Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың ұзақ мерзімді жаңа тәсілдерін әзірлеу, Жамбыл облысы ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі қанатқақты жобаны кеңінен тарату, кәсіпкерлерге жерді жедел әрі ашық бөлудің тиімді әдістерін тұжырымдау, 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын немесе жер заңнамасын бұза отырып берілген жерлер бойынша шешімдер қабылдау жөнінде Үкімет алдына міндеттер қойған еді. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осы тапсырмалардың орындалуы жайында әңгімеледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін нақты шаралар әзірленіп, қабылдануда. Мысалы, саланы субсидиялаудың жаңа ұзақ мерзімді тәсілдерін дайындау жұмысын Мемлекет басшысының бұрын берген тапсырмасы аясында жүргізіп жатырмыз. Жаңа қағидаларды әзірлеу аяқталып қалды. Қазіргі уақытта оны арнайы құрылған жұмыс тобы аясында талқылау жүргізілуде. Келесі жылдан бастап аталған жұмыстарды бастап кету үшін оны осы жылдың соңына дейін бекіту көзделген. Негізгі түйінді өзгерістер сыбайлас жемқорлыққа тәуекелдері жоғары субсидиялау бағыттары мен түрлеріне қатысты болады», деді министр.
Е.Қарашөкеевтің айтуынша, қаржы құралдары бойынша субсидиялаудың барлық бағыты қалады. Мәселен, қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялау бойынша екі нұсқа қарастырылуда. Біріншісі, жоғары сыбайлас жемқорлықты ескере отырып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялаудан бас тарту және оның орнына жабдықтарды субсидиялау нормативтерін арттыру. Екінші нұсқа, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын субсидиялауды қалдыру. Бұл мәселелердің нақты жауабы жұмыс тобының соңғы отырыстарында анықталады.
«Өсімдік шаруашылығына келетін болсақ, мұнда бағыттар мен нормативтер қалады. Қосарланған субсидиялауды болдырмау мақсатында бірегей тұқымдарды субсидиялаудан бас тарту ұсынылады. Мал шаруашылығы бойынша жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар субсидиялау түрлерін алып тастау, ал қалған түрлерін жүйелеу және бірыңғай түрге – селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялауға біріктіру және сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту ұсынылады», деді министр.
Сүт машиналық саууы бар субъектілер үшін сүт бойынша 1 кг сүтке 40 теңге деңгейінде бірыңғай нормативтерді белгілеу ұсынылады. Сонымен қатар жаңа тауарлы-сүт фермаларын салу кезінде инвестициялық субсидиялар нормативтерін жергілікті атқарушы органдарға қолданыстағы инвестициялық субсидиялау нормативтеріне 25%-ға құқық беру жолымен арттыру, жергілікті бюджет есебінен тағы да 25%-ға дейін қосымша ақы төлеу ұсынылады.
Асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу бойынша отандық және импорттық жануарлар үшін сүтті мал бойынша 1 басқа 300 мың теңге деңгейінде, етті мал бойынша 1 басқа 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай норматив белгілеу және сол арқылы асыл тұқымдық репродукторларға бәсекелестік үшін тең жағдай жасау ұсынылып отыр. Қазіргі кезде субсидия жүйесі бойынша импортталған малға ақша көбірек төленіп келді, енді бірыңғай деңгейге келтірілді.
«Жұмыртқа құс шаруашылығы бойынша норматив барлығы үшін бірдей болады, ет шаруашылығы бойынша – 1 кг үшін бірыңғай нормативтер орнатылады, алайда ет құс шаруашылығын ынталандыру үшін сүт саласында жасалғандай, жергілікті бюджет есебінен 25-тен 50%-ға дейін инвестициялық субсидиялау нормативтері ұсынылады.
Бұдан басқа, қосарланған субсидиялауды болдырмауда сиыр етін өңдеу кәсіпорындарына сиыр етін дайындау құнын субсидиялауды алып тастау ұсынылады (175 теңге).
Бұқашықтар мен қошқарларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Азықты субсидиялау бойынша төтенше жағдайларда немесе Қазгидромет растаған ауа райының қолайсыз жағдайларында тек пішен мен кебекті субсидиялау ұсынылады», деді ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, субсидия алушылар үшін міндеттемелер енгізіледі. Яғни ендігі кезекте субсидиялау ісінің нәтижесі болуға тиіс. Атап айтқанда, өз өндірісінің өнімдерін өткізу көлемін жыл сайын кемінде 3%-ға ұлғайтуды қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін жыл сайын арттыру, негізгі капиталға 5 жылда кемінде 1 рет инвестициялардың салынуын қамтамасыз ету міндеттері енгізіледі.
Жаңа субсидиялау қағидаларының негізгі тұстары – субсидияларды алушылары міндеттемелердің орындалуын бақылаудың және оларды бағалаудың пәрменді құралдарын енгізу тетіктері арқылы бөлінген субсидиялардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша болдырмау және цифрландыру есебінен субсидиялар алу рәсімін оңайлату.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап цифрландыру есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту мақсатында жаңа бірыңғай мемлекеттік ақпараттық субсидиялау жүйесі іске қосылды, бұл фермерлер үшін тегін және барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіріледі. Ол қазіргі «Қолдау» жүйесін толығымен алмастырады. Сонымен қатар тауар өндірушілердің ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін өндіріске енгізу бойынша шығындарын, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық жұмыстарын субсидиялау және кооперативтердің өз мүшелеріне көрсеткен қызметтерінің құнын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары енгізілуде. Олар өндірісті технологиялық қайта жарақтандыру процестерін жеделдетуге және ауылдық жерлерде кооперативтік қозғалысты ынталандыру мен дамытуға бағытталған», деді ведомство басшысы.
Министр Жамбыл облысының мысалында ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны кеңінен тарату шеңберінде бірқатар жұмыс жүргізілгенін айтты. Аталған іс-шара 2025 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Ұлттық жобада көрініс тапты.
«Ұлттық жоба шеңберінде бөлінген лимиттерге сәйкес 2023 жылдан бастап ауыл халқына микрокредит беруді іске асыру үшін жыл сайын жалпы жиыны 30 млрд теңге сомасында 7,5 мың микрокредит беру көзделген. Осылайша, аталған Ұлттық жоба бойынша ауыл халқының табысын арттыруға негізделген пилоттық жобаның ауқымын кеңейтуге 90 млрд теңге бағытталмақ. Дегенмен облыс әкімдіктерінің ақпараттары Ұлттық жобадағы аталған қаржыландырудың белгіленген көлемі жеткіліксіз екенін көрсетуде. Осыған байланысты, министрлік әкімдіктер мәлімдеген қажетті қаржыны бөлуге бюджеттік өтінім дайындады. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бұл көлем 2023 жылға толық, яғни 30 млрд теңгеден 52,4 млрд теңгеге дейін көтеріледі, 2024 және 2025 жылдарға ішінара қолдау тапты. Соңғы екі жыл бойынша қажеттілікті ескеру 2023 жылы бюджетті қалыптастыру кезінде анықталады. Сондай-ақ пилоттық жобаны ел көлемінде таратудың 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Биыл шілдеде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары бекітілді», деді Е.Қарашөкеев.
Қанатқақты жобаның ауқымын кеңейтуді іске асыру жұмыссыздарға, жастарға, халықтың аз қамтылған топтарына және т.б. кредит беруге мүмкіндік береді. Бұл ауыл халқын тұрақты қосымша табыспен қамтамасыз етуге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл халқының кәсіпкерлік белсенділігін айтарлықтай ұлғайтуға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайтуға алып келеді және олардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.
Е.Қарашөкеев келтірген деректер бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің республика бойынша аумақтық бөлімшелері 2,7 млн гектар алаңда жер пайдаланушыларға қатысты 1 077 жоспардан тыс тексеруді тіркеді, соның нәтижесінде 1,9 млн гектар бойынша 732 ұйғарым енгізілсе, 306,2 мың гектар бойынша қалыптасқан 107 материал сот органдарының қарауында жатыр.
Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін 1,3 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері игеріле бастады. Сонымен қатар қабылданған шешімдердің заңдылығына 140 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, нәтижесінде жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 101 нұсқама берілді.
«Жалпы, бүгінгі таңда мемлекетке 3,84 млн гектар пайдаланылмайтын жер қайтарылды, 2023 жылдың соңына дейін 10 млн гектардың пайдаланылмайтын жерлері қайтарылады. Алайда осы көлемді жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бірлігін бөле отырып, жер инспекциясын нығайту, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлерді анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыру функцияларын олар тиісінше орындамаған жағдайда, аудан әкімдерінің және облыс әкімдерінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларының жауапкершілігін күшейту ұсынылып отыр», деді бұл жайында министр.