Үлкен ұғымдарға ұйытқы шағын журнал
Тәу етер тәуелсіздікті жұртқа жеткізу жолында өткен мен бүгінді ұштастырып, арасын үзбей жазып келе жатқан «Алқа» журналының жарыққа шыққанына да алты жыл толыпты. Алғашқы бес жылда түрлі-түсті оқушы дәптері секілді болып, жұрт қолына тиіп жүрді. Бастапқы басындағы бас редакторы алымды да шалымды, алары кетсе де, айтарын айтып қалатын батыл қыз Жұлдыз Әбділда еді. Ол ана бір жылдардағы аласапыранның кесір-кесапатын қалай жою керектігін қозғап, ұлтымыздың айтулы азаматтарымен сыр-сұхбаттар жүргізді. Соның бірі Шерағаңмен (Мұртаза) әңгімесі еді. Онда ардақты қаламгер ағамыз: «Бір Алладан басқаның бәрі бір кем дүние, – деп қоғамдағы бар мен жоқты саралай келіп, руханият мәселесіне ойысқанда, – ертеде Аманкелді Сембин деген жігіт болып еді. Дауысы ғажап болатын. Қотыраштар оның өзінің де, өнерінің де көзін жойды. Дауысы сақталмады. Ондай дарын қазір бізде жоқ, болмады да». Міне, жақсының жақсыны іздеуі осы деп білеміз.
«Кімнен кейінбіз, кімнен ілгеріміз» деген сараптама мақаласында танымал журналист Мұхтар Жанұзақұлы үлкен ойларын ортаға тастап еді. Талантты жігіт соңғы жылдары көрінбей кетті. Герольд Бельгердің күнделіктері, белгілі саясаттанушылар мен алуан түрлі тақырыптарды қамтыған батыл әңгімелер жиі беріліп тұрды. Ал әдебиет, өнер әлеміндегі ойы анық, сөзі сергек қаламгерлердің байлам-пайымдары селт еткізбей қоймайтын.
Өткен жылдың басынан «Алқа» төсқалтаңа салып жүретіндей шағын кітапша тәрізді болып, жарық көре бастады. Алғашқы нөмірін бүгінгі орта буын он қаламгердің әңгімесін жариялаудан бастады. Екінші нөмірінде соңғы жылдары жұрт көзіне түсіп, жүлделі болған он суретшінің шығармашылығын қамтыды. Үшінші нөмірінде көрермендердің көңілінен шыққан, әр дәуірдің болмысын, тарихи кезеңдерді, дара тұлғаларды бейнелеген он үздік кино туралы ортаға ой тастады. «Он үздік көшірмеде» өнер, әдебиет, мәдениет туралы айтылып жүрген әңгімелердің ақ-қарасы сөз болды. «Он тылсым тағдыр» деген атпен журналдың екі нөміріне басылған дүниелер де қазақ өнері мен әдебиетінің айтулы өкілдері жайлы тағылымды ой-байламдар басылды. Бұлбұл үнді Күләш Байсейітова, заманынан озық жаратылған, келешек үшін қызмет еткен дара да дана Мұхтар Әуезов, айтулы Шәкен Аймановты еске ала отырып, Алтайдан шыққан алып Оралхан Бөкей өмірінен ой өрбітіп, Тәкен Әлімқұловтай сөз ұстаған сара саңлақ суреткердің тағдырлы жолын тарата айтты. Жұртым деп кеткен, талай сын сағаттан білім-білігімен сүрінбей өткен заңгер ғалым Нағашыбай Шәйкенов пен жаратылысы бөлек, парасат-пайымы дәуірінен көш ілгері кеткен, ақиқат өмірінің өзі аңызға айналған Асқар Сүлейменов, кинодағы Шоқан бейнесін сомдап, сол Шоқан секілді мына жалған дүниеден жұлдыздай аққан Сағи Әшімов, «Бұл дүниеде кім мүсәпір, кім құдай, Жаратты екен неге бұлай, кім бұлай. Бір күні мен тәлкегімен тағдырдың, Мың соқырды залдан көрдім, сұмдық-ай!» дейтін ақын Өтежан Нұрғалиев, сегіз қырлы бір сырлы Бексейіт Түлкиев, бейбіт күнде зым-зия жоғалып кеткен ақын Әділ Ботпанов пен дарынды суретші Мағауия Аманжолов, тағы басқалар туралы сыр шертілді.
«Он ұлтжанды суреткер», «Он күрескер қаламгер» аталып, екі нөмірден тұратын журналдан алар тағылым аз емес. Олардың қатарында: Ж.Молдағалив, Б.Соқпақбаев, Ә.Нұрпейісов, О.Сүлейменов, Д.Исабеков, М.Шаханов, Е.Дүйсенбаев, Ж.Жақыпбаев, Ж.Әбдірашев, Н.Дәутайұлы, Ж.Шаштайұлы, Д.Әшімханұлы – осылайша жалғасып кете береді. Әрқайсысының өмір өткелдері суреткерлігімен жалғасып, күрескерлік құдыреті толыға береді. Жарияланбаған қолжазбаларға да орын беріліп, әдеби сынның жай-жапсары назардан тыс қалмай келеді.
«Алқаның» биылғы жылғы бірінші нөмірі мемуарлық шығармаларға арналды. С.Мұқановтың «Өмір мектебінен» өрістеген әңгіме М.Мағауиннің «Меніне», Қ.Жұмаділовтің «Таңғажайып дүниесіне», Қ.Ысқақовтың «Келмес күндер елесіне» ұласады. Аста-төк ішкен асқа, үлпілдетіп киген киімге масаңсымай, бопсасы көп бодандықтың шынжырын бырт-бырт үзбек болып, ойы озық Алаш ұрпақтары «Құранды жұртты көп жиып, өз алдына ел етсем» деп заманында шарқ ұрған Ақтамберді жыраудай одақтың бас қаласы Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құрғаны белгілі. Соның атбайлар діңгегіне айналған Мұрат Әуезов бастаған жас тұлпарлықтармен әңгімеден алар сабақ молынан.
Кеңес дәуірі алқымнан алып, руханият саласында қадам аштырмай тұрған кездің өзінде ұлтқа қажетті, жұртқа керекті қисынын келтіріп, есебін түзеп атқара алған, қытымыр заманда 30 жасында министр болған Ілияс Омаровтай Алаш арысы туралы әңгіме тіпті әсерлі оқылады. Санаңды қалғытпайды, ұйқыдағы ойыңды түртіп оятады. Осы арада мына бір жан жадыратарлық жайды айта кетсек дейміз. Ол – оймақтай журналда ордалы ойға ұйытқы болып отырған, сыр-сұхбаттардың алтын діңгегіне айналған қаламгер Жүсіпбек Қорғасбектің тынымсыз тірлігі еді. Алда айтқан Ілияс Омаров туралы әңгімеге елге танымал азаматтар Сарбас Ақтаев пен Нұрмахан Оразбеков қатысқан. Әңгіме-дүкенде елін ойлаған ел ұлы оның өмір жолы жайлы тарата келіп, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің: «Орын оны емес, орынды ол көркейтетін. Оған жұмыстың үлкен-кішісі болмайтын», деген сөзін дәйекке келтіру арқылы кемел қазақтың бүкіл болмысын көз алдыңа әкеледі. Осы күнгі шенеуніктер отырған орнымен көрініп жүргені жасырын емес. Шіркін, олар да Ілиястай ірілік танытса, ұлт руханияты көш бойы алға кетер еді. Сарбас ағамыз тағы бір мынандай деректі келтірген екен. Ол – ұлт руханиятын, тарихын алға сүйреген айтулы тарихшы Е.Бекмахановқа әркез әділ сөзін айтып жүретін академик А.Панкратованың хаты еді. «Қазақтар қызық халық екен, мен түсінбедім. Грузиндер өздерінің патшаларын құдай қылып шығарып отыр, өзбек хандарының барлығы өркениетті, озық ойлы адамдар болып шықты. Ал қазақ Абылай мен Кенесарысын неге сынай береді? Бұл, меніңше, дұрыс емес», дейді академик. Көрдіңіз бе, біз қазақты қайтсем қатарға қосамын, ел қыламын деп жан алып, жан берген, сол жылда азап шегіп, өмірін қиған арыстарымыздан «Бетті бастым, қатты састым» (Абай) деп жалт беріп жүргенде, орыс ғалымы мына сөзді бетті тырнағандай етіп алға тартады.
«Алқаны» оқып отырғанда құбыласы қырық құбылған заманда өткен мен бүгінгінің ортасын алтын көпірдей жалғап, ойған оймақтай шағын дүниемен-ақ ұлт руханиятына өзіндік үлес қосуға болады екен-ау деген тұжырымға тізгін тарттық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».