• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Қазан, 2022

Алаштың ақ жолы ардақталды

426 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына келген сапарында Әлиханның 150 жылдығын­да, Қарқаралы петициясының 115 жылдығында да қозғалмаған Арқа жеріндегі Алаштың тарихы туралы дәйекті ой айтты.

Арқаның тек материалдық байлықты өндіретін өлке ғана емес, рухани һәм азаттық қозғалысы­ның бесігі болғандығын елдің есіне салып өтті. Алаштың атақты үш арысы – Әли­хан, Жақып, Әлімханды айтуы ар­қылы дип­ломатиялық тұрғыда өзекті мәсе­лелерді қозғап, жергілікті билікке Жол картасын сызып берді. Оны одан әрі іске асыру – жергілікті биліктің міндеті.

Алаш зиялыларының ізі қалған қасиетті Қарқаралының жолына қатысты тапсырмасы көңілге зор қуаныш ұялатты. Баршаға мәлім, алда Қарқаралының 200 жылдығы келе жатыр. Алаш зиялылары Қарқаралының қадірін-қасиетін сая­си биліктің ең биік тұғыры ретінде түсінген. Президент Әлихан Бөкейхан азаттық қозғалысының көсемі болса, оның қасында жүрген, Конституцияның не екенін ХХ ғасыр басында түсіндірген Жақып Ақбаевтың рөлі, Алаштың соңғы тұяғы Әлімхан Ермековтің ұлт тарихын­дағы орны туралы концептуалды түр­де айтты. Орыстар Санкт-Петербургті революцияның бесігі деп бағалайды. Ал біз осы күнге дейін Қарқаралы азат­тықтың бесігі деп баға бермедік. Бұл Қарқаралының алдағы тарихи межелерінде айтылады деп үміттенемін.

Қарқаралы – азаттығымыздың бас құ­жатында жазылған мекен. Оның үстіне Әлихан оқыған, Ахметтің мектебі бар рухани-мәдени орталық. Осынау орталықта сапалы күре жолдың жоқтығына Президент назар аударды. Енді Қарқаралыға жеткізер жолды жөндеу арқылы бұл қастерлі мекеннің мәртебесі де көтеріле түсеріне күмән жоқ.

Ал жергілікті билік Қарақаралымен ғана шектеліп қалмай, одан әрі Ахмет Байтұрсынұлының мектебі бар Ақтерек жолын да жөндеуді жалғастыруға тиіс.

Ұлт зиялыларын ұйыстырған, қазақтың нарық тарихын жаңғыртқан Қарқаралы жолының жылдар бойы жөнделмеуі ұят. Мұны да Президент жергілікті билікке нақты жеткізді. Осы тұрғыдан келгенде алаштанушы ретінде Президент тапсырмасына жоғары баға беремін.

Екінші мәселе – Ұлытау облысына баратын 500 шақырым жолдың маңыз­дылығы. Қазақтың мемлекеттігінің бас­тауы болған, қазақ хандарының басын қосқан, мемлекеттілігімізді сақтаудағы ұлы жиындар өткен Ұлытауды Президент жақсы біледі. Сол себепті Қарағанды –Жезқазған күре жолын жөндеу мәсе­лесін де қадап айтты. Өйткені қазақ­тың тарихы, Қаныш Сәтбаевтың есімі Жезқазғанмен тығыз байланысты. Яғни бізде екі ірі орталық бар. Бірі – саяси орталық Қарқаралы, екіншісі – ұлт ұясы Ұлытау. Бұл екеуінде де аса зор мәнге ие күре жол.

Президент өзінің осы сапарында өңір жұртшылығына стратегиялық бағ­дарламасын анық көрсетті. Саяси ре­фор­малардың түпкі көздегені Қазақ елін сақтау екендігін жеткізді. Ал ол үшін не қажет? Ең алдымен, аймақтарды дамыту керек. Осы орайда Қарағанды облысы да еліміздің аймақтарды жаңаша дамыту жоспарының бір бағыты болып аталғанына қуанамын.

Иә, облыс тек индустриалды орталық қана емес, зиялы қауым шоғырланған аймақ. Өңірде ғылыми орталық және елге жаны ашитын қоғам белсенділері бар өңір. Сондықтан Президент әрбір ірі экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешерде Арқа жұртшылығымен ақылдасудың маңыз­дылығына назар аударды.

Президенттің біздің облысқа келуі өңі­рі­міздің барлық жағынан дамуына күшті сер­піліс береді. Мықты өңірлер ар­қылы еліміздің алға дамуының жаңа бағыт­тарының стратегиялық жоспарын көр­сетіп берді. Енді нақты жоспардың іске асуына әрқайсысымыз өз үлесімізді қоса­йық!

 

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

Қарағанды облысы