• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Мамыр, 2010

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІРЛІКТІҢ ӨНЕГЕЛІ ҮЛГІСІ

753 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Қазақстан халқына “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кіндіктері” Жолдауы қазақ­стандықтар ғана емес, шетелдік та­нымал саясаткерлер, беделді халықаралық ұйымдар бас­шы­лары тарапынан да үлкен қызы­ғу­шы­лық туғызды. КЕДЕН ОДАҒЫ БЭК ҚҰРУҒА ЖОЛ САЛАДЫ Нирмалы ДЖОШИ, “Үндістан – Орталық Азия” қоры талдау орталығының директоры, профессор. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Назарбаевтың “Жаңа он­жыл­дық – жаңа экономикалық өрлеу – Қ­а­зақ­станның жаңа мүмкіндіктері” атты Қа­зақстан халқына Жолдауында Қазақ­стан­ның жалпы даму үдерісіндегі оң нә­тижелер ғана емес, экономикалық да­мудың жаңа кезеңдеріне елдің дайындығы да көрініс тапқан. Сонымен қатар, бұл Жолдаудың маңыз­дылығы Қазақстанның соңғы онжылдықта қол жеткізген табыстарына жалпы баға берілгендігінде жатыр. Жаһандық қаржы және эко­но­ми­калық дағдарыс эконо­ми­калық өсімді баяулатқанын білеміз. Бірақ ол Қазақстанның даму үдерістеріне кері әсер етпеді. Өйткені, елдің стратегиялық мақсаты әлеуметтік-экономикалық қайта жаң­ғы­руына ықпал етуге бағытталған бо­ла­тын. Бұл мақсат орындалды. Бұл Қазақстанды адами мүмкіндіктер индексі жоғары дамыған елдер қатарына қосу жөніндегі БҰҰ-ның 2009 жылға арналған баяндамасында атап өтілді. Жолдауда “Жол картасын” жүзеге асыру үшін орнықты дамуға қол жеткізу және бұл үдерістерді алдағы уақытта әрі қа­рай тереңдету қажеттілігі де атап көрсетілген. Ал бағдарламаның мақсаты – Қазақстан экономикасының бәсе­келестікке қабілеттілігін қамтамасыз ету. Қазақстан Президенті өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы сек­тор­ларында еңбек өнімділігін арттыру қажеттілігіне, оларды инновациялық дамыту тиімділігін арт­ты­руға ерекше назар аударып отыр. Эко­номиканы әртараптандыруды же­дел­дету қажеттілігі құжатта орынды кө­терілген. Осыған байланысты өңірлерді бірдей дамыту аса қажет екендігі ескерілген. Жолдауда ұсынылған энергетика са­ласынан өзге басымдықтар ретінде өндіруші, химия өнеркәсібін және ауыл шаруашылығын дамыту да енгізіліп отыр. Президент сондай-ақ, халық­аралық саясаттың өзегіне айналып келе жатқан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде тамақ өнеркәсібін дамыту мәселесін бөле-жара атаған. Қазақстан басшысы аталған шараларды жүзеге асыруда жеке кәсіпкерлікті дамыту аса маңызды екендігін атап көрсетеді. Сонымен бірге, Жолдауда энергетика саласында ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын дамытып, көпбейінді инженерлік орталықтар құрудың маңыздылығына да назар аударылған. Қазақстан Президенті Жолдауының орталық пункті – Ресей, Қазақстан және Беларусь елдері арасында басталған интеграциялық үдерістерді қуатты түрде ілгерілету. 2010 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Кеден одағының құрылуы Қазақстанның көзқарасы бойынша айрықша жағдай болып табылады. Бұл осы елдердің рыногына еркін кіруге жол ашады. Кеден одағының негізгі аспектісі, көп тарапты сауданы дамытуға қуатты серпін беру екені белгілі. Мұндағы тірек Қазақстанда еңбек өнімділігін арттыруға алып келеді. Осындай интеграциялық үдерістер Достастыққа мүше өзге де тәуелсіз мемлекеттерде де көрініс табуы мүмкін. Теңізге шығатын жолы жоқ Қа­зақстан үшін Кеден одағы Қазақ­станның өзге елдердің рыногына шыға отырып, жаһандық экономикалық үде­ріс­терге араласуына, осы арқылы эко­но­ми­касын мүмкіндігінше