• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 10 Қазан, 2022

«Кармен-сюита» көрерменін күтеді

254 рет
көрсетілді

Жақында «Астана Балет» театрында үлкен өнер оқиғасы өтеді. 14-15 қазан күндері театр сахнасында Альберто Алонсоның Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде қойылып, композитор Родион Щедрин оркестрге арнайы лайықтаған «Кармен-сюита» бір актілі балетінің премьерасы көрерменін қуантуға асық.

Әйгілі хореографияны аста­налық театр сахнасына көшір­ген – Ресей Үлкен театрының солисі Тимофей Лавренюк. Х ме­рейтойлық маусымдағы ал­ғашқы премьера бас дири­жер Арман Оразғалиевтің жетек­ші­лігіндегі симфониялық оркес­тр­дің сүйемелдеуімен өтеді.

Айтулы туынды ХХ ға­сыр­дағы балет өнерінің қайталанбас үлгісі саналады. Жарқын, қара­ма-қайшылыққа толы музыка, Майя Плисецкаяға арнап қойыл­ған хореографиялық концепция – мұның барлығы қойылымның құндылығын арт­тырары сөзсіз. Әйгілі балери­на Кармен рөлін сомдауды сах­на­ға алғаш аяқ басқан кезден армандаған екен.

– Бұл балеттің сахналық ғұ­мыры өте ауыр еді. Кеңестік өнер үшін ол нағыз сын болды. Ер­кіндікті ту еткен, сезімі албырт Карменнің хикаясы талай балетмейстердің шабытына қанат бітіріп, ал ең мықты ба­лериналар осы партияны орын­дауға құштар болды. Осы күні бұл балетті дүние жүзінде қояды. Әр қойылым сайын оның жаңа тынысы ашылып, жаңа қырынан көрінеді. Бұл – нағыз шедевр. Карменнің бейнесі – ынтық сезім, әйел затының көз тартар сұлулығы мен асыл болмысын суреттейді. Сонысымен де қойылым көрерменін бейжай қалдырмайды, – деді  театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Опера тақырыбына музы­ка­лық транскрипция жасаған композитор – Родион Щедрин. Ол ерекше ынтызарлықпен жұ­мыс істеп, әйгілі опера мен Прос­пер Мерименің новелла­сындағы пси­хологиялық астарлы ойды музыка тілімен өрнектей білді. Ал кубалық балетмейстер Аль­берто Алонсоның жарқын әрі біре­гей хореографиясының ар­қа­сында кейіпкерлердің сезімі мен арман мұраты барынша нанымды суреттелгені соншалық, «Кармен-сюита» би өнеріне құш­­­тар жандардың сүйікті бале­ті­не айналып, танымал театр сах­­наларынан тиісті орнын алды.

Жорж Бизенің көпшілікке танымал опера жауһары «Кар­мен» 1875 жылы жарыққа шық­ты. Сол кезден бері испан сыға­нының бейнесі француз ком­позиторының музыкасымен бай­ланыстырылады. «Кармен-сюита» балетінің әлемдік премьерасы 1967 жылдың 20 сәуі­рінде Үлкен театр сахнасында өтті. Балеттегі басты тақырып ре­тінде – сыған қызы Кармен және оған ғашық болған сарбаз Хозенің қайғылы тағдыры алынған.

Айтулы туындының музы­касын балет өнерінен алыс жан­дар да жақсы біледі. Испан фольк­лорының әуенімен өрілген музыка симфониялық концерт­терде де жиі орындалады. Де­мек сыған қызының тағдыры ар­қау болған бұл қойылымының да көрерменін қуантары сөзсіз.