• RUB:
    4.94
  • USD:
    495.2
  • EUR:
    522.34
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Қазан, 2022

Сындарлы сұхбат

421 рет
көрсетілді

Жаһандық сын-тегеурін кезеңінде әлем елдері ішкі тұрақтылықпен қатар тату көршілік қарым-қатынастарға, экономикалық, әлеуметтік әрі саяси диалогке басымдық беріліп отыр. Кезінде Қазақстан бастамашы болған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына 30 жыл толды. Аталған кеңестің геосаяси жағдайда толыққанды халықаралық ұйым дәрежесінен көрінуі мүше-мемлекеттер үшін маңызды.

Алматыда Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ халықаралық қаты­настар факультетінде «Қазіргі халықаралық қатынастардағы АӨСШК рөлі» тақырыбы аясында дөң­гелек үстел өтті. Сыртқы істер министрлігі Алматыдағы өкіл­ді­гінің қолдауымен өткен жиын барысында сарапшылар Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті ықпалды институт дәрежесіне жеткізу туралы ұсыныстарын ортаға салды. Астанада өтетін VI саммит қар­саңында ұйымдастырылған іс-ша­раға еліміздің және шетелдік дип­ломатия миссиясының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Ал­маты қаласындағы СІМ өкіл­дігі Саяси-ынтымақтастық бас­қар­ма­сының басшысы Алмаша Аренова: «Азия құрлығында сенім тетіктерін құру идеясы 1992 жылы айтылған болатын, содан бері АӨСШК Азия қауіпсіздігін ны­ғай­туға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның төра­ғалық етуі аясында кеңесті өңір­лік ұйымды трансформация­лау маңызды әрі АӨСШК қыз­ме­тін диалогтік платформаға түр­лен­діру қатысушы елдердің өзара іс-қи­мылының басты бағыты болып отыр», деді.

Жиынды жүргізген халық­аралық қатынастар факультетінің деканы Думан Жекенов, проректор Нұржан Айдосов отырыстың мән-маңызына тоқталып, халық­аралық ұйымның жаһандық жағ­дайдағы миссиясына тоқталды.

Дипломаттар жиынын жал­ғас­тырған БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек АӨСШК миссиясының мүше-мемлекеттер ғана емес, жаһандық мәселелерде маңызды екенін атап өтсе, Қытай Халық Республикасының бас консулы Цзян Вэй: «Жаңа сын-тегеуріндер әлем елдері үшін өңірлік қауіпсіздік, тұрақтылық пен тату көршілік қатынастардағы сындарлы диалогті нығайтуды қажет етеді. Осы орайда Қытайдың стратегиялық мақсаттары АӨСШК тұрақты даму міндеттерімен сәйкес келіп отыр. ҚХР басшысының жуырда Қазақстанға сапары барысында түрлі салалардағы ықпалдастыққа басымдық бергені осының дәлелі», деп атап өтті. Иран Ислам Республикасының бас консулы Мохсен Фагани көпжақты конструктивті диалогті қолдайтынын атап өтсе, Өзбекстан Республикасының бас консулы Аброр Фатхуллаевтың айтуынша, өтпелі кезеңде тұрған елдер үшін трансұлттық қатерлер, миграция, дәстүрлі құндылықтар тұрғысында ықпалдастық механизмдерін жетілдірудің маңызы зор. Түркия Республикасының Алматы қала­сындағы вице-консулы Шермин Текин, Үндістанның Алматы қала­сындағы Бас консулдығының консулы Амит Кумар Шарма, Тәжікстан бас консулы Равшан Бобохонзода, Қырғызстанның Бас консулдығының консу­лы Жумаш Асанбеков осы айтыл­ған­дарды құптай отырып, бүгін­де географиясы кеңейіп, құрлық­тық платформаға айналған кеңес­тің бейбітшілікті қолдау, ынты­мақ­тастық орнату және даму мүд­десі тұрғысынан Азия елдері­нің ұжым­дық күш-жігерін үйлесті­ру­дегі әлеуетінің зор екенін атап өтіп, алдағы даму стратегиясына бай­ланысты ұсыныстарымен бөлісті.

