• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2014

Қазақстан-Ресей университеті

4002 рет
көрсетілді

ортақ болашақ пен бір мүдделер тоғысының дәнекері «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек» деп өнеге қалдырған екен ұлы Абай. Білім адамзат мәдениетінің ең ауқымды ұғымдарының бірі екендігін бәріміз мойындаймыз. Қазақстан Республикасы Орталық Азия елдерінің ішінен ең бірінші болып Еуропалық жоғары білім аймағына еніп, Болон процесіне қосылды. Қазақстанның жоғары мектебі білімнің әлемдік биігіне жетуге талпынатын елдердің алдың­ғы қатарына еніп отыр. Өйткені, халқымыз қашанда оқу-білімге құштар болған. Еліміздің білімді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да осы үшін түзіл­ген, әлемдік білім кеңістігіне кірігу үдерісі күннен-күнге артып келеді. Қазіргі заманғы халық­ара­лық ынтымақтастықтың ең маңыз­ды­ саласы да осы болып тұр. Білімнің өркендеуі – елдің өр­кен­деуінің алғышарты бола бермек. Қазақстан – экономикалық дамудың үлкен әлеуетіне ие ынтымақтастықтың әртүрлі одақ­тар мен ұйымдарға мүше мемлекет. Иә, Отанымыз шекаралас және дүниежүзі мемлекеттерімен бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде беделі биік тұр. Әсіресе, Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қаты­настар алтын арқауын үзген емес. Бүгінгі таңда ол қарым-қаты­нас­тары­мыз тереңдеп, Еуразия­лық эко­номикалық одаққа ұласқалы отыр. Ел Президенті Н.Ә.На­зар­баев­тың М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­си­те­тінде биылғы жылдың 28 сәуірін­де Еуразиялық экономикалық одақ идеясынан – еуразиялық интеграцияның жаңа перспективаларына қатысты сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «Жиырма жыл бұрын, ММУ қабырғасында мен алғаш рет жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеяны ұсындым. Оның тұжырымдамасы біздің елдеріміздің барлық азаматтарына бірдей жақын және түсінікті шындыққа негізделді. Ортақ тарих, өзара экономикалық тартым­дылық, мәдениеттердің тығыз өзара байланысы мен адамдардың жақындасуға ұмтылысы біздің халықтарымызға көпқырлы мем­лекетаралық байланыстардың жаңа үлгісін құруға мүмкіндік береді. Мен Еуразиялық Одақ тек еркіндік, тең құқықтылық, өзара тиімділік қағидаттары мен әр қатысушы елдің прагматикалық мүмкіндіктерін есепке алғанда ғана мүмкін деген ұстанымда болып келдім және соның берік жақтаушысы болып қала беремін. Бұл бастама қазір Еуразиялық интеграция деп аталып жүрген жаңа тарихи үдеріс үшін қадам басар нүктеге айналды». Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Российская газетада» жа­рияланған «Ғасырларға ұласқан достық» атты мақаласында: «...1998 жылы қол қойылып, ХХІ ғасырға бағдарланған Мәңгілік достық және одақтастық туралы тарихи декларация іс жүзінде жүзеге асты. ...Ғылыми білім беру, сол сияқты, гуманитарлық мәселелер жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара іс-қимылдар аясы кеңеюде», деді. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін жалпы дүниежүзілік бейбітшілік-саяси үдерістер шеңберінде Қазақстанның алдында өзінің тұрақты әрі сенімді экономикалық қуатын арттыру, тұрақты саяси жүйесін кұру, әлеуметтік мәселелерді шешу сияқты жеке мүдделерін жүзеге асыру міндеті тұрды. Сондай-ақ, қоғамның жаңаруы мен демократиялық қайта құруларды тиімді ету мақсатында жүргізген саяси-құкықтық, әлеуметтік-экономикалык, әскери-саяси және гуманитарлық салалардағы халықаралық өзара қарым-қатынастарының айқын көрінісі ретінде елордада – Қазақстан-Ресей университеті қалыптасты. Бұл білім ордасы 1998 жылы Қазақстан Республикасы