• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 05 Қазан, 2022

Өңір және өркениет

320 рет
көрсетілді

Кейінгі бірнеше жыл әлем үшін де, Қазақстан үшін де ауыр кезең болғаны белгілі. Коронавирус індеті жер-жаһанға қиындық туғызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғаннан кейін өңірлерді толықтай аралауына мүмкіндігі болған жоқ.

Соңғы он күннің көлемінде Президент бірнеше өңірді аралап қайтты. Алғашқы сапарын Түркістан облысынан бастады. Ол жақта көптеген зиялы қауым өкілімен, шаруалармен, тұрғындармен және жастармен кездесті. Шымкент қаласында да осындай кездесулер ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының бұл жолғы сапарын түгел түркінің темірқазығына айналған Түркістаннан бастауының мәні зор.

Біріншіден, Қожа Ахмет Ясауиге зиярат жасап, аруақтарға арнап Құран бағыштатып, тағзым етті. Мұны ел үшін маңызды кезеңде ұлы тұлғаның батасын алғанмен тең деп түсіндік. Екіншіден, Шымкент – кейінгі кезде мегаполис атағын алған, ел дамуында маңызға ие іргелі шаһар. Мемлекет басшысының осындай кезеңде қаланың тыныс-тіршілігімен танысуды жөн санауы да – құптарлық қадам. Әсіресе өңірде кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске қатысты қандай жұмыс істеліп жатқанын, алдағы уақытта қандай бағытта даму қажетін талқылап, пікір алмас­ты. Кәсіпкерлермен кездесіп, мемлекеттік бағыттағы өз көзқарасымен бөлісті.

Содан кейін жаңадан құрылған Абай облысына барды. Шынында, бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысы дамуы кенжелеп қалған өңір екені белгілі. Бұған өңірлерге сапар кезінде өзіміз де куә болғанбыз. Ауыл шаруашылығына қатысты бірнеше салада болмаса, қалған бағыттар үлкен өзгерісті қажет ететін еді.

Өз алдына жеке облыс атанғаннан кейін ұлтты ұйыстырған ұлылар өлкесіне Прези­денттің баруы жаңа серпін беріп, пәрменді дамуына, облыс мәртебесіне сай болуына жол ашады. Республикалық бюджеттен Абай облысына трансферт арқылы көптеген қаржы бөлінеді. Осылайша, өңірдің, соның ішінде Семей қаласы инфрақұрылымының дамуына, кәсіпкерліктің тың серпін алуына, жолдардың жөнделуіне, тұрғын үй құрылысын жандандыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының Семей қаласына барған сапарындағы ерекше тұсына назар аударғым келіп отыр. Атап айтқанда, қазақ халқының тарихына өшпес із қалдырған, ұлы деп атауға лайық екі тұлғаға арналған ескерт­кіш ашты. Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұха­мед­­хановтың қатар тұрған ескерткіші ұстаз бен шәкіртті ұлықтаудың үздік үлгісі бола білді. Салтанатты рәсімде Президент зиялы қауым алдында сөз сөйлеп, жазушыларға, жалпы зия­лы қауымға қатысты көзқарасымен бөлісті.

«Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні ара­сындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле-жарып қарау мүмкін емес. Олар Абай мұрасын зерттеп, дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Төл әдебиетімізді жаңа белеске көтерді. Мұхтар Әуезов Абайды, Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Ұлы ойшылдың көркем бейнесін сомдап, оның асыл мұрасын адамзаттың ортақ қазынасына қосты. Жазушының әр туындысы жұртымыздың жүрегінен өшпес орын алды. Мұхтар Әуезов – әлем әдебиетінің шыңына көтерілген қаламгер. Ал Қайым Мұхамедханов – ұлы жазушының жақын серігі әрі шәкірті. Ол бүкіл ғұмырын абайтану, шәкәрімтану және алаштану ғылымына арнады. Қуғын-сүргінге ұшыраса да, тағдырдың сынағына қарсы тұрып, еліне адал қызмет етті», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, екі тұлғаны бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайтынын айта кеткен жөн. Мұхтар Әуезов қазақтың классик жазу­шы­ларының бірі болса, Қайым Мұхамед­ханов – Мұхтардан тәлім алған тұлғалардың бірі.

Неге Президент кейінгі кезде өңірлерді жиі аралай бастады? Оның ең басты себебі – Президент кезінде өзі айтып өткендей, мемлекет өңірлерден құралады. Ауылдар, аудандар мен кішігірім қалалар іргетасын қалайды. Сондықтан күшті өңір болмайынша күшті мемлекет құра алмаймыз. Мұндай тұжырымдаманы Мемлекет басшысы халыққа жолдауларында жиі көтереді. Ендеше, өңірлерді аяққа тұрғызбай, экономикасын жақсартпай, күшті мемлекет құра алмаймыз. Президенттің өңірлерге сапарын осы бағытты ілгерілетуге жол ашатын игі нышан деп білемін. Басқалай айтқанда, өңірді өркендету өркениетке бастау болар қадам деп айтуға болады.

Өңірлерге сапарымыз кезінде тұралаған мәселелер өте көп екеніне куә боламыз. Жол, ауыз су, жайылымдық жер, шағын және орта бизнес мәселелері жиі көтеріледі. Президенттің өңірлерге жиі баруы, қарапайым халықпен кездесуі ел ынтымақтастығын нығайтуға жол ашатыны сөзсіз.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Сенат депутаты