Қызылордаға жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірқатар мәдени нысанды аралап, спорт кешендерінің жұмысымен танысты.
Министр барған «Мұз айдыны» кешенінде мұз айдынынан бөлек, волейбол, баскетбол, жекпе-жек әдістеріне баулитын оқу-жаттығу залы, спорттық билерге арналған хореографиялық сынып бар. Қазір мұнда 7 спорт түрі бойынша 615 адам жаттығады.
Келесі нысан – «Тарлан» спорт кешенінде бокс, күрес, таеквондо, ауыр атлетика бойынша 350 адам жаттығып, 100 жаттықтырушы жұмыс істейді. Ашылғанына 6 жыл болған кешенде Қазақстанның 20 спорт шебері, 78 спорт шеберіне үміткер дайындалды. Кешенде облыс әкімі Балалар жылы аясында өңірде демеушілер көмегімен 80 ойын алаңын салу басталғанын жеткізді.
Министр ұлттық спортты заманға сай жаңғырту мақсатында «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жоба қолға алынғанын айтып, марафонға белсенділік танытып, жанкүйер болуға шақырды. 1200 шақырымдық марафон-бәйге елордадан бастап Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтымақ.
Осы күні Дәурен Абаев 62 мыңнан аса жәдігер жинақтаған облыстық тарихи-өлкетану музейінде де болды. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада облыс тұрғындарымен кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
– Жұртшылықпен жүздесуде көптеген мәселе көтерілді. Оларды жергілікті әкімдікпен бірлесе шешу жолдарын қарастырамыз. Бірлескен жобалар қатарында биыл сахна бұлбұлы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай өткен шараларды атап өтер едік. Тарихи-мәдени ескерткіштерге бай облыста көршілес өңірлермен байланыстыра отырып, туризмді дамытуға болады, – деді министр.
Осыдан кейін ведомство басшысы бірқатар тұрғынды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады. Министр сапары Байқоңыр қаласында жалғасты.
Қызылорда облысы