• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Қазан, 2022

Сербия чемпион атағын сақтай ала ма?

101 рет
көрсетілді

Нидерланд пен Польшаның бірнеше қаласында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне таяп келеді. Ертең FIVB (халықаралық волейбол федерациясы) мен Volley World 4 жылда бір рет ұйымдастыратын жаһандық доданың ширек финал ойындары басталады.

23 қыркүйекте жалауы жел­біре­ген әлем чемпионатының ал­ғашқы айналымына 24 құрама қатысып, алты-алтыдан төрт топқа бөлініп ойнады. Сөйтіп, әр топта үздік нәтиже көрсеткен төрт құрама екінші айналымға жолдама алды. Мәселен, екінші кезеңде А және D тобындағы командалар (Италия, Бразилия, Жапония, Қы­тай, Бельгия, Нидерланд, Пуэрто-Рико және Аргентина) Е то­­бына жайғасып, Нидерландта сынға түсті. Ал В мен С-дағы үздік­тер (Сербия, АҚШ, Түркия, Поль­­ша, Канада, Доминикан Рес­­­пуб­ликасы, Тайланд және Гер­­­ма­ния) F себетіне түсіп, Польшада ше­берлік байқасты.

Екінші айналымның қоры­тындысы бойынша, тағы да әр топтан үздік шыққан 4 ұжым ширек финалға жолдама алды. Енді олар олимпиадалық жүйе бойын­ша кім мықтыны анықтайды. Же­ңілген құрама жарыс жолынан шығып отырады.

Атап айтар болсақ, Е тобынан ширек финалға Италия (25 ұпай) және Бразилия (23) құрамалары тікелей жолдама алды. Сондай-ақ топтық кезеңнің соңғы тур ойындарына дейін ұпайлары шамалас болған Жапония, Қытай, Бельгия және Нидерланд құрамалары кеше соңғы екі жолдаманы са­рапқа салды.

Ал F себетіндегі командалардан қазіргі әлем чемпиондары – Сербия, Олимпиада чемпионы – АҚШ, 2015 жылғы Еуро­па ойын­дарының жеңімпазы – Түркия және Олимпия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері – Польша құрамалары ширек финалға шықты.

Өкінішке қарай, әлем чемпио­натының алғашқы айналымында АҚШ, Сербия, Германия, Бол­гария және Канада волейболшыларымен бір топта бақ сынаған Дарко Добресков жаттықтыратын Қазақстанның әйелдер құрамасы барлық ойында қарсыласына жол беріп, соңғы орында қалып қойды. Сөйтіп, биылғы әлем чем­пионаты жерлестеріміз үшін алғашқы айналымнан-ақ аяқ­талды. Волейболдан әйелдер ара­­сындағы әлем чемпионаты 15 қа­­занда мәресіне жетеді.