• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2014

«Бақытты отбасын» қалай құрамыз?

349 рет
көрсетілді

Алматыда Достық үйінде «Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру және қызметтестік туралы қол қойылған меморандум аясында Республикалық әйелдер одағының ұйымдастыруымен «Отбасылық ғұрып. Жоғары рухани-адамгершілік құндылықтар үстемділігі» атты дөңгелек үстел өтті. Келелі басқосуға еліміздің қайраткер аналары – Республикалық әйелдер кеңесінің мүшелері – КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, академик Әлия Бейсенова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нина Қаюпова (төрайым), Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, көрнекті ғалымдар Жанар Мұстафина, Ажар Жұбанова, т.б. қатысып, Елбасы Жолдауында көтерілген қазақстандық отбасылардың орнықты дамуын әрі қарай жетілдіру, ата-ана жауапкершілігін арттыру, қазақы дәстүрге жат ажырасу мәселесіне, сондай-ақ, ұлттық тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды дәріптей отырып, бақытты отбасын құруға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Партияның жаңа Доктринасында «Отбасы біздің қоғамымызда дәстүрді сақтаудың басты институты болып саналады. Қоғам мен мемлекеттің беріктігі оның тұтастығына тікелей байланысты. Біз қоғамдағы дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтуды көздей отырып, оны мемлекетті күшейтудің негізгі факторы ретінде санаймыз» делінген. Міне, осы идеяны басшылыққа алған дөңгелек үстелге қатысушылар Отан отбасынан басталатынын, оның қоғамда қандай рөл атқаратынын, ұлттық тәрбиенің негізін, ұлт болашағын қалыптастыруда ата-ананың міндеті жастарды бақытты да берік отбасын құруға тәрбиелеу төңірегінде жауап іздеді. Ойларын бүкпесіз ортаға салып, қоғамда орын алып отырған келеңсіз мәселелерге тоқталып, алаңдаушылық білдірді. Басқосудың модераторы Нина Әмірқызы жобаның үш жылға арналғанын, Елбасы өзінің биылғы Жолдауында «Отбасы – мемлекеттің тірегі» екенін айрықша атап көрсеткенін, еліміздегі мемлекеттік отбасы саясаты сабақтастығын заңнамалық жағынан қамтамасыз ету, отбасын әлеуметтік-эконо­микалық жағынан қолдау, қорғаудың қарастырылғанын, сондықтан осы мәселеде «Нұр Отанмен» бірлесе отырып, қоғамдық бірлестік қазақстандық отбасылардың бақытты болуына өз үлестерін қосатынын білдірді. – Қазақстандық отбасы тәрбиесіне тек ата-ана ғана емес, қоғам да атсалысуы керек. Қоғамдық бірлестік осы жоба аясында еліміздің бес облысында әлеуметтік зерттеу жүргізіп, қазіргі қазақстандық отбасының портретін анықтау мақсатында анкета дайындап, оны партияның Орталық аппаратына ұсынды. Алдағы уақытта осы зерттеу қорытындысы бойынша Астанада конференция өткізбекпіз, –деді Нина Әмірқызы. Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова Қазақстан қандай өркениетті ел болмайық, бірақ өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды сақтап, «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген, неғұрлым балаларымызға ерте бастан ұлттық дәстүр, ұлттық қасиеттерімізді сіңіріп өсірсек, сонда ғана ұрпақтар сабақ­тастығы жалғасатынын тілге тиек етті. Қашанда ұрпақ тәрбиесінде отбасы, әсіресе, шаңырақтағы ер азамат, әкенің бедел арттыруда өз ойын биік мінберлерден айтып жүрген ҚР ҰҒА-ның академигі Әлия Сәрсенова, бұл жолы да осы мәселені көтере келіп, қазіргі балаларды апа-әжелері емес, Интернет, «Айпад», «Айфон» тәрбиелеп жатқанын, бүгінде ұйып отырған отбасын бұзатын қазақ қыздарының көбейгенін, ал біреудің ұйып отырған отбасын бұзу қазақ қыздарына жат екенін, бұл шала тәрбиенің жемісі екенін ашына айтты. Әлемдік бәсекеге қабілетті сапалы адам капиталын дайындаудағы үдерісте мектеппен бірге отбасы да тең дәрежелі, тең жауапкершіліктегі субъект болып саналатынын тілге тиек еткен Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова: «Қазіргі мектеп оқушылары – түгелінен Тәуелсіздік перзенттері. Демек, олардың әке-шешелері де ата-аналардың жаңа буыны. Біздің міндетіміз осы жаңа буын ата-ананың отбасы мәдениетінде бала тәрбиесіне басымдық беруге назарын аудару. Мәселен, отбасының бақытын нығайтуда Жапония мен Кореяда қыз бала 18 жасқа келгенде міндетті түрде «Отбасы бақыты» атты курсын оқытады екен. Онда отбасының және дүниеге келетін бала күтімінің педагогикалық, психологиялық, медициналық, әлеуметтік мәселелері, тән және жан сұлулығы оқытылады, отбасын сақтау ұстанымы санаға егіледі», дей келе, мұндай тәжірибе отбасының тұрақтылығын, беріктігін қамтамасыз етуде оң нәтижелерге қол жеткізетінін екпін түсіре айтты. Жиын қорытындысында дөңгелек үстелде айтылған ой-пікірлер жинақталып, сегіз ұсыныс қабылданып, «Нұр Отан» партиясына жолданды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».