Таразда қала күніне орай шағын футболдан TARAZ CUP турнирі ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері бас қосқан аламанға Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Жетісу облыстарының, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының журналистерінен құралған командалар қатысып, өзара үздікті анықтады.
Жалпы саны 11 команда бақ сынаған турнирде командалар үш топқа топтастырылды. Өз тобынан үздік шыққан ұжымдар ширек финалға жолдама алса, жолы болмаған командалар жарысты ерте аяқтады. Әрмен қарай – жартылай финал, финал.
Тараздағы турнирде Атырау облысынан келген Atyrau Aqparat командасы мықты деген қарсыластардан айласын асырып, шағын сенсация авторы атанды демесек, басқа командалар ойын өрнегімен ешкімді таңғалдыра қойған жоқ.
Топтық кезең және ширек финалдағы ойындарға қарағанда, жартылай финалдық кездесулер тартысқа толы болды. БАҚ өкілдері арасындағы додаларда шаппай бәйге алып жүрген Kazmedia Voltman командасы мен «Алматы» құрамасы арасындағы матчты жұрт «финалға дейінгі финал» деп бекер айтпаса керек. Бұл ойында алматылықтар финалға бір табан жақын болғанымен, соңғы минуттарда камбэк жасаған елордалықтар 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Екінші жартылай финалда турнирдің жаңалығына айналған Atyrau Aqparat командасы қызылордалық «Ақмешіт» командасынан басым түсті.
Турнир барысында қарсыластарын қоғадай жапырып келген Kazmedia Voltman командасы шешуші кездесуде Atyrau Aqparat ұжымын қарсылас көрмей 4:1 есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанса, атыраулықтар екінші орынды иеленді. Үшінші орын үшін өткен матчта алматылықтар қызылордалық «Ақмешіт» командасынан 3:0 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанды.
Турнир чемпионы 1 млн теңгенің сертификатын иеленсе, екінші орын алған командаға – 500, үшінші орын иеленген ұжымға 300 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Сондай-ақ өз амплуасы бойынша үздік деп танылған ойыншыларға 50 мың теңгеден сыйақы берілді.
ТАРАЗ