Президент Қ.Тоқаев еліміздің сыртқы саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Азиялық қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешудің, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму бойын­ша өңірлік ұйымға айналдыру ар­қылы, кешенді тәсілдерін іздеуді жан­дандыру міндетін қойғаны белгілі. Тарих ғылымдарының док­торы, профессор Болат Сұл­танов «Кеңестің трансформация­лануы континенттегі өзгермелі жағ­дайда Азияның жаңа міндет­терін анықтайды» деп атап өтті. «Осы орайда АӨСШК іс-қимы­лына нақты басшылық керек, ал оған ағымдағы геосаяси конфронтация жағдайында қалай қол жеткізуге болады?» деген сауал тастай отырып сарапшы: «Бү­гінде АӨСШК мүшелері арасын­да келіспеушіліктерді әрі әлем­дегі ахуалды түбегейлі өзгер­тетін жағдайларды да жоққа шы­ғара алмаймыз. Мүше-мемле­кеттердің көпшілігі әлеуметтік-эко­но­микалық тұрғыдан сын-тегеуріндер кезеңінде тұр. Ал ғылым мен техника, технологиялар дамыған сайын, әлеуметтік-эконо­микалық дамушы және дам­ы­ған елдер арасындағы айыр­машылық ұлғая береді. Мұны­мен қоса пандемия, COVID-19, климаттың өзгеруі, демогра­фия­лық диспропорциялық мәселелер тағы бар» деді.

«Қазақстан АӨСШК бастамашысы бола отырып, оның тиім­ді жұмыс істеуіне күш салып келеді», деп атап өтті тарих ғылым­дарының докторы, профессор Құралай Байзақова. Бүгінде кеңес жұмысын ұйымдастыру мен құқықтық негіздерінде қазақ­стандық дипломаттардың үлесі зор. АӨСШК Азиядағы көп­те­ген мемлекеттер үшін дискус­сия алаңы болып табылады. «Азия саяси-экономикалық тұр­ғыдан алғанда біркелкі емес. Көптеген елдер үшін аймақтық келіспеушіліктер, реттелмеген жағдайлар бар. Бүгінде континентте діни экстремизм, терроризм, есірткі тасымалы, энергетикалық қауіпсіздік сынды жаңа элементтер пайда болды. Даулы мәселелерде конс­трук­тивті келіссөздерді қам­тама­сыз ету мәселесі өзекті. Сон­дық­тан АӨСШК бастамасымен ұжым­дық қауіпсіздік жүйесін құру қа­жет­тігі туындайды. Осы орайда ха­лықаралық тәжірибелерді басшы­лыққа ала отырып, алдын алу шара­ларын дамыту қажет. Бүгінде АӨСШК сыртқы саясаттағы әлеу­еті толыққанды пайдаланыл­май отыр. Сондықтан мүше-мем­ле­кет­тердің географиялық әртүр­лі­лігі қалыптасқан геосаяси жағдайда ұжымдық қызметке барынша бейімделу керек», деді сарапашы.

«Көне өркениеттер бесігі саналатын Азия қарқынды саяси-экономикалық үрдістерді бас­тан өткеруде. Басқа континенттермен салыстырғанда Азияда мүше-мемлекеттерді, қауіпсіздік және бірлескен даму шараларын қамтитын ұйым жоқ. Сондықтан Азияда баршамыздың басымызды біріктіретін ойын ережесі керек» деді ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев. «Аймақта инфрақұрылым қиындап, бір-біріне тәуелділік күшейіп отыр. Транспорт, логистика, ақпараттық құрылым дамуда. Осы орайда тіліне, дініне, конфесссияаралық, мәдени айырмашылықтарға қара­мастан мүше-мемлекеттер жақындай түсуі қажет. Бүгінде Түр­киядан Жапонияға дейінгі түрлі-түсті өркениеттер спектрінің сая­си жүйесіне зер салатын болсақ, барлық елдер заманауи тұрғыда өмір сүргісі келеді. Сондықтан Азия диалогінен аймақтағы ау­қым­ды қауіпсіздіктің контурын көріп отырмыз. Ал оны жүзеге асы­ру­дың жолы көп қырлы әрі оңай шаруа емес. Сондықтан ерікті жауап­кершілік алатын әмбебап жүйе түзе отырып әрі Азияның көп­­теген елдері жаһандану жағ­дайы­на бейімделумен қатар сая­си жә­не экономикалық үрдіске бел­­сен­ді кірігуі керек. Осылайша мүше-мем­лекеттер өздеріне ерікті түрде мін­деттеме ала алады», деді сарапшы.

Дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар Мара Губайдуллина, Мәлік Ауған, Рүстем Құрман­ғожин, Ақмарал Баталова, Мунира Ар­тықбекова АӨСШК аясында қауіпсіздік тетіктерінің, сауда және санкциялық соғыстар, Азия континентіндегі сенім шаралары жүйесін дамыту, даулы мәселелер бойынша сындарлы келіссөздерді қамтамасыз ету, терроризмге қарсы іс-қимылдың бірлескен жүйелі тәсілдерін және АӨСШК елдерінің аумағында қатерлердің алдын алу тетіктерін әзірлеу қажеттігі тұрғысында ой бөлісіп, іс-шара қорытындысына сәйкес қарар қабылдады.

 

АЛМАТЫ