мен Ре­сей Фе­дерациясы Прези­дент­тері қол қойған «Мәңгілік достық пен одақтастық туралы дек­лара­цияның» негізінде құрыл­ға­нын айта кетейін. Бұл дек­ла­ра­цияда «Қазақстан Респуб­лика­сы және Ресей Федерациясы ортақ оқу орындарын – Қазақ-Орыс университетін және Орыс-Қазақ университетін, сонымен қатар, гимназияларын құрады» деп нақты көрсетіп, әрі екі ел Президенттерінің ортақ мәлімдемесінде «Қазақстан мен Ресей мемлекеттері екі ел азаматтарының, қоғамдық ұйым­дарының арасындағы барлық қарым-қатынастарды қолдайды, мәдениет, білім, ғылым саласында бірлесе еңбек атқаруға, ортақ ақпараттық кеңістіктің кеңеюіне мүмкіндік жасайды», деген байлам жасалған. 2001 жылы Ресейдің Білім министрлігі мен Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің арасында Қазақстан-Ресей уни­верситетінің білім қызметі туралы келісімге қол қойылды. Елордада университеттің әлемдік талапқа сай, заманауи оқу кешені салынды. 2003 жылы 10 мау­сымда университеттің жаңа ғимаратының тұсаукесер рәсіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысып: «Қашықтықтан оқыту – бұл студенттердің белгілі бір білім саласындағы атақты мамандардың дәрістерін тыңдауы мен сол білімді алуына мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану. Қазақстан-Ресей университетінің Қазіргі заманғы гуманитарлық академиямен (Мәскеу қ., Ресей) және Кембридж университетімен байланысы жастардың білім алуына, электронды кітапханаларды пайдалануына шектеусіз мүмкіндік береді, яғни академия ХХI ғасырға мамандар даярлауда. Сонымен бірге, қашықтықтан оқытуды ауыл жастарына пайдаланудың да маңызы өте зор», деп жоғары баға берді. Университет маман даяр­лауда бай білім, рухани-тәрбиелік, инновациялық және өндірістік әлеуетін ұтымды пайдаланып, олардың әлемдік білім кеңістігіне кірігуіне, іргелі және қолданбалы ғылым салаларындағы зерттеулердің дамуы мен оның нәтижелері еліміздің экономикасы мен қоғамдық өмірінде жүзеге асырылуына жағдай жасап келеді. ҚРУ сапа менеджментінің сыртқы аудит процедурасын табысты өтіп, нәтижесінде МС ИСО 9001:2008 СМС талаптарына сай серти­фи­катқа ие болды, ал 2012 жылы СМС-тың ресертифика­циясынан өтті. Университет студент­тер­ді бакалавриат бойынша 15 ма­ман­дыққа, магистратура бо­йынша 4 мамандыққа даяр­лайды. Бүгінде Қазақстан-Ресей уни­верситеті – ақпараттық-ком­муникациялық білім технологияларын және электронды оқытуды (е-learning) жүзеге асырып отырған, заманауи білім беру мекемесі. Қазіргі таңда әлем бойынша білім беру жүйесінде ақпа­рат­тық-коммуникациялық тех­нологиялардың рөлі күннен-күнге артып келеді. Осы орайда, әлемдік тәжірибеде орын алып отырған қашықтықтан білім берудің елімізде жүзеге асуын қамтамасыз етіп отырған бірегей оқу орда­ларының алдыңғы қатарлысы әрі ең алғашқысы – Қазақстан-Ресей университеті болып отыр. Қазақстан-Ресей университеті «Лицей-Колледж-ЖОО» жүйесі бойынша үздіксіз оқытатын кәсі­би білім саласын жүзеге асырып отырған «Қазақстан-Ресей уни­верситеті», «Инновациялық технологиялар колледжі» және «А.З.Молдахметов атындағы лицей» сияқты дербес заңды тұлға­лардан тұратын оқу-әдісте­мелік кешен. Бүгінгі таңда, ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда білім-ғылымды, тек төрт қабырғаға шектеу дұрыс болмайды. Бұрыннан қалыптасқан түсінік бойынша «жақсы жоғары оқу ордасы» немесе «сапалы білім» дегендеріміз тек қана аудитория, ұстаз, лектор ұғымдарымен ғана байланыстырылуы бүгінгі күні жетістік емес. АҚШ-та 1 миллионнан астам адам қашықтықтан оқыту арқы­лы білім алса, Францияның ұлттық қашықтықтан оқыту орталығы жыл сайын