• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Қазан, 2022

Академиктер таңдауы

500 рет
көрсетілді

Алматыда Философия, саясаттану және дінтану институтының сая­си зерттеулер орталығының алаңында ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың қатысуымен «Президент сайлауы – халық таңдауы» тақырыбында Ұлттық ғылым академиясы президиумының кеңейтілген отырысы өтті.

Отырысты ашқан Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов алдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына Қ.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Академия президенті кіріспе сөзінде Мемлекет басшысының академиялық ғылымға ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. «Президент Қ.Тоқаев ғылым ордасына мемлекеттік мәртебе беру қажет­тігін айтты. Бұл ғалымдардың ел Пре­зи­дентіне деген ризашылығын тудыр­ған, көптен күткен шешім еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары адам­гер­шілікке, адами ізгі қасиет­терге ие. Дәл осындай тұлға Мемлекет бас­шысы болуға әбден лайық», деді М.Жұрынов.

Жиында Ұлттық Ғылым акаде­миясының вице-президенті Зарема Шәукенова Президент Қ.Тоқаевтың айрықша құзыреттілігі мен жоғары кәсібилігін атап өтті. «Ол – мәселенің тереңіне үңіліп, күрделі жағдайларда ұтымды шешім табудың жолдарын іздейтін адам. Қ.Тоқаев өзін ерік-жіге­рі бар және құзыретті мемлекет қайрат­кері ретінде көрсете білді», деді ол.

Философия, саясаттану және дін­тану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов Мем­лекет басшысының әлеуметтік-саяси мәселелердің дарынды аналитигі ретіндегі кәсіби құзыретін атап өтті.

Отырыста сондай-ақ А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының бас ғылыми қызметкері, академик Зейнеп Базарбаева, Ұлттық Ғылым академиясының академик­тері Мәмбет Қойгелді, Қайролла Рахимов, Зайролла Дүйсенбеков, Сер­ғазы Әдекенов, Вячеслав Локшин, Мыр­­закәрім Алшынбаев, Дариякүл Қожам­жарова, Әбдірасұл Жарменов, акаде­мияның корреспондент-мүшелері Тал­ғат Нұрғожин, Зиябек Қабылдинов, Ләззат Нұрқатова, Философия, саясаттану және дінтану институтының саяси зерт­теулер орталығының директоры, сая­­саттанушы Айдар Әміребаев, саясаттану ғылымдарының докторлары Рүстем Қадыржанов, Юрий Булуктаев, саяси талдаушы Замир Қаражанов кезектен тыс президент сай­лауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кандидатурасын қолдау туралы пікірлерімен бөлісті.

Жиын қорытындысында академия президенті Мұрат Жұрынов: «Барлық жан-жақты және терең реформалар бағдар­ламасы жалпыұлттық референдумда мақұлданған Конституцияға түзе­тулерден және Президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында айтылған іргелі бастамаларынан басталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ұсынған және қоғам қолдауына ие болған мерзімінен бұрын президенттік сайлаудың мақсаты – Қазақстанның жаңа серпілісіне жағдай жасау, сыбайлас жемқорлықты, жұмыссыздықты жою, халықтың әл-ауқатын жақсарту», деді.

 

Дайындаған

Оралхан АХМАДИЯ,

«Egemen Qazaqstan»