• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қыркүйек, 2022

Кияку өлген күн...

345 рет
көрсетілді

Басқаны қайдам, ұлтының қайғы-қасіретін тереңірек ұғып, адамзатқа ортақ мұңды жан-жүрегімен сезінуге тырысқан жанның қайғысын әріден қозғап, толғандырмай қоймайтын бірден бір шығарма – Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі дер едік. Бастап келіп жібергенде бір деммен оқыла жөнелетін туынды біздің халықтың, біздің ұлттың басынан кешірген ауыртпалық пен мехнатты тереңінен қозғап, тіпті көзге жас алдырар тұсы да аз емес.

Әр қазақ біліп, байыбына барып, қайта-қайта оқитын кесек дүние. Бүгінде енжар, езіліп, жаншылуға айналғандарды көрсе де немқұрайдылыққа душар болғандардың сана-сезімін оятатын бірден бір құрал осындай шығарма болса керек.

Серік Ақсұңқарұлының «Салт атты» деген өлеңі бар. Сюжетке құрылған. Шамасы Кеңшілік Мырзабековке арналған поэзия. Сонда коммунистер қоғамына ежелгі дәуірден бір салт атты тұтқиылдан келіп кірді дейді. Өздерінше өркениет қалыптастырған қоғам мүшелері үрке қарап тұрған аттылының алдына алған Мағжан атты баласы бар деп өрби­ді. Тура сол сияқты, одан да қасіретті тұлға Эдуард – бұрынғы Кияку, араку тайпасының соңғы өкілі екенін ұмытып кеткен ең танымал, ең атақты, данышпан дәрігер. Әлгі салт аттыдай есейе қоймаған. Айыбы шығар, алдына алып өбектеген Мағжанның рухы жоқ. Сол рухты ұмытқандығы жазығы деп те айта алмайсыз оның. Өйткені Кияку-Эдуард қай­мағы бұзылмаған үндістер отанынан өркениет ошағына түскенде тым жас бала еді. Десе де елінің мәдениетінен хабардар, араку тайпа­сының алтын жүлгелі қадір-қасиеті жадына беки бастаған, әкесінің ерлік істеріне көз жеткізген, ол ол ма, араку жұртының бақ­сы­ларының батасын алып, бойына киесін дарытқан, бақсы әкесінің аманатын түсініп, ант қабылдаған, тек Құдайдың құдіретімен тірі қалған жан иесі. Бірнеше штатқа бөлінген өркениеттің түсіне де кірмейтін арқасына аруақ қонған құбылыс десе болғандай.

Үндістердің елін қырып-жойып, жерін ­жаулап алуға келген «ақ адамдардан» қорғану мақсатында үдере көшкен араку тайпасы бір қонысқа қонғанда, тамам тайпа белгісіз бір індетке ұшырайды. Ал Киякудың әкесі Чоро – аракудың маңдайалды бақсы, дәрігері. Тайпа­ны сол ғана құтқарып қалады белгісіз індеттен. «Қазір аракуді сақтап қалу бір де бір көсемнің, бірде бір батырдың қолынан келмейді. Тек біздің қолымыздан келеді. Тек біз ғана сақтап қала алуымыз мүмкін», дейді әкесі Чоро аракудің сегіз бақсысына. Және солардың арасына баласы Киякуды қосып, оған бақсы болуға ант қабылдатады.

«Бір үмітім – осы ұлым. Мендегі барлық қасиет, кие осыған қалмақ... Бүгіннен бас­тап менің жалғыз ұлым Киякуды аракудың сегізінші бақсысы деп біліңдер. Бақсылар отты қоршап, тізерлеп отырды. Әкесі оттан жанып жатқан бұтақты көтерді де: «Мен араку тай­пасынан шыққан Ұлы бақсы Чоро баласы Кияку!», – деп қайталады Кияку. «Араку жұрты үшін құрбандыққа әзірмін!».

Гиппократтың анты сол замандардан бар тәжі­рибе десе болады. Осындай сертпен жо­рық­қа араку тайпасын құтқаратын емдік шөп іздеп шыққанда, түгел бақсы қырылып, жалғыз Кияку тірі қалып, Алланың әмірімен оны шалажансар жатқан жерінен әлдебір фабриканың қызметкерлері тауып алып, бір негр тәрбиелеп, оқытады. Содан жолы ашылған бала бір ғұлама дәрігердің қолына түсіп, медицинада адам айтса нанғысыз жаңалық ашып, үлкен жетістікке жетіп, даңқты тұлғаға айналады. Оның ғажайып дәрігер болуына себеп ежелгі бақсылардан, әкесінен қан арқылы дарыған қасиет демеуге кімнің батылы барады? Тіпті өліп кеткен адамды тірілтіп алған Эдуардқа ең соңында бір журналист келіп жер бетінен үндістер жойылып бітуге шақ қалғанын ескерткенде, ол өткен өмірін 50-60 жылдан соң бір-ақ есіне алады. Оған дейін «ақ адамдар» араку тайпасын қырып жіберген жер бетінен. Эдуард ұшақпен бұрынғы мекеніне жеткенде араку тайпасының соңғы өкілі өлмелі күйде жатады. Бұрын тіпті жүрегі тоқтап қалғанды тірілтіп алған атақты дәрігердің қолынан түк келмейді сонда. Өйткені оның емін тек Кияку-Эдуардтың әкесі Чоро ғана білетін және оған дәру болар емдік шөпті Киякуға көрсеткен. Ал науқастың жарты-ақ күндік өмірі қалған. Науқас көз алдында жантәсілім еткенде Кияку-Эдуард қоса «өледі». Мынадай күй кешеді: «Бірақ ол араку тайпасының ең соңғы адамы өзі екенін аңғармады. Ол тіпті өзін адам қатарына санаған жоқ», дейді автор.

Араку тайпасын індеттен құтқарамыз деп емдік шөпке аттанған бақсыларды «ақ адамдар» атып өлтіре бастағанда, оқ тимегендерінің ойы тек Киякуды аман алып қашу болады. Жалғыз соны бауырына алып қашады. Өйткені онда араку тайпасының бар бақсылық қасиеті қалып тұр. Елді тек сол сақтайды. «Бақсылар Киякуды сүйрей-мүйрей қалыңға кіріп үлгірді» дейді автор. «Талықсып барып көзін ашқанда өзін дырылдата сүйретіп, жүгіріп келе жатқан жалғыз көз бақсы Курарені көрді. Қайдан екені белгісіз, тарсылдатып атып жатыр. Кесілген ағаштардың тұсына келгенде Кураре Киякуды емшектегі бала құсатып, қолтығына қысып алды».

Осы тұстарды оқыған менің көзіме қазір ұлт үшін, ұлттың тілі мен руханияты (жаны) үшін күресіп өткен, күресіп жүрген тұлғалар елестейді. Ұлттың жаны да Кияку сияқты жас, балаң, нәзік. Кураре сияқты ата-бабаларымыз өздері оққа ұшса да бізді бауырына басып, аштық пен қан-қасап репрессия, соғыстан аман алып осы күнге жалғады. Қаншама қазақ Эдуардқа айналды, бірақ іштерінде бір-бір Кияку барын сезе ме, есіне ала ма?.. Сол сұрақ көкейде тұруға тиіс! Шығармада Эдуард өзінің Кияку екенін есіне алғанда бәрі де кеш еді. Мансаптың биігіне жеткен тұлға сонда өзін араку тайпасының соңғы өкілі ретінде танымақ түгілі, адам қатарына қоспайды. Ішіңдегі Киякуды өлтірген екенсің, күллі ұлтыңа қиянат жасағаның өз алдына, адам емессің!

Кияку өлген күн келмесін бізге...