• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Қыркүйек, 2022

Атомға алаңдаған әлем

880 рет
көрсетілді

Әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты ядролық қару қолдану мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Әсіресе Украинадағы шиеленістің өрши түсуіне байланысты халықаралық қоғамдастық алаңдап отыр. Бұл аз десеңіз, Иранмен арадағы атом энергиясына қатысты көпжақты келісім де көңіл көншітер емес. Баллистикалық зымыранды сынақтан жиі өткізетін Солтүстік Корея да атом бомбасымен қорқытуға бейіл.

Ресей президенті таяуда жасаған үндеуінде территориясын қорғау үшін ядролық қаруды қолдануға дайын екенін мәлімдеді. Кремль басшысының бұл сөзі Украинада кішігірім «тактикалық» ядролық жарылыс жасалуы мүмкін деген қауіпті лаулаған оттай өршітті. Өз кезегінде АҚШ президенті Джо Байден мұндай қадам Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең нашар әскери шие­леніс болатынын жеткізді.

Тактикалық ядролық қару – майдан шебінде қолдануға немесе шектеулі ядролық соққы беруге арналған шағын ядро­лық зарядтар. Оны қолданған жағ­дайда ауқымды радиоактивті ластану болмай­ды. Нақты аумақтағы нысаналарды жоюға пайдаланылады. Ең шағын деген такти­калық ядролық оқтұмсықтың қуаты бір кило­тонна тротилге дейін жетеді. Яғни жары­лыс­тың қуаты мың тонна тротил жарылы­сының қуатына шамалас. Мұндай қару­дың ең ауқымдысы 100 килотоннаға дейін жетуі мүмкін. Ал стратегиялық ядро­лық қару әлдеқайда қуатты, мың кило­тон­наға тең. Стратегиялық атом бомбалары алыс қашықтықта, мыңдаған шақырым жердегі нысанды жоюға арналған.

Тарихтағы ең қуатты термоядролық жарылыс Кеңес Одағы тұсында жасалды. «Царь» атом бомбасының қуаты 58 мегатоннадан асты. Салыстырмалы түрде қарасақ, Хиросимаға тасталған америкалық ядролық бомбаның қуаты 15 килотоннаға тең. АҚШ барлау қызметінің мәліметінше, Ресейде 2 мыңға жуық тактикалық ядролық қару бар. Тактикалық ядролық оқтұмсықтарды кәдімгі ракеталармен, қанатты немесе тактикалық зымырандармен, тіпті артиллериялық снарядтармен бірге қолдануға болады. Оларды ұшақтардан немесе кемелерден де ұшыруға мүмкіндік бар. Мұндай оқтұмсықтар зымырандарға, торпедаға немесе тереңде жарылатын бомбаларға орнатылады. АҚШ тарапы Ресейдің кейінгі жылдары мұндай қару-жарақ жасауға қомақты қаржы жұмсап, олардың қашықтығы мен дәлдігін арттырғанына сенімді.

Тактикалық ядролық қару ешқашан нақты әскери қақтығыстарда қолданылған емес. АҚШ немесе Ресей секілді ядролық державалар бүгінге дейін тактикалық мақсатқа жету үшін кәдімгі заманауи қаруларды пайдалануды жөн көріп келді. Бұған қоса, әзірге бірде-бір ядролық держава тактикалық ядролық қаруды қолданғаннан кейін басталатын ядролық соғысқа кінәлі атануға тәуекел еткен емес.

Украинадағы жағдай бір бөлек те, әлемдегі кейінгі кездегі ядролық қаруға қатысты мәселе бөлек тақырып. Соңғы жылдары атом бомбасын жасауда қайта жарыс басталғандай. Қазіргі таңда әлемнің бірнеше елінде ядролық қару бар. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері – АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Ұлыбритания атом бомбасының заң­ды иегері саналады. Бұдан бөлек, Израиль, Үндістан және Пәкістан да ядро­лық арсеналы бар елдер қатарында. Иран да атом бомбасын иеленуге мүдделі. Ал Солтүс­тік Кореяның жөні бөлек. КХДР билігі бірнеше рет ядролық қаруын сынақтан өткізіп, әлемді шулатқаны есімізде.

Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ядролық қарусыздану жөніндегі келісімдер бірінен кейін бірі бұзылып жатыр. Мәселен, АҚШ тарапы Дональд Трамп кезінде Иранмен жасалған келісімнен шықты. Сондай-ақ Қысқа және орта қашықтағы зымырандарды жою шарты да бұзылды. Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жос­парына» қол қойған еді. Келісім бойын­ша Иран тарапы уранды байыту бағ­дар­ламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақ үй тізгінін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген еді. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті. Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды.

