• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 29 Қыркүйек, 2022

Оқу-ағарту министрі «Мета» компаниясының өкілдерімен кездесті

216 рет
көрсетілді

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Meta» компаниясының өкілдерімен кездесті. «Meta» компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі өңірлік басқарушы директоры Джордж Ченмен сұхбат барысында тараптар Facebook және Instagram сияқты әлеуметтік желілерде білім беруді насихаттау жөнінде ынтымақтастық туралы келісті, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі білім беру контентін қазақ тілінде ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.

Facebook, Instagram және WhatsApp сияқты әлеуметтік желілер американдық «Meta» компаниясының құрамына кіретінін еске сала кетейік.

«Қазақстандық мұғалімдер әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Мысалы, Facebook-те бізде бір мұғалім ұстаздар тобын құрған, онда бүгінде 180 мыңнан астам қатысушы бар. Ал бұл - Қазақстанның барлық мұғалімдерінің жартысы. Бұл Facebook-тегі тек бір топ қана. Онда мұғалімдер талқылаулар жүргізіп, жаңалықтармен бөліседі, оқушыларды оқыту мен зерттеулер бойынша ми шабуылын өткізеді, проблемалық мәселелерді көтереді. Сондай-ақ бізде Instagram көмегімен белгілі бір оқу пәндер туралы айтатын белсенді педагогтер де бар. Осылайша, олар білім мен ғылымды насихаттайды, оқушылардың қызығушылығын арттырады. Біз үшін мемлекеттік тілде білім беру контентін құру басымдық болады. Қазақ тілі мен білім беру ақпаратын мемлекеттік тілде ілгерілетуде біздің ынтымақтастығымыз  жемісті болатынына сенім білдіремін», деді Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Өз кезегінде Джордж Чен қазақстандық педагогтер мен ата-аналардың әлеуметтік желілердегі белсенділігін атап өтіп, олар үшін арнайы тренингтер өткізуді ұсынды.

«Оқушыларды, мұғалімдерді және ата-аналарды оқытатын бізде арнайы команда жұмыс істейді. Балаларға арналған контент те бар. Ағылшын тілін, қазақ тілін үйренуге, қазақ тілінде білім беру контентін жасауға арналған барлық ресурстар бар. Біз мұғалімдерге ақпараттық ресурстарды қалай пайдалану керектігін үйрету бойынша тренингтер ұйымдастырамыз. Мұғалімдер үшін цифрлық бағдарламалар жасап жатырмыз, сондай-ақ олардың арасында ашық диалогтар жарияланатын ата-аналарға арналған платформамыз бар. Әр ел үшін бағдарламаларды бөлек жасаймыз. Біз білім беру саласында қандай контентті берген дұрыс екенін таңдай аламыз», деді «Meta» компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі өңірлік басқарушы директоры Джордж Чен.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа білім беру жобаларын одан әрі ілгерілету туралы келісті.