әлемнің 120 мемлекетінен 35 мыңнан астам талапкерлерді қамтамасыз етеді. Ал Түркияда алыс аймақтағы тұрғындарға мамандық алуға көмектесу мақсатында 1974 жылдан теле-радио арқылы курстар өткізеді. Қашықтан оқытудың ерек­шеліктерін классикалық оқыту түрімен салыстырғанда оның артықшылықтары басымырақ екеніне көз жеткізуге болады. Оқыту жүйесінің оқыту уақытына, орнына тәуелсіз болуының икемділігі, жеке адамның үздіксіз және үзіліссіз білімін жетілдіруге мүмкіндігі, оқу құралдарына, ақпараттық білімге қол жеткізу, оны әрдайым әрі жедел жаңарту және ең бастысы үлкен-үлкен аудиториялар, жатақханалар, жолақысы мен соларға байланыс­ты туындайтын шығындарды қысқарту, оқыту жүйесінде жаңа, соны технологияларды пайдалану, талапкерлердің әлеуметтік құқығының теңдігі, т.б. бойынша қиындықтар қысқарады. Қазақстан Республикасында ұлттық білім беру ұйымдарында білім алушылардың және про­фессор-оқытушылар құрамының икемділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, білім беру сапасын арттыру және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім берудің барлық деңгейлері мен сатыларының сабақтастығын қамтамасыз ету үшін мамандарды үш деңгейде даярлау «бакалавр» – «магистр» – «доктор» біртұтас кредиттік оқыту жүйесі бойынша жүргізіледі. Сөз басында айтқан болон процесіне қосылу еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістер жасауға әкелді. Қазақстан-Ресей университе­тінде үздіксіз білім беру жүйесі жаңа ақпараттық технологиялар мен мультимедиялық құралдар негізінде жүзеге асып отыр. Біз­дің оқытушылар оқытудың ұйымдастырушылық түрі ретінде компьютерлік конференциялар, телеконференциялар, ақпараттық сеанстар, телеконсультациялар, жобалау жұмыстары, эссе, портфолио, дөңгелек үстелдер, т.б. қолданады. Ал Қазақстан-Ресей университетінде атқарылып жатқан тәрбие жұмыстары жас­тардың қоғамдық жұмыстарға етене араласуына, олардың қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті болуына, физиологиялық және рухани, интеллектуалды дамуына қажетті жағдай жасауға негізделген. Тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда негізінен 5 бағытқа басымдық беріп отырмыз. Ол біріншіден, студенттік ортада мемлекеттік тілді және этносаясатты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жандандырып, әртүрлі этнос арасында ұлтаралық келісімге, мәдениет пен салт-дәстүрге құрметпен қарауды, ұлттар арасында алауыздық болдырмауды қалыптастыру; екіншіден, студенттерді діни сауаттылыққа тәрбиелеу. Олардың әртүрлі діни ағымдарға кіріп кетуіне жол бермеу. Сонымен қатар, сту­дент­тердің арасында кереғар сая­си идеялардың таралуының алдын алып, Елбасы Жолдауындағы қуатты Қазақстан идеясын іске асырып, насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізу; үшіншіден, студенттердің бойында іскерлік белсенділікті, кәсіби білім алу мен еңбек саласында тиімді дағдылар мен негізгі ұстанымдарды бекіту; төртіншіден, студенттердің әлеу­меттік-экономикалық, ғылыми, шығармашылық және спорт салаларындағы жетістіктерін қолдау, оны әрі қарай дамыту және саламатты өмір салтын берік ұстауға баулу; бесіншіден, жастар арасында қылмысты болдырмау және оларды қоғамдық тәртіпті сақтауға тәрбиелеу, т.