Бұдан кейін Иран қарап жатқан жоқ. Ел парламенті уран өндірісіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабылданған келісім бойынша байы­ту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санк­ция­ларын алмайынша бұл бағыттағы жұмы­сын жалғастыра беретінін жеткізді. Прези­денттік орынтаққа Джо Байден жайғас­қаннан соң АҚШ тарапы Иранмен арадағы келі­сімді қайта жандандыруға ниет білдір­ді. Сөйтіп, келіссөздер басталған. Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ қатысады. Қазірге дейін келіссөздердің бірнеше раунды өтті. Жыл басында келісімге қол қойылуға сәл қалғанда Украинадағы соғыс басталып кетіп, әңгіменің соңы аяқсыз қалды.

Шілдеде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын АҚШ пен Оңтүстік Кореяға қарсы ядролық күш қолдануға дайын екенін мәлімдеді. «Қарулы күштеріміз кез келген қақтығысқа жауап беруге толық дайын. Ядролық оқтұмсықтарымыз да дәл әрі жылдам қимылдап өз миссиясын атқармақ», деген еді Солтүстік Корея көшбасшысы. Сонымен қатар Оңтүстік Кореяның қарулы күштері қарсы келсе, Сеул мен оның әскерлерінің көзі жойылады деп сес көрсетті.

Осы орайда, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау мәселесінде зор рөл ойнайтынын айта кеткен жөн. Өйткені еліміз атом бомбасының азабын аз тартқан жоқ. Естеріңізде болса, 1949 жылы 29 тамызда Кеңес өкіметі Семей ядролық полигонында атом бомбасын алғаш рет сынақтан өткізді. Содан бастап КСРО ядролық қаруды тәжірибеден өткізуге бел шешіп кіріскен еді. Семей полигонында жарылған атом бомбаларының жалпы саны 456-ға жетіп жығылады. Соның 116-сы жер бетінде не әуеде сыналған. Осы аралықта тәжірибе жасалған ядролық қарулардың қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған «Балақай» атом бомбасынан 2,5 мың есе қуатты.

Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, ядролық қару арсеналының біраз бөлігі Қазақстанға мұраға қалғаны мәлім. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 28 тамызда Қазақ елі үшін аса маңызды құжат, Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Ғасырдың зұлмат қаруына қарсы күрес мұнымен тоқтап қалған жоқ. Қазақстан халықаралық аренада ядролық қаруға байланысты өз ұстанымын нақты білдіріп, шартарапты одан бас тартуға шақырып келеді. Сондықтан болар бүгінде дөңге­ленген дүние Қазақ елін ядролық қарумен күрестің көшбасшысы санайды.

Семей топырағында атом бомбасы жарылғаннан 60 жыл өткен соң адамзат үшін маңызды қарарға қол қойылды. Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде жариялады. Аталған қарар Қазақстан тарапының бас­тамасымен ұсынылған болатын. БҰҰ Бас Ассамблеясы оны бірауыздан қабылдады.

Жалпы, Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Қазақстанның «еншісіне» өте мол ядролық арсенал мұраға қалды. Бұл – «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бәсекелескен АҚШ-ты бейжай қалдырған жоқ. Тіпті халықаралық қоғамдастық та одақ тарқағаннан кейін жаңадан тәуелсіздігін алған елдерге күмәнмен қараған-ды. Қазақстанның оқтұмсықтары Батыстың беткеұстар дипломаттарының ұйқысын қашырғаны мынадан-ақ бай­қала­ды. Екіжақты келісімді сылтауратып шетелдік шенеуніктер бірінен соң бірі елімізге жиі ат басын бұрды. Әйтсе де, бәрін мазалаған бір ғана мәселе: Қазақ­станның ядролық қаруы.

Қазақстанның ядролық арсеналы Батыс елдерін ғана қызықтырып қойған жоқ. Араб әлемі де оқтұмсықтарды сатып алуға ниетін білдірді. Мәселен, 1992 жылы сол кездегі Ливия басшысы Муаммар Кад­дафи Қазақстанның атом бомбасын сақ­тап қалуы үшін миллиардтаған доллар қар­жылай көмек беруге әзір екенін жеткізген. Тәуелсіздігін енді алған мемлекет үшін бұл арбайтын ұсыныс. Өйткені Кеңес өкіметі құлағаннан кейін ел экономикасы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ Қазақстан мұндай жомарт ұсыныстан бас тартты.

Міне, осылайша, Қазақстан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жер-жаһанды жаппай қырып-жою қаруларынан азат етуге бағытталған соны қадам болғанын уақыт көрсетті. Бүгінде еліміз ядролық қарудан бас тарту ісінде өзгелерге үлгі. Жалғыз Қазақстанның бастамасымен шартарапты атом бомбасынан құтқару мүмкін емесі түсінікті. Алайда еліміздің шешімі әлемді қауіпті қарудан құтқаруға зор үлес қосып келеді десек қателеспейміз.