дамытуына жол ашады. Кеден одағы 2010 жылғы шілдеден зор мүмкіндіктері бар өңірдегі елдермен өзара экономикалық белсенді іс-қимыл жасау мақсатын көздейтін Біртұтас эконо­ми­калық кеңістік құруға жол салуы мүмкін. Бұған Түркіменстанмен темір жол ком­му­ни­кацияларын тарту арқылы Қытаймен көлік байланыс­тарын жақсарту жос­пар­лары дәлел болады. Осындай бай­ла­ныс­тардың әлемнің басқа да құр­лық­та­рын­дағы мемлекеттер мен кең көлемде өзара іс-қимыл орнатуға аса зор перспективалы екені даусыз. Қазақстан басшысы “Қазақстан-2020” Стратегиясы аясында инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікті ынталандыру жауапкершілігін жергілікті жерлерге беру мүмкіндіктерін қарастыруды, шағын және орта кәсіп­ор­ындарға жергілікті жерде қолдау көр­сетудің жауапкершілігін айқындауды тапсырды. Президент Жолдауында Қазақ­станның интеллектуалдық ресурстарын тану мүм­кіндігі өте орынды көтерілген. Осыған бай­ланысты Президент Н.Назарбаев өз халқын рухтандыру мақсатында Үн­дістанның тұң­ғыш Премьер-министрі Джавахарлал Не­ру­дің атақты сөзінен: “Табыс кім батыл қи­мыл­даса, соның үле­сіне жиі түседі” деген дә­йексөз келтіріп, әрі қарай: “Ал біз батыл қи­мылдадық” деген сөзді қосты. Президент бұл контексте өз елінің азаматтарына озық білім мен денсаулық сақтау қызметін, тұр­ғын үймен қамту, жұмыссыздықты азайту, қарт­тардың зейнетақысын өсіру, бір сөзбен айт­қанда, қазақстандықтардың өмір сүру са­пасын көтеру арқылы әлеу­мет­тік секторды ны­ғайту қажеттілігін өте дұрыс көрсеткен. Бей­бітшілік пен тұ­рақ­тылықты қамтамасыз ету шаралары үнемі жүргізілетін елде жо­ға­ры­да аталған мақсаттарға қол жеткізілетіні анық. Ұлттық мүдделерге бағытталған, сон­дай-ақ белсенді сыртқы саясат елдің ха­лықаралық беделін көтереді. Ал Қазақстан Үндістанмен ынтымақтастықта көп нәр­седен ұтуы мүмкін, сонымен қатар, Үн­дістан тәжірибесінен көп нәрсе үйренді. ОРНЫҚТЫ САЯСАТТЫҢ НӘТИЖЕСІ Мэр Бракель Херман Де КРОО, Бельгия Парламентінің мүшесі, Мемлекеттік министр. Құрметті Президент мырза! Сіздің Қазақстан халқына Жолдауыңыздың мә­тінімен аса қызығушылықпен таныстым. Ме­нің Бельгия парламенттік деле­га­ция­сының басшысы ретінде сапар барысында Сізбен болған кездесу кезінде Сіздің еліңіз бен халқыңыздың өркендеуі мен бей­бітшілік үшін қолданып жат­қан ерекше күш-жігеріңізді ризашылықпен атап өткен едім. Қазақстанды халықаралық та­нудың маңызы – бұл оның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және Сіздің еліңіздің маңызды осы 2010 жыл ішінде көшбасшылық функцияны атқаруы. Сіздің “Қазақстан-2020” Стра­тегиялық жоспарыңызға үлкен назар аудара отырып танысып шықтым. “Қазақстан-2020” Стратегиялық жоспарын жүзеге асыруға қарастырылған жағ­дайлар ерекше көңіл аудартады. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеу­мет­тік қорғау салаларына са­лы­натын инвестиция көптеген елдерге үлгі болады. Сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету саясатын жүзеге асыру, тұр­ғын­дарды материалдық жағынан қорғау мәселелері, бұл Қазақ­стан­ның басты жетістігі деп білемін. Ал Қазақстанның сыртқы сая­сатына тоқталсақ, Сіздің елі­ңізде саяси тұрақтылық сақ­та­лып отыр. Оның үстіне Қа­зақ­стан аса мол табиғи ресурстарға ие. Өңірде тұрақтылықтың ны­ғаюына, әлемде бейбітшіліктің ор­нығуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Бұл жетістіктер – Президент Н.Назарбаевтың орнықты саясатының нәтижесі. ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ ТОЛЫҚ ЖЕТЕДІ В.АНДРЕЙЧЕНКО, Беларусь Республикасы  Ұлттық жиналысы өкілдер палатасының төрағасы. