Қоярда-қоймай көшіріп әкелген ұлы болатын. Сен үшін ауылға қайта-қайта баратын уақыт жоқ қазір! Бәріміз де жұмысбасты, жалғыз өзің отырамысың ауылда, – деп қалаға алып келді. Енді міне, қартайған шағымда қалаға шығып, сән қуғандай болдым-ау деп сары- уайымға түседі-ай кеп. Е, шіркін-ай дерсің, ғұмыры ауылда өткен адамның өмірінің соңында бүк- түсіп, бүгіліп, өзіне жат тірлікке байланғаны қандай ауыр. Қалаға қарай асығып тұратын бұл не деген жұрт! Түсініп болмайды. Туған-туыс, кейбір көрші-қолаң, жекжаттардың, қыз-қырқын, ұлдарының – бәрі осында тұрады.
– Білем, үйге сыймай жүрсің ғой. Ауылға барғың келсе, шопыр апарады, анда-санда барып қайт. Тіпті сағынсаң Фатиханы, Қанипа, Әнесті, Ағзам, Зейнеп апайды, Хабиба, Хамзаларды осында алдырып тұрайын. Қонаққа шақырайық, – деді кеше кешкісін ұлы.
– Е, балам-ай, ауылдағыдай қайдан болсын! Қаланың заңы, тәртібі – сендер үшін ғой. Кеңсайдағыдай қайда! Қыл аяғы түзге шықсаң да өзіңмен өзіңсің ғой, шырағым. Түн ұйқы жоқ. Кеткім кеп жүр Жарсуатқа, Кеңсай жаққа. Апарып тасташы, – дегісі-ақ келді, бірақ, іштей үнсіз күбірлеп қоя салды.
Шал ауыр бір күрсініп алды. «Ауылыма апарып келші. Тым құрыса өздерің өскен, қалқиып тұрған үйіме барып бір мауқымды басайын. Шешелеріңнің басына барып Құран сүрелерін оқымағалы да біраз болды. Ал, бұларда бір бітпейтін жұмыс». Шал терезеге қарап телміріп отырғаны. Жаяу жүрген адамнан қаптаған машина көп. Кемпірдің сұп-суық бидай көжесі болар ма еді шіркін, – дейді тамсанып. Келіні газит шығарады, күні-түні тықылдатып жазу жазады да отырады. Кейде: «Ата, ой келмей, жазу жаза алмай қиналып тұрмын, тапсырма көп!» – деп мазаланады кеп. Шал бір тал арша жағады. Үйдің іші көк түтін. Иісі қандай шіркін, жарықтықтың! Келіні де тынышталады. Жазу жазатын көк темір де зулайды. Жазда барғанда жинап әкелген Сауыртаудың аршасы еді. Шал бөлмесіне келіп, кемпірінен қалған көк сандықты ашты. Мынау ақ құманды кемпірі екеуі Семейдің базарынан сатып алып еді-ау. Жасыл гүлді орамалын қара. Қыздары да, келіндері де қызығып-қызығып қояды. Шал тырс етіп үндемеген соң, сұрауға батылдары жетпейді. Күміс сақиналары, білезіктері, сырғалары кемпірі қолдорбаға салған күйі жатыр. Дүниеден өтерін біліп, күні бұрын жинап қойыпты ғой. Көзіңдей көр дегені ме екен. Қара оюлы мәсісі, көк бешпеті, ұзын шағи көйлегі – бәрі сандықта қаттаулы қалыпты. Былтыр кіші келінінің өтінішін қалдырмай, мектептегі Наурыз мейрамына киіп баруға рұқсат беріп еді. Әншейінде тылтиған ұзынды-қысқалы бірдеңелер киіп жүретін келінін танымай қалды. Қаланың Наурыз тойлағаны да біртүрлі екен. Заманына қарай болар. Ауылдың аты ауыл. Қара қазан, сары бала. Шал кәдімгідей таңғалды. Анда-мында сабылған халық. Қаптаған кісі. Айнала сауда. Қашанғы түрегеп тұрсын, көлікке кеп терезеден қарады да отырды. Киіз үйлер құрылыпты. Бірінен бірі өтеді. Алды күзет дей ме?..
Қой, Кеңсайға қайтайын. Бұл шешімімді басқа қалаларда тұратын үш ұл, үш қызға Меркіт жеткізер. Қалашыл болып кеткен өздерінен көрсін. Біреуі ауылда қалмады. Қызмет қуды. Марқұм кемпірі «оқы, оқы деп, қалаға қуған өзіңнен көр» деуші еді. Оқығаннан жаман болды ма, бірақ?. Шал өз ойымен алысып күнде осылай. Бурабек пен Нұрила да күтіп жүрген шығар. Бұлар да жаман болған жоқ. Балалы-шағалы. Кемпір екеуміздің жолымызды беріпті. Біз кеткенде туған Әлидің өзі қазір жүгіріп жүр дейді. Өздері оқуларын бітіріп ауылға келді. Нұрила әйел босандыратын дәрігер, Бурабек болса бүкіл таудың орман, қарағайын басқарып отыр. Ұры-қарыға бір ағаш кестірмей қорғауда. Әкім-қаралардың өзінен рұхсат қағаз талап етеді дейді. Бурабектің әкесі Ғалы да сондай қатал адам еді. «Е, е, бүгін ауылда шалдар ұзынсары келді, отамалы да жетті, үт кірді, үтпен бірге құт келді» деп, шалжығар жасап, қауқылдасып жатқан болар, ә!.. Қойдың етін құйрық, өкпе-бауырымен қоса түгел қарынға салады. Тұз, бұрыш, пияз қосып қарынның аузын тігіп шұңқырға жағылған оттың шоғына көмеді. Сөйтеді де, топырақпен бастырып тастайды. Қарындағы еттің демі шығып тұру үшін жіліктен түтік жасап бір басын қарынға салып, екіншісін топырақтан шығарады. Былқылдап піседі. Шалдар қарын толы бұл асты көтере алмай жығылып қалатындары бар...
