Елордада өтіп жатқан жүлде қоры екі миллион АҚШ долларынан асатын ATP 500 Astana Open турнирінің іріктеу кезеңдері аяқталып, ширек финалға шыққан теннисшілердің есімі белгілі болды. Өкінішке қарай, олардың қатарында бірде-бір қазақстандық теннисші жоқ.
Астанадағы Ұлттық теннис орталығында орналасқан Beeline Arena спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекенің бастапқы кездесуінде әлемнің 54-ракеткасы нидерландтық Таллон Грикспурді тізе бүктіріп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Александр Бублик екінші айналымда жеңіліп қалды. Жерлесіміз екінші кезеңде әлемнің 10-шы, осы жарыстың 7-ракеткасы польшалық Хуберт Хуркачпен шеберлік байқасып, екі сетте 6:4, 6:7 есебімен қарсыласына жол берді. Осылайша, Бублик ширек финалға жетпей жарыс жолынан шығып қалды. Ол екінші айналымда Польша теннисшісіне қарсы ешқандай айла-тәсіл қолдана алмады. Сөйтіп, өз жерімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан Astana Open ATP 500 турнирінде бірде-бір қазақстандық теннисші қалмады. Жарыс енді шетелдік теннисшілердің өнерімен жалғасады.
Елордадағы турнирге дейін Израильдің Тель-Авив қаласында өткен Tel Aviv Watergen Open додасына қатысқан Новак Джокович карьерасындағы 89-шы жеңісіне қол жеткізді. Финалда ол 2014 жылғы АҚШ ашық біріншілігінің жеңімпазы хорватиялық Марин Чиличті екі сетте – 6:3, 6:4 есебімен ұтқан болатын. Жеңімпаз Джокович елордаға да тек жеңіс үшін келгені белгілі. Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың арнайы шақыруымен келген сербиялық саңлақ алғашқы айналымда әлемдік рейтингте 81-орында тұрған Кристиан Гаринмен шеберлік байқасып, бір сағатқа жалғасқан матчта қарсыласын екі сетте тізе бүктірді – 6:1, 6:1. Екінші айналымда сербиялық теннисші Нидерланд өкілі Ботик ван де Зандшулппен ширек финалдың жолдамасын сарапқа салды.
Ал хорватиялық Марин Чилич үшін Астанадағы турнир сәтті басталғанымен, жарыстың екінші кезеңінен әріге аса алмады. Ресейлік Карен Хачановпен ойнаған ол бірінші сетте 6:2 есебімен басым түскенімен, қалған екі партияда қарсыласы мықтылық танытты – 3:6, 3:6. Сондай-ақ турнирдің бірінші айналымында әлемнің бірінші ракеткасы испаниялық Карлос Алькарасты жеңіп, кішігірім сенсация жасаған бельгиялық Давид Гоффен (66) екінші кезеңде франциялық Адриан Маннаринодан (51) жеңіліп қалды – 6:3, 1:6, 5:7.
Испаниялық Роберто Баутиста-Агут (21) пен грекиялық Стефанос Циципас (6) ширек финалға жолдама алды. Баутиста-Агут екінші кезеңде ресейлік Павел Котовты екі сетте – 6:1, 7:6 есебімен ұтса, Циципас италиялық Люка Нардиден (152) басым түсті – 7:6, 7:6.
Осылайша, Astana Open турнирінің ширек финалына Адриан Маннарино (Франция), Андрей Рублёв (Ресей), Стефанос Циципас (Грекия), Карен Хачанов (Ресей), Роберто Баутиста-Агут (Испания), Хуберт Хуркач (Польша) секілді теннисшілер шықты.