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан ха­л­қына Жолдауы Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуын орнықты қамтамасыз етуге, мемлекеттің эконо­ми­калық қуатын нығайтып, елдің халықаралық аренадағы беделін күшейтуге бағытталған аса ма­ңыз­ды құжат болып табылады. Жолдауда Қа­зақстан басшысы осыған дейінгі, яғни ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына бел­гіленген міндеттерге қорытынды жа­сады. Елдің 2010 жылға дейінгі даму стра­те­гиясының қалай орындалғаны туралы ақ­параттар көрсеткендей, Қазақстан алға қой­ған міндеттерді адам таңданарлық нәти­желермен орындаған. Міне, бұл Мемлекет басшысының ұстанған ба­ғы­тына адал­ды­ғын, басымдықтарды асқан көрегенділікпен нақтылай біл­гендігін, мем­лекеттік және жеке сектордағы ж­ұмыстарды үйлес­ім­ділікпен реттегендігін, соларға байланысты нақты қадамдар жасап, тиісті шешімдер қабылдағанын көрсетіп отыр. Президент жаһандық қаржы-эко­но­ми­калық дағдарысқа қарсы шараларды ерте қолға алғаны өте нәтижелі болды. Әлем­нің көптеген мемлекеттері қаржы дағ­дары­сының қыспағына түскені белгілі. Ал дағдарыс Қазақстан экономикасының дамуына әсер етпегенін атап көрсеткім келеді. Өйткені, елдің жоғары деңгейдегі саяси басшылығы әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы іс-шараларды дер ке­зінде қабылдап, халықтың интел­лек­туа­л­дық күшін жұмылдырды және елді жаңа экономикалық өсімге дайындай білді. Жолдаудағы маңызды элемент алдағы онжылдықта Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытудың мақсаты мен міндеттерін нақты ай­қын­дайтын құжат – “Қазақстан-2020” Стратегиялық жоспары болып табылады. Атал­ған жоспарда негізгі ресурстарды шо­ғырландыру арқылы жүзеге асырылатын басты бес бағыт нақтыланған. Олар – эко­номиканы әрі қарай дамытуға да­йындық, үдемелі индустрияландыру мен ин­фрақұрылымды дамыту, адам капи­та­лындағы инвестиция, халықты са­палы әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлтаралық келісім мен ұлттық қауіп­сіз­дікті нығайту және халықаралық байланыстарды өрістету. Президент Н.Назарбаевтың эконо­ми­ка­лық секторға қатысты тереңнен ой­лас­тырылған ұсыныстарымен әбден келісуге болады. Себебі, экономиканы әр­та­рап­тандыру, бәсекелестікке қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттыру және ин­но­вация енгізу табыстың қайнар көзі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қа­зақ­стан мен Беларусьтің көзқарастары, идея­лары бір-біріне жақын келеді. Қазақстан 162 ірі жобаны жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Оған елдің ресурстық базасы, экономикалық әлеуеті жетеді. Қазақстан Президенті жоғарыда аталған міндеттер мен мақсаттарға қол жет­кізуде мемлекет пен азаматтарды не­гізгі күшті шоғырландыруға шақыра отырып, экономикалық секторды сапалы түрде нығайтуда шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерліктің рөлі айрықша екен­дігін көрегендікпен нақтылап беріп отыр. Мұнда Қазақстан көшбасшысы инвес­тор­лар үшін “аса тартымды өңірлерде” тиісті жағдайлар жасаудың маңыздылығын атап өтеді. Н.Ә.Назарбаевтың пайымдауынша, жаңғыртуда қозғалтқыш күш рөлін кәсіпкерлік класс ойнауы қажет. Мем­лекет басшысы осы пікірін өз Жол­да­уында таратып айтып берді. Бұған дәлел ре­тінде Жолдаудағы өңірлерде кә­сіп­керлікті дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді біртұтас бюджеттік бағдарлама құру ұсынысын алуға болады. Ол “Бизнестің жол картасы-2020” деп аталады. Осылайша онжылдықтың соңына қарай шағын және орта бизнес құры­лым­да­рының ІЖӨ-дегі үлесі 40 пайызға жетеді. Беларусь үшін посткеңестік кеңістікте интеграциялық жобалар бойынша жұмыс істеу, оның ішінде Кеден одағы аясында жұмыс істеудің үлкен маңызы бар. Сон­дықтан да біз Жолдау тезистерін толық қуат­таймыз. Өйткені, Кеден одағындағы бір­лескен жұмыс біздің елдің кәсіп­орындарына жаңа мүмкіндіктер ашып, бәсекелестікті арттыруды жандандырады. Жолдауда айқындалған экономикалық тапсырмаларды шешу Қазақстанның әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылуына қолайлы жағдайлар туғызады. Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саланы дамыту жайына қатысты кешенді мәселелер алға қойылған. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау және спорт салаларын дамытудың негізгі векторларын да атап өткен. Мысалы, 2020 жылға қарай мектепке дейінгі балалардың барлығы балабақшамен қамтамасыз етіліп, мек­теп­тер 12 жылдық оқу жүйесіне көшіріледі. Білім беру саласын, оның ішінде жоғары оқу орындарында білім сапасын озық деңгейге жеткізу үшін бірқатар басым жобаларды жүзеге асыру қажет. Бұлардан бөлек 2020 жылға қарай қазақ­стан­дық­тардың орташа өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Құжатта сондай-ақ адам ден­саулығын жақсартуда ерекше орын ала­тын бұқаралық спортты дамыту, оған тұрғындарды тарту жайы да аталған. Бұған 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында өтетін Азия ойындары үшін салынып жатқан озық үлгідегі спорт кешендері қызмет көрсетеді. Қазақстан Президенті тұрғын үй-ком­муналдық секторды дамытуға байланысты нақты тапсырмалар беріп отыр. Елде тұрғын үй мәселелерін шешіп қана қой­май, оны алдағы уақытта дамытуға толық мүмкіндіктер бар екенін, Үкіметке тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаң­ғыртудың 2020 жылға дейінгі ауқымды жос­парын дайындауды жүктеді. Атап өтей­ін, Қазақстанның құрылысқа кететін шы­ғынды азайтып, ресурс үнемдейтін тех­нологияны енгізу тәжірибесімен қазіргі кезде Беларусь Республикасы танысып жатыр. Жолдаудағы тағы бір маңызды мәселе, Қазақстан көшбасшысының құқық қорғау саласын реформалауды бастағанын жария етуі дер едім. Президент осы туралы ре­форма құқық қорғау органдарының жұ­мыс сапасын арттыруы тиіс екендігін, аза­маттардың, заңды тұлғалар мен ин­вес­тор­лардың құқық қорғау орган­дарына деген сенімін нығайтатынын атап көрсетті. Қазақстан басшысы елдің сыртқы сая­саты Қазақстанның қатысуымен жа­һа­н­дық шешімдерді қабылдау үдерістерінде прагматикалық және теңдестірілген әрі белсенді болатынын ашық білдірді. Дәл осындай бағыт бүгінде Қазақстанның ха­лықаралық аренада ие болып отырған беделін одан ары нығайтатыны сөзсіз. Со­нымен қатар, Қазақстанның беделді халықаралық ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі осы пікірімді дәлелдейді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы басты да негізгісі Ұйымның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу және оның күн тәртібін жария етуі. Күн тәртібіне қойылған мәселелер өзекті де өткірлігімен танылып отыр. Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының өкілдер палатасы ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен осы жылғы наурыздағы кездесуде Белоруссия тарабы Қазақстанның Ұйым саммитін өткізу ұсынысын, сондай-ақ Қазақ­стан­ның төрағалығы кезінде өзге де баст­а­ма­ларын толық қолдайтынын білдірді. ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫ БҰЛ­ЖЫ­МАС­ТЫҒЫМЕН ЕРЕКШЕЛЕНЕДІ Юрий АНДРЕЕВ, ТМД Атқарушы комитетіндегі ТМД Парламентаралық Ассамблеясының өкілі. Қазақстан Президентінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауы елдің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыруға арналып отыр. Құжатта аталған кезең аралығында нақты міндеттер мен мақсаттар, оған қол жеткізудің жолдары мен тәсілдері мазмұндалған. Жолдау қазақстандықтар арасында үлкен қоғамдық пікір туғызуда, сондай-ақ Жолдауды ТМД Парла­мен­т­ара­лық Ассамблеясы да асқан қ­ы­зы­ғу­шылықпен талқылады. Президент көптеген идеяларды, атап айтқанда, жаңа тұжырымдама дайындау, Ұлттық қорды пайдалану, арнайы эко­но­микалық аймақтар мен индустриялық парк­терді реформалауға жаңа қырынан келу сияқты тартымды идеяларды ұсынып отыр. Осының барлығы Қазақстанды да­мы­тудың 2020 жылға дейінгі стра­те­гиясын жүзеге асыруға тікелей байланысты. Мемлекет басшысы елдің ішкі және сыртқы саясатындағы негіз қалаушы аспектілерін де талдап көрсеткен. Ал халықаралық қоғамдастық үшін Жолдаудың сыртқы саясатқа арналған бөлімі ерекше қызығушылық туғызады. Президент атап көрсеткендей, Қа­зақ­станның сыртқы саясаты елдің Сырт­қы саясат тұжырымдамасына не­гізделетін болады. Сыртқы саясат тұ­жы­рым­да­ма­сы­ның бұлжымастығы ха­лық­аралық жағд­ай­дың ушығып тұрған кезінде аса маңызды. Оның күн тәртібін қаржы-экономикалық, энергетикалық, азық-түлік және экологиялық дағдарыстар айқындайды. Оларды кең ауқымдағы халықаралық ынтымақтастық қана реттей алады. Ал Қазақстанның сыртқы саясатын Жол­даудағы “Қазақстан ұлттық мүдделерді қам­тамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттырып, ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға ба­ғыт­талған белсенді, прагматикалық және тең­дестірілген сыртқы саясат жүр­гізетін бо­лады” деген жолдар айқын көрсетіп тұр. Қазақстанның халықаралық аренадағы жоғары беделі елді 2010 жылы ЕҚЫҰ тө-ра­ғасы етті. Ұйым төрағалығы мемлекетке Ұйым кеңістігінде сенімді қатынастар орнықтыруға үлкен мүмкіндіктер береді. Біз жұмыс істеп жатқан Кеден одағына зор үміт артып отырмыз. Оның нәтижелі қызметі Кеден одағына мүше мем­ле­кет­термен қатар, ТМД-ға қатысушы барлық елдердің өзара ынтымақтастығын ны­ғай­тады. Кеден одағы елдері арасында ка­питал мен еңбек ресурстарының белсенді қоз­ғалуына игі ықпал етеді. Ал үш мем­лекеттің интеграциялануының келесі кезеңі Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаев атап өткендей, 2012 жылдың 1 қаңтарынан Біртұтас экономикалық кеңістік құру болады. Қазақстан бұған қазірдің өзінде дайындалып жатыр. ӘЛЕМ ҚАЗАҚСТАНҒА БАСА НАЗАР АУДАРДЫ Астрид С.ТУМИНЕЗ, Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің проректоры. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемнің көптеген елдері тап келген қаржы-экономикалық дағдарыстан ойдағыдай өтті. Өткен жылғы экономикалық өсімі 1,1 пайызды құрады. Бұл – үлкен же­тістік. Қазақстан экономикасы биылғы жы­лы да жақсы дамып келеді. Елдің тағы бір жетістігі – 56 мемлекет мүше болып та­былатын ЕҚЫҰ төрағалығын қолына бекем ұстауы. Батыстың демократиялық мем­лекеттері Қазақстанды дамуға аса зор мүм­кіндігі бар, өңірде және әлемде көш­бас­шы бола алатын демократиялық ел деп таныды. Президент өз Жолдауында егер мем­лекет адам ресурстарын жүйелі ин­вес­тициялауды жалғастыра беретін болса, алға қойған мақсатқа қол жеткізетіндігін нақтылап берді. Өте дұрыс. Өйткені, білім мен кадр дайындауға басымдық беріп, баса назар аударған елдің болашағы зор болмақ. Құжатта, сондай-ақ ғылымда, өнерде, бизнесте, коммерциялық емес секторда барлық облыстар бойынша лидерлері болуы қажеттігі айтылған. Бүгінде әлем Қазақстанға баса назар аударып отыр. Оның мәнісі мынада: елдің мәртебесін көтеретін табиғи ресурстарға бай, оның үстіне Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төраға ретінде әлемдік қоғамдастықтың назарын өзіне аударып отыр. Міне, осы жағдайлар өзге әріптес елдердің Қа­зақстанға деген қызығушылығын ту­ғы­зуда. Өз кезегінде бұл Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуына өз үлесін қосатыны анық. Сонымен қатар бұл құқық нормалары мен демократиялық институттар мәселелеріне назар аударуды күшейтеді. Президент Жолдауында, сон­дай-ақ мемлекет заңнамаларының са­пасын арттыру, адам құқығы мен мем­ле­кет мүддесін қорғау қажеттігін атап өтті. Жал­пы, қазақстандық саясат аса жоғары міндеттерді жауапкершілікпен орындап келеді. ҰЙЫМҒА ТӨРАҒАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТЕДІ Мевлют ЧАВУШОГЛУ, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының президенті. Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассам­блеясы Қазақстанның қол жеткізген табыстарын толық қолдайды. Еуропа Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстан Парламенті арасындағы 2004 жылы бекітілген ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес Қазақстан өкілдері Ассамблея жұмысына елеулі үлес қосып келеді. Осыған байланысты жақында Парла­мент­тік Ассамблея Еуропа Кеңесінің мүшесі болып табылмайтын ел­дер­мен ынтымақтастықты жақ­сартуға бағытталған “Де­мо­кра­тия үшін әріптестік” бағдарламасы аясында қатынастардың әрі қарай тереңдейтініне сенімдімін. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға тө­раға болуы Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынты­мақ­тас­тық­ты нығайтуға көмектеседі деп білемін. Өйткені, ЕҚЫҰ Еуропа Кеңесінің Еуропадағы стандарттар мен демократиялық құндылық­тарды қолдау мәселесінде әріптес болып табылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып құрметті Президент, Сіздің елге төрағалық кезінде алға қойған барлық мін­деттер мен мақсаттардың табысты орындалуын тілеймін. Президент мырза, Сіз “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауыңызда еліңіздің алдағы онжылдықта даму стратегиясын жария еттіңіз. Оның ішінде демократиялық үдерістерді жалғастыру да бар. Бұл мә­се­лелерде Парламенттік Ассамблея қолдау көрсететініне Сізді сендіргім келеді. ЭКОНОМИКАСЫН ҚҰЛДЫРАТПАҒАН САНАУЛЫ ЕЛДІҢ БІРІ – ҚАЗАҚСТАН Виктор ГУМИНСКИЙ, Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысының өкілдер палатасы тұрақты комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі. Әлемдік қаржы-экономикалық дағ­да­рыс Қазақстан экономикасының қар­қын­ды өсуін тежегенімен, елдің эко­но­микалық дамуын тоқтата алмады. Мем­лекеттің қаржы жүйесі ойдағыдай қор­ғалып, шағын және орта кәсіпорындарға, агроөнеркәсіп кешеніне қолдау көрсетілді. Аяқталмаған құрылыстардың барлық шығынын мемлекет өз мойнына алды. Осының нәтижесінде ынтымағы жарасқан көпұлтты Қазақстан әлемге танылды, әлеуметтік-экономикалық зор табыстарға жетті. Жыл өткен сайын елдің халық­ара­лық аренадағы беделі нығайып, демо­кратиялық жолмен ілгері жылжып келеді, халықтың әл-ауқаты жақсара түсуде. Елді үдемелі индустриялық-инн­о­ва­циялық дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламасы және индустрияландыру картасы дайындалған. Бұл жерде сөз жалпы көлемі 6,5 триллион теңге инвестицияны құрайтын 162 жоба туралы болып отыр. Ол – елдің ІЖӨ-нің 40 пайыздан астамы. Олар жүзеге асқанда, алдағы үш жылда 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Міне, бұл Президент Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында жария етілген 2020 жылға дейінгі даму стратегиясының бірі парасы ғана. Беларусь пен Қазақстан саяси үн­қа­тысуды белсенді жүргізуде. Екі мем­лекеттің президенттері мен премьер-ми­нис­трлері ТМД, ЕурАзЭҚ және ҰҚШҰ ая­сында үнемі кездесіп отырады. Бұдан басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені, бір жүйеден шыққан бауырлас елдер болдық, бұл жаңа жүйеде де бауырлас болып қал­мақпыз. Қазақстан да, Беларусь та өт­кен жылы экономикасының құлды­рау­ы­на жол бермеген санаулы елдердің бірі болды. Қазақстан алдағы жылдары үдемелі индустрияландыру және инфра­құр­ы­лы­м­дар­ды дамыту есебінен орнықты эко­но­ми­калық өсімге жетуді мақсат етіп отыр. Пре­зидент Н.Ә.Назарбаев мынадай мә­лімет келтірді: әр қазақстандық бір жылда 17 мың доллардың өнімін өндіреді. Да­мыған елдерде бұл көрсеткіш 90 мың дол­лардан асады. Қорытынды қарапайым: ең­бек өнімділігін арттыру керек. Жол­дауда, сондай-ақ жаңа экономиканы қозғалтушы күш кәсіпкерлік екендігі аталды. Осыған байланысты шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында елдің аймақтарында “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы дайындалып жатыр. Қазақстан Президентінің Жолдауымен жан-жақты таныса отырып, Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комис­сия­ның төрағасы ретінде 2010 жылы да Қа­зақ­станның ішкі саясаты мен ұлттық қауіпсіздігі қоғамдастықта тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ету, қауіпсіздікті бір­лесіп нығайту болып қала беретінін ризалықпен атап өтпекпін. Құжатта Қазақстан ұлттық мүддені қамтамасыз етіп, елдің халықаралық беделін көтеретін, сондай-ақ өңірлік және жа­һан­дық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған прагматикалық және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізуді жалғастыратыны көрсетілген. Қазақстан сыртқы саясаты басымдықтарының арасында ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және экспорттық мүм­кіндіктерді жүзеге асыру да бар. Менің ойымша, бұл бірінші кезекте Кеден одағына мүше елдер мен Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығысқа байланысты. Қазіргі кезде Беларусь тарапынан Қазақстанның индустрияландыру картасына қатысу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің ұсынысымызға орай ұзақ мерзімді қамтитын жобалар пакеті Қазақстанның индустрияландыру картасына кіргізілді. Оның қатарында агроөнеркәсіп кешеніне, мәшине жасау, тау-кен өнер­кә­сібі, энергетика, металл өңдеу, құрылыс ин­дустриясы, медицина, көлік, ақ­параттық технологияларға қатысты жо­балар бар. Біздің осы ұсыныстарымыз Қа­зақ­станның ин­дустриялық-инновациялық дамуына өзіндік үлес қосады деп білеміз. БІЗ НЕГЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТАҢДАДЫҚ? Титулды граф УОРВИКСКИЙ. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың “Жаңа он­жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауы Қазақстанның инвестиция тартуға және инвестиция салуға деген ұмтылысын тағы да дәлелдеді. Біздің компания Оңтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азияның мүмкіндіктерін зерттеген еді. Конъюнктура рыногын жан-жақты талдау қорытындысында біз Қазақстанды таңдап алдық. Себебі, Қазақстанда инвесторлардың жұмыс істеуіне жағдайлар жасалған, саяси-эко­номикалық жағдайы орнықты, ин­вес­торлармен жұмыс істеуде тәжірибесі бар. Қазақстан басшысы адам капиталы мен инфрақұрылымды дамыту мәсе­ле­ле­рінде шет елдерден тікелей инвестиция тартудың қолайлы әрі тиімді екеніне ерекше назар аударды. Электрлендіру мен жоғары білім беру жүйесін дамыту бірінші кезектегі мәселелер болып көрінбеуі мүм­кін. Ал біздің инвестиция салу жө­нін­дегі шешіміміз Қазақстандағы жоғары техникалық білім беру жүйесінің деңгейін көтеруге айтарлықтай ықпал етті. Қазіргі кезде елдің ұлттық электр энер­гиясы тораптарының жұмысы сапалық жағынан жақсара түсті. Қазақ елінің инвестиция үшін таң­даған рыногы табысты болды. Оның басты тетігі Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығы нәтижесінде бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға баса көңіл бөліп, оған қолдау көрсетуінде жатыр. Пр­е­зи­дент Жолдауда “Жеке меншік ин­вес­ти­цияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді” деп атап өтті. Міне, бұл Қазақстанның бизнесті әлемдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, өңірдің көш­басшысы болуына алып келді. Со­нымен қатар, Қазақстан бизнес пен кә­сіпкерлік саласын дамытуды алдағы уақытта жетілдіруді мақсат етіп отыр. Қазақстан экономикалық жағынан қуатты елдер – Ресей және Қытаймен іргелес орналасқан. Ол экономикалық әлеуетін барынша дамытуға ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан осы елдермен тығыз қарым-қатынаста, орнықты саясат ұста­нып келеді. Президенттің Жолдауы елдің алдағы онжылдықта даму стра­тегиясын нақты көрсететін құжат болып табылады. СЫН СӘТТЕРДЕН СҮРІНБЕЙ ӨТТІ Р.ГАСАНОВ, Түркі елдері Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы. Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы қа­зақ­стандықтармен қатар, өзге де мем­лекеттердің, халықаралық ұйымдардың ара­сында үлкен қозғалыс тудыруда. Онда елдің ұзақ мерзімді перспективаларына бағытталған көптеген бағдарламалық құжаттар жария етілді. “Қазақстан-2020” стратегиялық жоспарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру жайы нақты маз­мұн­далған. Алдағы он жылда жүзеге асы­рылатын ірі жобалар тиянақталған. Қанша қаржы жұмсалатыны, қанша жұмыс орны ашылатыны атап көрс­ет­і­лген. Әлемдік қаржы-экономикалық дағ­дарыс барлық елдерге салмағын салғанын, көптеген мемлекеттер оның салдарын әлі көріп келе жатқанын білеміз. Ал Қазақ­стан дағдарысқа бастапқы кезде-ақ дайын­далды. Соған байланысты Мем­лекет басшысы ел Үкіметіне нақты тап­сыр­малар берді. Қаржы дағдарысына қар­сы шаралар дер кезінде қабыл­дан­ған­дықтан, Қазақстан оны еңсере білді. Қиын кездің өзінде жалақы мен зейне­т­ақының өскенінен, өндіріс орындарының ырғақты жұмыс істегенінен хабардармыз. Біз үшін Қазақстан экономикалық орнықтылығымен, сыртқы саясаттағы ұстанымымен үлгі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында әлем елдеріне ортақ мәселелерді шешуді қолға алып жүр. Ұйымға қатысушы елдер басшыларының саммитін өткізу баста­ма­сының өзі көп жайдан хабардар етсе керек. Қазақстанның Жолдауда маз­мұндалған мақсаттары мен міндеттерінің ойдағыдай жүзеге асатынына сенімдімін. ЖЕТІСТІКТЕРІ ҚАЙРАН ҚАЛДЫРДЫ Абдулла ТАРМУГИ, Сингапур Республикасы Парламентінің спикері. 2007 жылдың сәуірінде Қазақстанға алғаш рет сапармен барғанға дейін бұл ел туралы онша көп біле бермейтінмін. Барып танысқаннан кейін Қазақстанның экономикалық жетістіктеріне, алға ұм­тылуына, ұстанған саясатына куә бо­лып, қайран қалдым. Осы елдің Ор­талық Азияда көшбасшылық рөл атқарып келе жатқанына анық көз жеткіздім. Мұның барлығы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алысты болжай білетін саясаткерлігінің нәтижесі деп білемін. Ал Мемлекет бас­шысының Қазақстан халқына Жол­дауында елдің алдағы онжылдықтағы даму стратегиясы, ішкі және сыртқы саясаты, ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жайында талдап көрсетілген. Қазақстанның осы мақсат­тарды ойдағыдай жүзеге асыратынына сенемін.