– Не болды саған әке! Бала құсап жылағаны несі, – деді көлікке отырған ұлы ренжи сөйлеп.-Ауыл, ауыл деп. Немене өзі, аш-жалаңаш жүрсің бе. Одан да көліктен шығып, немерелермен бірге Наурыз тойын қызықтап жүрмейсің бе енді, – деді тағы.
– Көңілім жалаңаш балам. Ойым жетім қарағым. Ауылға апарып тасташы! Ел мен жерден жерігенің не сонша. Болдым-толдым деймісің. Кие, нала деген бар әрі-беріден соң, – деді шал да қатты сөйлеп.
Ертесіне ұлы Меркіт екеуі Кеңсай қайдасың деп жолға шығып кетті. Шал, о, тоба, қуанғаны сондай түнімен көз ілген де жоқ. Терезеден қарап келеді. Жол алыс. Қар қалың түсіпті. Содан көзі ілініп кетіпті, көліктің дөңгелегі тасқа соғылды ма, зірк ете қалғанда барып, көзін ашты. Өз көзіне өзі сенбеді. Көлік бейіттердің қасына кеп бір-ақ тоқтапты. Меркіттің көзінде жас. Анасын сағынып жүр екен ғой құлыным. Ұлын бауырына басты.
– Хадиша мен келдім ауылға. Мені тастап қайда кеттің дей беруші едің түсімде ылғи. Келдім, келдім, – деді шал күбірлеп.
Бейіт басында ұзақ отырды. Іште жүрген өкініш, сағыныш шерін бір тарқатты. Бір кезде барып, ауылға қарай жаяу тартты. Ұлы да келіп, көлігінен түсіп жатыр. Үйінің бау-бақшасы, су алар құдығы, қора-жайы бәрі де ұқыпты, таза қалыпта. Аулада жарқыраған шетелдік көлік. Алты бөлмелі үйінің еңсесін көтеріп, қасынан тағы да қосалқы үй тұрғызып жатыр екен..
Бурабек пен әйелі Нұрила үйлерінен жүгіріп шығып, шалды құшақтай алды. Құдайы көршісі Майданның ұлы мен келіні үйінің шаңырақ отын өшірмей соңдарында қалып еді. Үйінің босағасы мен табалдырығындай, құты мен берекесіне айналған екеуін шал да жібермей құшақтап беттерінен сүйді. Ортада дөңгелек үстел. Кемпірінің көзі тірісінде жасайтындай ауылдың өзіне ғана тән таныс, дәмді тағамдар. Төргі үйге кіріп еді, ұлы кілем тұсына ілінген шешесінің суретіне қарап тұр екен. Бір кезде есіне түсті білем:
– Әке, сен осы сандықты неге алып келдің? – деді жалт қарап.
– Меркіт, екі жастың біріне келгенде ақсақалды қалаға сүйреп қайтесің! Арапа ақсақал енді осында, өз үйінде қалады. Біз Нұрила екеуміз осылай ұйғардық. Мен де бұл кісінің ұлындаймын ғой. Сүндеттеген де өзі. Кенже ұлым деуші еді, аузына құдай салған екен. Марқұм әке-шешелеріміз тумаса да туғандай тату-тәтті өмір сүрді. Сол жолды бізге де жазсын, – деді Бурабек дауыстай сөйлеп. Меркіттің есіне түнеу күнгі бір жағдай түсті. Қалаға бір-екі рет Нұрила келіп кетіп еді.
– Атам жүдеп кетіпті, – деп Нұрила жылап келді. Ауылды ойлай береді екен. Алып келсек қайтеді дегенді айтқан, – деді Бурабек сөз осымен бітті дегендей. – Сендер елден кеттіңдер. Ал, ауыл бізге аманат Меркіт. Осы елді, жерді сақтау үшін ұрпақ өсіру парыз.
Шал қаладан алып келген кемпірінің көк сандығын Нұрилаға табыс етті. Марқұм Хадишаның жасыл гүлді орамалы келіннің басына жараса кетті. Меркіт түнімен сандырақтап ұйықтай алмай шықты. Туған үйдің, шаңырақтың киесі, кепиеті мазалағандай. Таң ата далаға шығып еді, ауылдың бір топ шалы әкелерін ортаға алып, Кеңсайдың қарлы жотасына қарай беттеп барады екен...
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.