыз. Анығырақ айтсақ композитордың «Әселім» атты әнінің тарихын тарақтамақпыз.
Сонымен, классик жазушы Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» атты повесі көзіқарақты оқырманға етене таныс. Жеке ғаламшарға бас бұрғызып, ізгілік пен махаббат, адамгершілік пен ар, өкініш пен сүйініш көліне тартқан шығарма көңілді қариды. Шығарманың соңғы сөйлемдері есіңізде болар? «Кететін күн көлдің жағасына, сол баяғы құлама жарқабаққа тағы бардым. Тянь-Шань тауымен, өзімнің Ыстықкөліммен қоштастым. Қош бол, менің Ыстықкөлім, таусылмас ән-жырым! Сені, сенің көгілдір айдыныңды, жап-жасыл жазық жағаңды өзіммен бірге ала кетер ме ем шіркін! Қолдан келер ме бірақ. Сүйіктімнің махаббатын әкете алмай кетіп барам, сені де әкете алмаймын ғой... Қош бол, Әсел! Қош бол, қызыл желек жамылған, жел тербеткен шынарым! Қош бол, адал махаббатым! Бақытты бол!..». Міне, тұтас повесті жүрек көзімен шолып, осы бір соңғы сөйлемдерді оқып тауыса бере Илья Жақановтың кеудесі күмбір сазға толып, күміс толы тостағандай сыңғырлап қоя береді. Көп ұзамай өмірге іңгәлап «Әселім» әні туады, ту сала ауыздан-ауызға, жүректен-жүрекке желдей есіп тарап кетеді. Лиризмге толы ән ықпалымен сол жылы қыз балаға «Әсел» есімін беру үрдіске айналған. Шыңғыс Айтматов ән авторын көргенде қолын қосып, мерейі тасып: «Илья, сені ағаларың музыка зерттейді дейді, сол еңбегіңе тәнті болып көп әңгіме айтып еді, бүгін өзіңді жүзбе-жүз көріп отырмын. Еңбегің өте жақсы екен, жалғастыра бер» дейді шуағын төгіп.
Ән мәтіні – баяу, мамыражай, сіңімді. Өлеңін Шыңғыс Айтматовтың өзі жазыпты. Қырғыздың ұйқасы мен ырғағы қазақ тіліне түскенде өзгешелікке ұшырайтыны бар, бірақ өлеңдегі аста-төк сезім қоры сақталған.
Самалы жұпар жазғы бір кеште,
Ойласам болды Ыстықкөл жақты.
Айтылған сырлар түседі еске,
Оятқан сонда ақ махаббатты.
Тағдырмен қатал ойнатқан сонда,
Қайдасың менің армансыз күнім?
Бақ құсы едің, қонбадың қолға,
Қапыда қалдым зар толып үнім.
Ал қайырмасына келгенде ән сазы тіпті құлпырып, түрленіп кететіні бар. «Сағынтқан әнім, Әселім, жаным» атты төрт сөз әнге сарқылмас іңкәрлік пен мейірім қосып, айшықтап тұр. Сірә, қырғыз-қазақ әндеріне ортақ құндылық – атаның қаны, ананың сүтімен берілген инабаттылық, әдеп, байсалдылық, құлай берушілік. Тасырлық пен қатқылдықтан ада асқан сезімталдық. Керек болса, өрт кешіп, өмірін қиюға даяр адалдық, батылдық. Бұл шынайы қасиеттер ар-иманы, әдебі, мазмұны жойылмаған елде ғана болады. «Әселім» әні осындай діңі берік, тынысы жұпар ән.