• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Қыркүйек, 2022

«Жасыл Жібек жолы» экологиялық талаптарға сай ма?

299 рет
көрсетілді

Қытай әлем елдеріне ұсынып отырған «Бір белдеу, бір жол» жобасын одан әрі жандандыруға сенім білдіріп отыр. Алайда сарапшылар бұл жобада «қоршаған ортаны қорғау қағидалары қарастырылмаған» дейді. Мамандардың айтуынша, бірер жылда жаһанның экологиялық проблемалары одан сайын күрделене түсуі мүмкін.

2000-2017 жылдар аралығында ҚХР 165 елге 13 мыңнан астам жобаға шамамен 843 млрд доллар инвестиция құйды, олар­дың көпшілігі «Бір белдеу, бір жол» жобасында (BRI) көзделген. BRI-ге жоғары жылдамдықты темір жол желілері, көмірмен жұмыс істейтін және су электр стан­­салары, порттар, жолдар, көпір­­лер салу және туризмді дамы­ту кіреді. Осы уақытқа дейін Қытайдың қаржысына әлем­де бөгеттер, ауруханалар, шах­талар, құбырлар, IT кабельдер, жаңа қалалар мен парламент ғимараттары бой көтерді. Сонымен қатар ақша көлік және энергетикалық жобаларға да жұм­салды. Morgan Stanley жарияла­ған мәліметке сәйкес, Қытай­дың жалпы инвестициясы 2027 жылға қарай 1,3 трлн долларға жетуі мүмкін. Өйткені көптеген әлемдік көшбасшылар BRI-ді Дүниежүзілік банктен немесе бай елдерден қол жеткізе алмаған арзан несиелердің көзі ретінде қарастырады. Сөйтіп бірқатар ел Қытайға қарыз болып отыр.

Ал сарапшылар Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу, бір жол» жағдайында тұрақты және негі­зі­нен оң қарым-қатынаста еке­нін алға тартады. Мысалы, Ма­лай­зия немесе Шри-Ланка сияқ­ты BRI бөлігі саналатын елдерде ірі жобалар ке­ліс­­пеушілік салдарынан тоқта­ты­лып, Қытайға қарызды өтеу проблемаға айналған немесе халық BRI мен Қытайдың араласуына түбегейлі наразылығын білдірді. Цюрих институтының жанындағы Қауіпсіздікті зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Бенно Зогг аталған елдермен салыстырғанда Қазақстан негізінен BRI жобасында табысты елдердің қатарында екенін айтады. Мәселен, «Бір белдеу, бір жол» Қазақстанда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орта­лығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын, Қазақстан-Түрікменстан жаңа темір жол дәлізін құруға үлкен ықпал еткен.

Азия, Шығыс Еуропа және Африка елдеріне құны трлн доллар тұратын ірі транс­континентал­дық дәліздерде зама­науи «Жібек жолы» желісін салуды көздейтін жоба 2013 жылы Си Цзиньпиннің бастамасымен іске асып келеді. Табиғатты қорғау мамандары болса «BRI жобаларының көпшілігі әлемдегі биологиялық тұрғыдан ең бай жерлер арқылы автомобиль және темір жол жүк желілерін салуды қамтиды», деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен HSBC «BRI флора мен фаунаның шоғыр­ланған нүктелеріне құрылыс жүр­гізіп, кері әсерін тигізді» деп хабар­лаған болатын. Олар қазірде осының салдарынан Сібір жолбарыстары, шығыс ақ ләйлектері және алып пандалар секілді жойылып бара жатқан аң-құстың 265 түріне қауіп төндіретінін ескертті. Квинсленд университетінің зерттеушісі, Nature журналында BRI аясында биоалуандықты қорғау бо­йынша жарияланған зерттеудің жетекші авторы Дивья Нарайн бұл бас­таманы «тарихтағы ең қауіпті экологиялық жоба» деп санайды. «Бұл қоршаған ортаға кері әсер етеді, өйткені жоба әлем­дегі ең таза экожүйелер шоғыр­лан­ған жерлерде жүзеге асы­рылып жатыр», деді ол. Нарайн Дүние­жүзі­лік банктің BRI жоба­сының дерек­қорынан 9500 миль (15 мың км) темір жол және автомобиль­ді қоса алғанда, 33 көліктік мегажо­баның ұсынылғанын және BRI шеңберінде 48 ірі гидроэлектр бөгетін салу жоспарланғанын алға тартады. «Көптеген аяқталған жоба қазірдің өзінде қоршаған ортаға орасан зиян келтірді», деді Нарайн.

Сондай-ақ The Guardian басылымының мәлімдеуінше, Камбоджадағы Меконг өзенінің сағасындағы алып бөгет және Қытайдан Лаосқа апаратын негізгі темір жол желісі ормандарды жо­йып, мыңдаған отбасы өзге жақ­қа қоныс аударуға мәжбүр бол­ған. Ал Пәкістан, Кения, Индо­незия және Сербиядағы көмір­мен жұмыс істейтін электр стан­саларының жұмысына қарсы халық нара­зы­лық акцияларына шықты. Малайзияда және басқа жерлерде автомобиль және темір жол құры­лысы экожүйелер жойылуына әкелді. Кениядағы Найроби ұлттық саябағын басып өтіп, Африкадағы ең маңызды жабайы табиғат қорықтарының бірі – Цаво ұлттық паркіне апаруға тиіс темір жол құрылысына табиғат қорғаушылары қарсылық танытты. Дивья Нарайнның айтуынша, BRI жобаларының Дүниежүзі­лік банктің несиелерінен немесе көпте­ген бай елдің көмек бағ­дарла­ма­л­арынан айырмашы­лығы, зиян­ның көп бөлігі биология­лық әртүр­лілікті қорғаумен шек­телмеген. Шетелде жұмыс істей­тін қытайлық компаниялар мен қаржы институттары­нан тек «қабылдаушы ел прин­ципін» ұстану талап етіледі, олар жер­гілікті экологиялық және әлеу­меттік ережелерді сақтауы керек. Алайда Нарайн бірқа­тар жоба­ны қолдайтын 35 қытай­лық қаржы­гердің біреуі ғана таби­ғатты қор­ғау қажет екенін құптап отыр­ғанын айтады. Зерттеу­ші егер бұл жағдай өзгермесе, «BRI инфра­құ­ры­­лымдық жобалары зиян кел­ті­руді жалғастыра береді» дейді.

Табиғат қорғаушыларының сынын ескерген Қытай тарапы жоба талаптарын қайта қарауды ұйғарды. 2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында Си Цзиньпин шетелде көмір энергетикасы бо­йынша жаңа жобаларды қолдауды тоқтатуға уәде берді. Бұдан кейін 2022 жылдың наурызында Қытайдың Ұлттық даму және реформалар комиссиясының жаңа директивасы шықты. Құжатта «2030 жылға қарай «жасыл BRI» енгізілуі керек, ал 2025 жыл­ға қарай BRI жобаларының эколо­гиялық тәуекелдерінің алдын алу айтарлықтай жақсарады» делінген. Бірақ Нарайн сияқты сарапшылар жаңа ережелердің мағынасы аз екенін, өйткені BRI орталықтан басқарылмайтынын және BRI жобаларын қаржылан­дыратын бірде-бір қытайлық банк биоалуандықты қорғау немесе шетелдегі шығарындыларды азайту үшін міндетті талаптар қоймайтынын айтады.

«Жаңа нұсқаулықтарды шы­ғару оның лезде жүзеге асуына әкелмейді», дейді жасыл қар­жыландыру және даму орта­лы­ғының негізін қалаушы дирек­торы және Шанхайдағы Фудан университетінің доценті Кристоф Ванг. Аустралияның Кейрнс қала­сындағы Джеймс Кук универси­теті­нің Тропикалық экология және тұрақтылық орталығының директоры, биолог Уильям Лоранс та бұған күмәнмен қарайды. «Белдеулер мен жолдар әлі де экожүйеге үлкен әсер етеді. Қытай оның көміртектілігі төмен, жасыл және тұрақты болатынын айтты, бірақ бұл күмәнді. Жаңа жолдар ормандарды жоюды жалғастыра береді. Қытай қоршаған ортаны қорғау ережелерін ұстанатынын алға тартып отыр. Дегенмен жоғалған жасыл әлемді қайтару қиын», деді ол The Guardian-ға берген сұхбатында.

Ал Финляндиядағы Энергия және таза ауаны зерттеу орталығы (Crea) «Қытай 2020 жылдың басы­нан бері BRI шеңберінде ешқан­дай шетелдік көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларын қаржы­лан­дырған жоқ және көп жоба тоқ­татылды» деп хабарлады. Crea сарапшысы Изабелла Суарес­тің мәліметіне сәйкес, шамамен 12,8 гигаватт электр қуатын өндіре а­латын 15 көмірмен жұмыс істейтін кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған.

Осы жылдың басында АҚШ пен G7-нің өзге елдері «BRI кедей елдердегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру арқылы Қытайдың жаһандық геосаяси көшбасшылыққа қол жеткізуіне мүмкіндік береді» деп қауіптеніп, алдағы бес жылда 600 млрд доллар инвестициялауды көздейтін бәсекелес жоспарды іске қосты. Жаһандық инфрақұрылым және инвестиция бойынша серіктестік (PGII) деп аталатын бағдарлама әлі де толықтай бекітілген жоқ. Алайда жоба тас жол, темір жол, порттар мен бөгеттер салу үшін елдерге несие бермейді, есесіне өнеркәсіптік күн электр стансалары, Африкадағы вакцина өндірісі орталығы және «жұмсақ» жобаларды қаржыландыру арқылы Қытайдың дамушы елдердегі ықпалына қарсы тұруға тырысады. Сондай-ақ Азия мен Африканы бай­ланыстыратын цифрлық инфра­құрылымға осы уақытқа дейін АҚШ пен ЕО сәйкесінше 200 млрд және 317 млрд доллар бөлуге уәде берді. Әзірге PGII BRI-ге қа­рағанда қоршаған ортаға зияны аз болады деп уәде беріп отыр. «Қазіргі жаһандық геосаяси бәсе­­келестік жағдайында PGII BRI-мен бәсекелесуге ұмтылады. Егер жоспар кедергісіз жүзеге асса, оның нәтижесі алдағы онжыл­дық­та көрінеді», дейді сарапшылар.

Қытай болса өз жобасының ауқымын кеңейтіп жатыр. Мәсе­лен, 2019 жылдың шілдесінде Қытай Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасинаны қызыл кілем төсеп қарауылмен қарсы алды. Бейжіңде оны ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен премьер-министр Ли Кэцян қабылдады. Үш күннен кейін Хасина Бангладеште электр стансаларын салу және экономиканың дамуына арнал­ған басқа да қаржылай көмек көр­сету үшін бөлінетін тоғыз млрд долларлық келісімдермен Даккаға оралды. Шейх Хасинаның қысқа сапары екі елге де пайдалы болды. Ірі жаңа инфрақұрылымдық жобалар Банг­ладештегі өмір сүру деңгейін көтеруге көмектеседі, сонымен қатар Қытайға 160 млн-нан астам халқы бар қарқынды дамып келе жатқан көршісіне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді.