Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қатысып, Үкімет атқарып жатқан бірқатар мәселелер төңірегінде айтып берді.
«Үкімет индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығын мақұлдады. Мемлекет басшысы оны бекіткеннен кейін Үкімет шаралардың тыңғылықты жоспарын қабылдайтын болады», деді Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.
Екінші бесжылдық төрт бағыт бойынша дамытылмақ. Біріншісі, макроэкономикалық тұрақтылықты және қаржылық базаның өсуін қамтамасыз етуі тиісті шикізаттық сектор. Екіншісі, өсім сапасын қамтамасыз ететін өңдеу өнеркәсібі. Үшіншісі, болашақта бәсекелестікті қамтамасыз ететін инновациялық сектор болса, төртіншісі адамдарды жұмыспен қамтитын сектор. Осы бесжылдықта бизнестің барынша белсенді қатысуы назарға алынған. Атап айтқанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бағдарламаны әзірлеуге де, оны жүзеге асыруға да атсалыспақ.
«Ауыл шаруашылығы министрлігімен «2015-2019 жылдарға арналған ҚР азық-түлік өндірісін дамыту» бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама аясында салада бірқатар маңызды міндеттер жүзеге асырылмақ. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 2019 жылы азық-түлік және қайта өңдеу саласының негізгі капиталға инвестиция көлемі 97 миллиард теңгеге, азық-түлік өндірісі көлемі 30 пайызға, яғни 1271 миллиард теңгеге және азық-түлік өндірісінде 68 мың адамға дейін жұмысбастылық деңгейінің ұлғайып, азық-түлік өндірісінің импорт көлемі 3 есеге дейін төмендемек», деді Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Министрліктің құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін 2013 жылдың ақпан айында қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасымен жаңа мемлекеттік құралдар қарастырылған. Жалпы, 2013 жылы азық-түлік және ауыл шаруашылығы шикізатының қайта өңдеу тауарларының ішкі сауда-саттық айналымы 4 250 миллион долларды құраған. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу кәсіпорындары республикалық өнеркәсіп өндірісінің 5 пайыз, ал қайта өңдеу өндірісінің 16,5 пайызын өндірген.
Азық-түлік өнімдерін өндіру құрылымындағы негізгі үлесті астықты қайта өңдеу, нан және нан-тоқаш, етті қайта өңдеу мен жеміс-көкөніс сынды өзге де салалар алады. Сондай-ақ, мұнымен бірге жеке позициялар бойынша импорттың қомақты үлесі сақталып келеді. Былтырғы жылдың қорытындысына сәйкес елімізге 3 миллиард доллар сомасында азық-түлік өнімдері импортталған. Ол негізінен кондитерлік, сүт өнімдері, қант, құс еті мен жеміс-көкөніс консервілерінде көрініс тапқан.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».