б. Университетімізде студент­тер арасында өзін өзі басқару жұмыстарын жүргізуге мүмкін­діктер жасалып отыр. Оқу орнында «Жастар ісі комитеті» құрылып, студенттермен белсене жұмыс атқаруда. Оқу орнынан қалалық және аудандық жастар мәслихаттарына 3 студент депутаттықа өтіп, елдік іске жұмыс жасауда. Сол секілді «Жас Отан» жастар қанаты, «Жастар ісі комитеті», «Жастар саясаты мәселелері басқармасы», өзге де ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста. Талантты студенттер қалалық және республикалық білім сайыстарына, спорттық іс-шараларға жиі қатысып тұрады. Биыл біздің студенттер «Армысың, әз Наурыз» қалалық байқауында Астана қаласы бойынша II орынды иеленді. Ел руханиятына аса қажет болып отырған «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығының елордада тұңғыш рет біздің оқу орнында ашылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында іске кіріскен бұл орталықтың үлкен мәдени ошаққа айналдыру көзделген еді. Қазір мақсат орындалды деуге болады. Орта­лық қазақ руханиятының ортақ қазынасына айналды. Астана қаласы оқу ордалары мен қала жұртшылығының қызығу­шы­лы­ғын туғызған кез келген іс-шара бұқаралық ақпарат құрал­да­рының назарынан тыс қалған емес. «Абайтану» ғылыми-та­ным­дық орталығы ұйытқы бола алған «Абайтану курсы», «Ұлылар мекеніне саяхат», «Абай биігі – ұлт биігі», «Әнді сүйсең менше сүй» бағдарламалары Астана үшін де, ел руханияты үшін де, аса қажет бастамаға айналып отыр. «Абай нұры» өнерлі жастар клубы жұмысы да ұлт руханиятына арналған. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, бүгінге дейін «Астана ақшамы» газетінің «Абай нұры» айдарына орталықтың негізгі қорынан 71 құнды мақалалар дайындалды, қазақ радиосынан күн сайын «Абай нұры» хабары беріліп тұрады. Абай шығармашылығына байланысты 63 ғылыми-та­ным­дық семинар сабақтары мен абай­танушылардың қатысуымен әдеби-ғылыми кездесулер өтті. 1942 жылы М.Әуезов бастап кеткен Абайтану курсын 70 жылдан кейін қайтадан жаңғырттық. 27 оқытушы Абайтану курсын өткізіп келеді. Биыл екінші жыл «Ұлылар мекеніне саяхат» жүзеге асты. Астаналық жас абайтанушы­лар, өнерлі жастар, Абай шы­ғармашылығының жүлдегерлері, БАҚ өкілдері мен қаламгерлерден құралған 94 адамды Семей жеріне ұлылар мекеніне танымдық саяхат жасап қайтты. Елордадағы жалғыз орталық Семейдегі мемлекеттік Абай мұражайымен тығыз байланыста жұмыс атқарады. Алдағы уақытта қазақ руханиятының мәңгілік брендіне айналған Абай туралы Абайтану курсын оқытып, пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру ісіне Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау болып жатса құба-құп. Қазақстанда колледж сту­денттерінің шамамен 57 пайызы ақылы негізде білім алады. Бұл ретте кәсіптік-техникалық біліммен қамту бойынша теңгерімсіздік байқалатын тәрізді. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтар колледждерінде 4 мың ғана орын болса, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан об­лыстарының колледждерінде 7 мың орын жетпейтідігін Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов атап айтқан болатын. Бұл да ойлануға тұратын мәселе. Жалпы, жекеменшік оқу орындарының ең басты жетістігі төленетін ақының төмендігі дер едім. Әрине, білім сапасы бойынша халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары болумен де өлшенуі керек екенін жоққа шығармаймын. Қазақта «Туыс атадан, көрші Алладан», деген жақсы мақал бар. Біз Қазақстан мен Ресей арасындағы ізгі ниетті қарым-қатынасымызды қашанда бағалап келдік және бағалай береміз. Қарым-қатынасымыз өзара бай тарихымызға негізделген және сан мәрте уақыт сынынан өткен. Соның ішінде, Қазақстан-Ресей университеті Еуразиялық экономикалық одаққа байла­нысты екі ел достығының дәне­ке­ріне айналып отыр десем, артық айтқандық болмас. Біз оны білім беру ісімен ұштастырып отырмыз. Марат МОЛДАХМЕТОВ, Қазақстан-Ресей универ­­ситетінің президенті, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор.