Қоқыс қай жақта да бар. Бірақ Байзақ ауданындағы ағайын қолқаны қапқан иістен әбден зәрезап болған. Өртенген қоқыстан шыққан түтінге тұншыққан халықтың жергілікті атқарушы билікке деген өкпесі қара қазандай. «Қусақ-2» ауылының тұрғындары 13 гектар аумақты алып жатқан қоқыс полигонынан қашып келген қаңғыбас иттерден де шаршағанын айтады.
Жергілікті халықтың талабы да түсінікті. Олар қоқыс полигонын бізден аулақтатса дегенді алға тартады. Деректерге сенсек, мұнда жылына 8 тонна қоқыс жиналады екен. Ал жиналған өндірістік қалдықтар өртенген кезде маңайдағы ауылға иісі желмен жедел жетеді. Өз кезегінде жағымсыз ауаны жұтуға мәжбүр болған халық түтін иісі денсаулыққа кері әсер ететінін жасырмайды. Бір сөзбен айтқанда, қоқыстың құрсауында қалған қусақтықтардың мәселесі күннен күнге күрделеніп барады.
«Біздің ауылмен ешкімнің шаруасы жоқ. Өз басым демікпе ауруына шалдыққанмын. Дәрінің көмегімен жүрген адаммын. Қоқыстың иісі бізді әбден ауру қылып бітті. «Жағдайларың қалай?» деп сұрайтын ешқандай құзырлы органды көрген жоқпыз. Ал кешқұрым кәнігі «құдаларымыз» секілді қаңғыбас иттер қаптап келеді. Олар ауламызға кіріп кетеді. Қысқасы, 40 үйдің тұрғыны сол иесіз иттерді күтіп аламыз. Ал мына иіс деген әбден тынысымызды тарылтып бітті», дейді ауыл тұрғыны Шырынкүл Ерденбетова жағдайды түсіндіріп.
Осылайша, Байзақ ауданына қарасты шағын ауыл тұрғындары қоқыстан қалай құтылатынын білмей шағым айтып отыр. Жергілікті жұртшылық балаларының аллергиялық ауруларға шалдыға бастағанын да жасырмады.
«Қоқыс мәселесін айта-айта шаршадық. Балалардың денесінде жара пайда бола бастады. Жел тұрған күні қарасаң, демалу былай тұрсын, бір-бірімізді табуымыз бен тануымыз мұңға айналып кетеді. Бұл мәселені қашанғы көтеретінімізді кім білсін?! Нақты қай кезде дұрыс шешілетінін де білмей дал болып отырмыз» дейді ашуға булыққан ауыл тұрғыны Пернегүл Тұрлыбаева.
Тараз қаласының іргесінде орналасқан Байзақ ауданындағы «Қусақ-2» елді мекенінің тұрғындары әзірге түтінге тұншыққаны тұншыққан секілді. Өйткені бұл өткір мәселе жуық арада шешіле қоятынға ұқсамайды.
Мәселенің мән-жайын түсіндірмек болған тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдау орнының басшысы Әбдісейіт Момбаев: «Біз өртті шамамыз келгенше сөндіреміз. Алайда өрт толық өшеді деп айту қиын. Өйткені оның тереңдігі бірнеше метрге дейін жетеді», дейді.
Шағын ауылдағы 40 үйдің халқы қалай болған күнде де қолқаны қабатын жағымсыз иістен қалай болса да құтылғысы келеді. Сол үшін де «Қусақ-2» елді мекенін қоқыс зардабынан құтқарыңыздар», деп дабыл қағып отыр. Бірақ жергілікті билік өкілдері бұл мәселе оңынан шешілуі үшін біраз уақыт керек екенін айтады. Осы мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасарына хабарласып, халықтың қалауы қашан орындалатынын сұраған едік.
«Қоқыс мәселесімен айналысатын жекеменшік компания бұл жерді 25 жылға жалға алған. Сондықтан бұл мәселе қазіргі таңда жан-жақты қарастырылып жатыр. Алда қыс келе жатыр. Өрт енді басылды. Оларға дәл қазір жер берген күннің өзінде қоқыспен бірге көшіп кете алмайды. Алайда жер беру мәселесі назарымыздан тыс қалған емес. Халықтың талабын түсінеміз. Алайда қусақтықтардың мәселесі нақты мына күні шешімін табады деп қолмен қойғандай айта алмаймыз. Жекеменшік компания айтарлықтай табыс таппаған соң кетуге де бел буған еді. Өзекті мәселені алдағы уақытта толық шешу жолында жұмыс жүргізіледі», дейді жағдайды түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Талғат Жамалов.
Соған қарағанда «Қусақ-2» елді мекенінің тұрғындарына әлі біраз уақыт жағымсыз иіске төзуіне тура келетін секілді. Әрине, қыста өрттің тұтана қоюы екіталай. Алайда келер жаз қусақтықтар қоқыстан шыққан түтінге қайта тұншықса, бұл мәселе тым күрделене түсері түсінікті.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы