Біздіңше, әлем өркениетіндегі Әуезов феномені – аса ауқымды, күрделі мәселе. Сондықтан негізгі ойларды тезис түрінде қысқартып айтуға тура келеді. М.Әуезов – әлем өркениетін терең игеріп, қазақ топырағына әкеліп жерсіндірген және оны әлемдік өркениеттің биік деңгейіне көтере білген бірегей талант иесі.
Төрткүл дүниенің білімі мен өнерінің озық үлгілерін шығармашылықпен меңгере отырып, ол қазақ сөз өнерінде әлемдік классикамен иық тірестірген туындыларды дүниеге әкелді. Сол арқылы ұлттық әдебиетті ұлықтады, оның дүниежүзі әдебиеті алдындағы беделін биікке көтерді. Сөйтіп, адамзат мәдениетіне қайталанбас қолтаңба қосып, әлемдік өркениеттегі Әуезов феномені деген құбылысты қалыптастырды.
Қазіргі заман әлемдік өркениеттегі М. Әуезов феноменін бүгінгі заманауи әдебиеттану ғылымы тұрғысынан мүлде жаңаша қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Бұл арнадағы ең үлкен мәселенің бірі – мұхтартануды социалистік реализм стереотиптерінен арылту. Ұлы қаламгер шығармашылығының ешқандай «измге» де, саяси қалыпқа да сыймайтынын тарих көрсетіп берді. Сондықтан Әуезовтің көркем мұрасын адамзат құндылықтары тұрғысынан әлемдік өркениет арнасында кеңінен қарастыратын уақыт келді. Мұндағы Әуезов феноменінің адастырмас темірқазығы – ақиқат, жазушының айнымас ұстанымы – ар алдындағы адалдық! Бүгінгі мұхтартанушылардың адастырмас темірқазығы осы екі ұлы ұғым болуға тиіс
Бөріліде дүниеге келіп, өнері әлемге мәшһүр болған М. Әуезов бұралаңы мол аса күрделі жолдардан өтті. Сол бұралаңда адаспай жол табуда, ең алдымен оның туған топырағы, өскен ортасы іргетас болды. Абайдай алып бәйтерегі, Шәкәрімдей шынары мәуелеген сол құнарлы орта жас Мұхтардың санасында ұлттық ұстаным ділін қалыптастырды. 1917 жылы жиырма жасында жазылған «Қазақтың өзгеше мінездері» мен «Адамдық негізі – әйел» атты алғашқы мақалалардан-ақ біз ұлт болашағын ту етіп көтерген жас таланттың толықсыған тегеурінін айқын сезінеміз. Міне, Әуезовтің дүниетанымын қалыптастырған, келешек өміріне таймайтын тұғыр, солмайтын тамыр болған қазақ қоғамының Абай орнықтырған мәйекті мәдени ортасы Әуезов феноменін зерттеудегі құнарлы тақырып деп білеміз. Бұл орайда бала Мұхтардың дүниені көркем қабылдау түйсігін қалыптастырудағы Абай қалыптастырған ортаның бүкіл ішкі табиғатын қайта ақтарып саралау қажет.
Ол жиырмаға толар-толмас жас шағында-ақ өз заманындағы адамзаттық ірі мәселелерге ден қойды. «Абай», «Таң» журналдары мен қазақ газеттерінде жарияланған «Адамдық негізі – әйел», «Ғылым», «Ғылым тілі», «Мәдениет һәм ұлт», «Философия жайынан», «Жапония», «Қазақтың өзгеше мінездері» сияқты мақалаларының өзі-ақ жас Мұхтардың терең білімін, серпінді тегеурінін, таным-талғамын әйгілеп тұрды. Осы тырнақалды туындыларының өзінде қазақ тұрмысының көкейкесті мәселелерін адамзат проблемаларымен астастыра қарастыра білді.
Әуезовтің адамзат құндылықтарына ерте ден қойып, тез есеюінде екі үлкен тұғырдың болғандығын атап айтқан жөн. Оның алғашқысы – сол кездің өзінде қазақ халқының рухани мұрасын терең игеріп, оны Шығыс, Ислам өркениетімен және орыс, Батыс мәдениетімен тоғыстыра толғаған Абайдың даналық мектебі болатын.
Екінші тұғыр – қазақ даласында азаттық идеясын көтеріп, жас толқынның жүрегіне дүниежүзінің ілімі мен білімінің ұрығын сеуіп, «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған Алаш арыстары болды. Ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты ұлт көсемдеріне шәкірт бола жүріп, қазақтың Еуропа демократиялық әдебиетінің басында тұрған Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты тұлғалармен тығыз қарым-қатынаста болды.
Демек М. Әуезов шығармашылығында ерекше орын алатын кезең «Алаш» қозғалысы дәуірі. Бұл ұлы қозғалыстың темірқазық орталығы Семей қаласы болғаны белгілі. Кеңестік кезеңде бұл ортаның Мұхтартану ғылымынан мүлде аласталып келгені де баршамызға аян. Ал сол Алаш арыстарының ақталғанына да отыз жылдан асып барады. Бірақ М.Әуезовтің «Алаш» кезеңіне қатысты шығармашылығы әлі күнге келелі әңгімеге айнала қойған жоқ. М.Әуезовтің Ә.Бөкейханмен, А.Байтұрсынұлымен, М.Дулатұлымен, Ж.Аймауытұлымен, М.Жұмабаймен шығармашылық байланыстары жөнінде тарау-тарау тұщымды зерттеулер жасалмай келеді. Бұл – Мұхтартану ғылымындағы әзірге ашық тұрған ақтаңдақтың бірі.
Оның «Мен Мағжанның Еуропалығын сүйемін» деп жүрген кезі де дәл осы уақыт. Солармен бірге ол өзі де Еуропа әдебиетін құлай сүйіп, қазақ әдебиетіне мүлде тың тақырыптарды әкеліп, жаңа көркем құндылықтардың өрнегін салды. «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» сияқты алғашқы классикалық әңгімелері – сол дәуірдің жемісі. Міне, «Абай жолы» сияқты ұлы тақырыпқа Мұхаң осындай берік тұғырлар арқылы көтерілді.
Әуезов фенемонологиясының арналы бір саласы – оның драматургиясы, сценарийлер мен либреттолары екендігі белгілі. Классикалық қазақ драматургиясының алтын қорына енген шығармаларға деген ықылас соңғы кезде суына бастаған сыңай танытады. Биылғы мерейтой кезінде республика театрларының осы тақырыпқа жан сала кіріскені жөн болатын еді. Соның ішінде қайраткер қаламгердің «Хан Кене» сияқты ұлт-азаттық тақырыпты қозғаған рухты шығармаларын сахналау бүгінгі Әділетті Қазақстан жағдайында аса өзекті мәселе деп білеміз. Сол сияқты ұлы қаламгердің алып тұлғасы мен шығармашылығын әр қырынан ашып көрсететін кинофильмдер түсіру мәселесі де өзінше арнайы әңгімені қажет етеді.
Жас кезінен қазақ тілінің уызына жарып, орыс тілінің нәріне сусындап өскен бала Мұхтар өмір бойына оқумен, ізденумен болды. Ташкентте, Петерборда білім алды, аспирантурада оқып, ғылым қуды. Соның нәтижесінде «Көксерек», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» сияқты дүниежүзі әдебиетінің алтын қорына қосылған сүйекті шығармаларын дүниеге әкелді.
Осы ізденістер ақыры «Абай жолы» сияқты ұлы роман-эпопеяны тәмамдауға тиянақ болды. Әуезов әуелі Абай арқылы Батыс мәдениетін меңгерсе, «Абай жолы» романымен Абайды, Шығысты, нақтырақ айтқанда, қазақты еурокеңістікке алып шықты. Жастайынан ақынды жүрегіне жаттап өскен Әуезов қаламы қолынан түскенше Абайды Шығыс пен Батыс мәдениетінің алтын арқауына айналдыру мұратымен өмір сүрді. Және осы асыл мұратын асыра орындады. Ол жөнінде академик Зәки Ахметов: «Кең тынысты, сан миллион оқырманның жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүниежүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді», деген әділ тұжырым жасады.
Ол өз шеберлігін классикалық әлем әдебиетін аударумен шыңдады. Сол арқылы қазақ әдебиетін байытты. Жалпы, өркениеттер тоғысын бүкіл шығармашылық мұратының алтын өзегіне айналдырды. «Әдебиетіміздің ішінара байланыс қарым-қатынастарын олардың бір-біріне жақындаса араласуымен қатар зерттеу дұрыс. Бұны әдебиет тарихы ғылымының зор мұраты деп санау керек», деп жазды ғұлама ғалым. Осы ұстанымын М.Әуезов Кеңес дәуірінде тамаша дәстүрге айналдырды. Сол кезеңдегі көпұлтты Кеңес әдебиеті жөнінде М. Әуезовтің қырағы көзіне түспеген, ол пікір білдірмеген бірде-бір белгілі қаламгер жоқ.
Ең алдымен ол орыстың классикалық әдебиетінің терең білгірі болды. Сонау «Игорь полкі турасындағы сөз» тарихи дастанынан бастап, өзінің замандасы М. Шолоховқа дейінгі қаламгерлер шығармашылығы жөнінде кеңінен толғап мақалалар жазды.
Ол украина әдебиетінің көрнекті өкілдеріне де ерекше көңіл бөлді. Т.Г.Шевченконың Қазақстанға арнаған шығармалары туралы М. Әуезов тебірене жазды. Павло Тычина, Александр Корнейчук, Максим Гончар, Латын Рыбак шығармалары туралы да құнды пікірлер айтты.
Беларусь халқының демократ ақыны Францишек Богушевич, беларусь әдебиетінің іргетасын қалаушылар Янна Купала, Якуб Колостың өмірі мен қызметі туралы жылы лебіздер қалдырды.
Сол сияқты Балтика маңы халықтарының әдебиеті жайында айтқан пікір-тұжырымдары қазақ әдебиеттануындағы тың тақырып еді. Литва халқының ХVІІ ғасырдағы ұлы ақыны Кристионас Донелайтис, Литва халқының демократтық реалистік әдебетінің ірі өкілдері Юлия Жамайте, Ян Лайнис, Соломея Нерис, Питрус Цевмарка, Латыш халқының жаңа әдебиетінің іргесін қалаушылар Андрей Улит, Вилис Лацис, Эстон халқының белгілі драматургі Август Якобсен туралы пікір білдірді. Мұның бәрі Балтық маңы халықтарының әдебиеттері туралы қазақ топырағында алғаш айтылған тұжырымдар болуымен қымбат.
М.Әуезовтің Кавказ халықтарының әдебиеті туралы: Грузия эпосы «Амиран», XIII ғасырдағы грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр», XIX ғасырдағы Илья Чавчавадзе және Акакий Церетели сияқты ақындардың, грузияның Кеңес дәуіріндегі романшысы Лео Киачели, ақын Георгий Леонадзе туралы айтқан пікірлері өте құнды.
Осетин халқының ірі ақыны Коста Хетогуров туралы М.Әуезов: «Оның жолы Ресейдегі ұсақ елдерден шыққан ақын-жазушылардың халін, тағдырын танытады. Ақынның өмір кезеңдері мен еңбектерінен соны айқын аңдауға болады», деп түйін жасайды.
Әзербайжан халқының көне мұрасы «Көроғлы» эпосы, XII ғасырда шыққан ұлы ақын Низамидің ірі поэмалары, Физули, Вагиф, Мирза Ахунов, Алекбар Сабир, Самед Вургун, т.б. – қазақ жазушысының назарында болған қаламгерлер.
Армян әдебиеті де қазақ жазушысының назарынан тыс қалмаған. Армян әдебиеті туралы М.Әуезов оның көне әдебиетіндегі ескерткіштері болғандығына баса назар аударудан бастайды. Армян халқының жаңа әдебиетінің атасы, ағартушы және гуманист жазушы Хачатур Абовян, халық ақыны Ованес Туманян, ақын Акоп Акопьян, кеңес дәуірінің ақыны, драматург, прозаик Найри Зарьян шығармашылығы туралы жазды.
М.Әуезовтің Орта Азия халықтарының әдебиеті – тәжік, өзбек, түрікмен, қырғыз әдебиеттері, әсіресе олардың өзара байланыстары туралы айтқан құнды тұжырымдары кейінгі қазақ әдебиетінің осылардың әрқайсысымен тарихи және осы заманғы байланыстарын әдейі, арнайы тексерген зерттеулерге негіз болды. Бұл тұста қырғыз халқының жанашыр досы болған қаламгердің қиын кезеңде әйгілі Манас эпосын қорғап қалуы, Шыңғыс Айтматовты жетектеп жүріп әлемдік аренаға шығарған еңбегін айтпай кетуге болмайды.
М.Әуезов Шығыс мәдениетінің арнасын кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Соның ішінде үнді мәдениетін қазақтардың тануына жолбасшы болды. Жазушының Үндістан туралы тамаша очерктері оқырман ықыласына бөленді. Үндінің атақты жазушысы Рабиндранат Тагордың шығармашылығын талдауға арнап «Тагордың кемеңгерлігі» атты керемет мақала жазды. Қазіргі заманда кең өріс алған Азия және Африка елдері жазушыларының ынтымағы, бірлігіне М.Әуезов ерекше үлес қосты. Азия және Африка елдері жазушыларының I конференциясында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан жазушылары атынан сөйлеген М.Әуезовтің терең мағыналы сөзі әлі күнге маңызын жойған жоқ.
М.Әуезов шығармашылығы қазақ әдебиетін бүкіләлемдік мәдениет пен әдебиеттің ұлы арнасымен тоғыстырды.
Өз кезегінде жазушының «Абай жолы» эпопеясы мен әңгіме, повестері шет тілдерге аударылды (орыс, ағылшын, неміс, поляк, румын, грек, венгр, болгар, чех, т.б.). Бүкіләлемдік екі жүз томдық «Дүние жүзі әдебиетінің кітапханасы» сияқты ғажайып серияда М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы 134,135-том болып басылуы қазақ әдебиетінің әлемдік мәртебесіне айналды.
Әрине, қазақ жазушысының қаламынан туған «Абай жолы» эпопеясының халықаралық беделінің сыры тереңде. Оның бұл шығармасының құдіреті барлық халықтың жанын тербейтін маңызды мәселелер мен идеяларды, прогрессивті барша адамзат баласына қымбат асыл ой, сезімдерді қозғай білуінде. Сол асыл ойларды шебер кестелеп, шығармашылық шабытпен жеткізе алуында, ең бастысы жазушының тума талантында, телегей теңіз білімінде, ғаламдық ақыл-ой қазынасынан қанып ішкен кемеңгерлігінде.
«Абай» романын француз тіліне аудартып, редакциясын басқарған Луи Арагон: «Мен оның (М.Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығарманың маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, ондай шығарманы табу қиын», деп бағалады. Андрей Стиль «Юманите» газетінің бетінде Луи Арагон пікірін қуаттай келіп: «М. Әуезовтің романын алар болсақ, мұнда ең алдымен поэзияның легін, қиыр кеңістіктің кереметін сезінесің», деген екен. Француздың белгілі сыншысы Бержарон өзінің үлкен мақаласының қорытындысында: «Әуезовтің үніндей үнмен, Әуезов жырлаған ұлылықпен, керемет махаббатпен жырланған бақытты халықтың, шіркін, не арманы бар екен», деп түйіндейді.
Аустрияның «Вег унд циль» журналы «Абай» романы жөнінде: «Біздің көз алдымызда Абай ақынның өмір тарихы тар кемерінен тасып аққан ағынды өзен сықылды, сол кездегі көшпелі қазақ халқының тарихымен астасып кеткен. Әуезов үлкен суреткерге тән нәзіктікпен, толып жатқан әсем детальдармен, үш ұрпақты көрсететін туған халқының келелі кезеңін көзімізге елестетеді», деп жазды. Шетел оқушылары мен сыншыларының пікірін көрсететін түйінді ой Лейпциг қаласында шығатын «Der bibliothekar» журналында да жарияланды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен: «М.Әуезовтің «Абай жолында» өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі, сол кездің әдет-ғұрып тұрмысы, сол күйінде, әр қырынан, өз сатысымен тамаша бейнеленеді. Бұл кітаптың атауы немісше «Таң алдында» деп аталады. Бұл кітап болашақта зор даңқы шығатын жаңа ақынның дүниеге келуімен бітпейді. Ол сонымен бірге ғасырлар бойы артта қалған бүтін бір халықтың енді-енді қалыптасып келе жатқанын, оның тарихында тұңғыш рет еркін болашаққа қадам басқанын көрсетеді», деп жазды.
Түйіндеп айтар болсақ, қазақ халқының ұлы перзенті, даңқты қаламгері, ғұлама ғалымы, педагогі, қоғам қайраткері М.Әуезов аса құнды еңбектері үшін туған халқының зор құрметіне бөленіп, шығармашылық шыңының шырқау биігіне көтерілді. Ол жасаған асыл мұра қазақ әдебиетін әлемдік озық әдебиеттер қатарына қосып, қазақ халқының тарихын, өмірін, мәдениетін, талантын, ұлттық характерін жер жүзі оқушыларына танытты, сөйтіп кемеңгер жазушы тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлемдік өркениеттің феноменіне айналды. М.Әуезовтің есімі мен еңбегі адамзат өркениетімен мәңгі бірге жасайды. Оның қазақ даналығынан нәр алған, тағылымы мол тартымды шығармалары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек.
Бүгінде Мұхтартану ғылымының іргесін барынша кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұр. Әдеттегідей Әуезовті тек жазушы ғана деп танып, шығармашылығын әдебиеттану ғылымы тұрғысынан ғана бағалау – бері айтқанда, ұлы тұлғаның кең шалқарын тарылту. Сондықтан Мұхтартану ғылымын тарих, философия, психология, мәдениеттану, педагогика сияқты гуманитарлық ғылымның пәнаралық тоғысында өрістетудің уақыты әлдеқашан туған.
М. Әуезовтің қоғамдық қайраткерлік қызметі де – өз алдына үлкен сала. Оның ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш арыстарының ең жас, талантты мүшесі ретіндегі қызметі өз алдына бір төбе. Ол «Қилы заман», «Қараш-Қараш оқиғасы» сияқты отарлық жүйеге қарсы шығармаларын жазуға саналы түрде келді. Және сол ішкі ділінен өмір бойына айныған емес. Кейіннен Компартияға мүше болмаса да, ресми мемлекеттік қызмет атқармаса да, ол кісі қоғамдық қызметтен ешқашан қалыс қалған емес. Оған толассыз жазып, жарияланып жатқан көсемсөздері куә. Жарияланбаған еңбектерін тауып жарыққа шығару да – осы арнадағы ауқымды шаруаның бірі. Мәселен, Қазақстан Ғылым академиясының президенті Қ.И.Сәтбаевтың көмекшісі болған Б.Аяпбергенов деген азаматтың естелігінде мынадай бір дерек айтылады: 50-жылдары Қ.И.Сәтбаев пен М.Әуезов Мәскеуге іс-сапармен бірге барады. Екеуара оңаша әңгімеде Семейдегі полигон сынақтарының зардаптарын тілге тиек етеді. Сапарда сөз байласқан екі алып мәселені КСРО ҒА Атом институтының директоры И.В.Курчатовтың алдына қояды. Академик Курчатов бұл мәселені Сталин мен Берияның назарына жеткізген сыңайлы. Мұны естіген Л.П.Берия екі қазақтың соңына түседі. Соның салдарынан 1952 жылы Қ.И.Сәтбаев Академия президенті лауазымынан алынады. Әуезов тағдырының қалай болғаны бәрімізге мәлім. Ақыры академик Курчатов кейін өзінің құзыры жететін жерге дейін барып, Семейдегі ядролық сынақты жер үстінде ашық жасауды тоқтатқан екен. Кейіннен М.Әуезов Жапонияға барған сапарында сол толғаныстарын хатқа да түсіріпті. Ол жөнінде қазір дипломат Батырхан Құрмансейіт Жапон мұрағаттарынан жаңа құжаттар тауып жариялап жүр.
Енді бір ескеретін мәселе, біз әдетте «Әуезов – әлемге танылған мәшһүр тұлға» дегенді жиі қайталаймыз да, қаламгер мұрасының халықаралық дәрежедегі насихатталу шалқарына жете көңіл бөле бермейміз. Ақиқатын айтсақ, ұлы жазушының дүниеге танылуы, әлем тілдеріне аударылып басылуы Кеңес дәуірінде жоғары деңгейде болды. Мәселен, 250 томдық әлем әдебиетінің екі томын иеленген жалғыз қазақ жазушысы М.Әуезов. Тек «Абай жолының» өзі ғана әлемнің 116 тіліне аударылып жарық көрді. Бұл орайда Мұхаңның әйгілі «Америка әсерлері», «Жапон жазбалары», «Үнді очерктері» сияқты еңбектерін де күнделіктерімен қосып басып шығарудың маңызы зор. Қазақстанды әлемдік аренаға алып шығатын Әуезовтен артық тұлғамыз әзірге жоқ екенін есте ұстауымыз керек.
Бұл күндері қазақ халқы мен бүкіл дүние халықтарының рухани мәдениетінің аясында Мұхтар Әуезовтің тамаша тұлғасы Қазақстанның көк аспанында бұрынғыдан да жарқырап көрінуде. Ұлы жазушының ұлан-ғайыр мұрасы зәулім көркем ғимарат іспетті, оның ішкі әсемдігінің сыр-сипатын білу, тану, рухани азық ету әлі талай жыл мен ғасырға созылады. Әр ұрпақ сол мұраны көздің қарашығындай сақтай отырып жан-жақты зерттелуіне, әр алуан қырларын аша түсуге атсалысады.
Әуезовтің атын ардақ тұтып келіп отырған рухтас ағайын, шетелдік әріптестер, ұлы тұлғаның мерейтойы Әділетті Қазақстанды «Абай жолымен» жарқын болашаққа алып баратын ұлы істердің қозғаушы күші болады деп сенеміз.
Әлем өркениетіндегі Мұхтар Әуезов орнын жаңаша саралау бағытындағы зерттеулерге табыс тілеймін.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі