Шыңғыстайға табаны тиген ел ең алдымен Оралханды іздейді, Оралхан тұрған үйді көргісі келеді. Алайда Оралхан деп алып ұшып жеткен жұрт үйінің ауласынан қайтып жүр. Жазушының қарашаңырағы кезінде музей болып ашылғанымен, жетпіс жылдығынан соң есігі тарс жабылған. Не үшін, нендей себеппен жабылып қалғаны көпшілікке беймәлім. Әйтеуір, «Оралханның үйі жабық тұр» деп жылына бір шуласып қаламыз. Жуықта көптің көңілінде жүрген осы сауалға жауап іздеп, жазушының қарындасы Ғалия Бөкейге хабарластық.
– Сізбен әңгімелесуге себеп болып отырған мәселе – ағаңыз Оралхан Бөкейдің Шыңғыстайдағы музей-үйі... Әзірше бұл тақырыпты ысыра тұрып, бақытты балалық шағыңызға, ауылдағы алаңсыз күндеріңізге барып қайтайықшы. Ағаңыз туралы бұрын-соңды айтылмаған естеліктер бар ма?
– Иә, санамда тасқа қашалып жазылғандай ағам Оралхан Бөкей туралы естеліктер сайрап тұрады. Оны бәзбіреулер ұмыттырғысы келсе де сенің сүйегіңе сіңген, сенімен біте қайнасқан естеліктер қаламгердің өмір сүру дағдысы, өскен ортасы және шығармашылығы туралы білгісі келетін оқырмандары үшін қажет. Оралхан Бөкей – ең көп оқылатын жазушы. Ол – өз оқырманын ешқашан жоғалтып алмаған бақытты жазушы. Оралхандай аға екінің бірінің маңдайына бұйыра бермеген. Мен де бақыттымын, тағдырыма ризамын.
Ағам ауылда «Алтай» кеңшарында әртүрлі жұмыс істеп жүрген кезі еді. Кешкісін жұмыстан келген соң үйде не болды, кім келді бәрін жіпке тізгендей айтып беретінмін. Менің есте сақтау қабілетімнің артуына, құймақұлақ болуыма осы ағама айтқан әңгімелердің әсері болды-ау деймін.
Бізбен атамның кіші қарындасы Күләми апай бірге тұратын. Ол он саусағынан өнері тамған ісмер еді. Ағам мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде Күләми апамызға киімдерін сөктіріп, өзіне лайықтап, жаңаша үлгімен қайта тіктіреді екен. Бірде апамыз қатты ауырып қалып, көңілін сұрауға Аққайнар ауылынан сүйектес ағайыны Жуанхан ата келді. Дауыстай кіріп, апамыздың тәуір болып кетуіне тілеулес екенін білдіріп, ұзақ әңгімелесті.
Біздің үйдегі ең қастерлі бөлме – ортаңғы бөлме еді. Апамның айтуынша, мектеп бітіре сала ағам Абай атындағы Шыңғыстай орта мектебіне 1962 жылдың қыркүйегінен аға пионер жетекшісі болып жұмысқа орналасыпты. Алғашқы еңбекақысына былғары диван және Абай атамыздың үлкен портретін сатып алған. Осы заттар ортаңғы бөлмеде тұратын. Апам Жуанхан атаға қарап, «Қайнаға, диванға жатып демала тұрыңыз», деп бөлменің есігін ашты. Бір кезде Жуанхан ата ашулы дауыспен, Сарқыт апама қарай адымдай басып жетіп барды. «Әй, Сарқыт, сен не байға тигелі жүрсің бе?» деп дүрсе қойды. Шешем де селк етті. «Ана ілулі тұрған портреттегі шалға тигелі жүрсің бе деймін? Ошекем мен Шапамнан ұялмайсың ба?» деп айқайға басты. Сарқыт апам сабырлы адам еді ғой. Үндемей Жуанхан атамның бетіне бажырая қарады. Мен әр сөзді аңдып тұрмын. Шешем: «Ауырып жатқан Күләмиден ұят болды ғой, ол Ораш сатып әкелген ұлы ақын – Абай бабамыздың портреті», деді. Жуанхан ата басындағы бөркін жерге атып ұрып, жүрелеп отыра қалды да: «Аруағыңнан айналайын, ұлы данышпаным, танымай қалған мендей бейбағыңды кешіре көр!» деп кешірім сұрап жатыр. Күләми апам маған қызыл қоңыр пүліштен қынама бел пальто және әдемі тақия тігіп берген. Мен де сол тақиямды басыма кие сала Жуанхан атам құсап тақиямды жерге алып ұрып, «Аруағыңнан айналайын, ұлы данышпаным, танымай қалған мендей бейбағыңды кешіре көр!» деп атамның айтқанын қайталадым. Кешкісін Оралхан ағам келгенде осы әңгімені айтып бердім. Ағам күліп: «Абай – бар қазақтың атасы, енді Жуанхан атаңның арқасында танитын болдың», деді. Осы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді.
1967 жылдың қазанында ағам қызметін ауыстырып, Алматыға кетті. Бірде телефон соғып: «Аға, тәте, менің үйімдегі ең қымбат затым – кітаптарым және екі картинам. Соны алып кетіңдер, қалғанын Айман өзі жайғастырар», деді. Апам екеуіміз Үлкен Нарынға барып, ағамның шағын кітапханасы мен екі картинасын жүк көлігіне салып, үйге алып келдік. Бұл әйгілі орыс суретшілері И.Крамскойдың 1883 жылы жазған «Белгісіз» атты картинасы мен К.Маковскийдің «Найзағайдан қашып келе жатқан балалар» атты полотносы еді. Осы екі картина Шыңғыстайдағы қарашаңырақта ағамның айтуымен өз орындарында әлі тұр.
Ағам сырнайды да жақсы тартты, әнді де тамаша айтты, бидің төресі вальсті де жақсы билейтін. Көрші, ағаш ұстасы Гриша ағайдың жанында жүріп, сол кісінің көмегімен үйге кітап сөресін, орындық, дөңгелек жер үстел жасап әкелді. Біз үшін барлық отбасы мүшелерін бір дастарқан басына біріктірген әрі ағамның қолтаңбасы қалған үстел – ерекше қимас затымыз, қарашаңырақта сақталған құнды дүниеміз. Айта берсең, естелік көп...
– Ауылдастар Мәншүк пен Әймен мұғалімді ауыздарынан тастамайды. «Бізге Оралханның қарындасы сабақ берді» десіп отырады үлкендер. Мәншүк мұғалімнің де жазуға ебі болды-ау деймін...
– Шыңғыстай мектебінде Мәншүк қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен, ал Әймен бастауыш сыныптарға сабақ берді. Екеуі де шәкірттерінің есінде қалатын мықты ұстаздар еді. Әлі есімде, Мәншүк апайым В.Лениннің 100 жылдығына арналған аудандық байқауға қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» повесі бойынша драмалық көрініс дайындап апарады. Сол үшін Мәншүкті КГБ есепке алып, аудандық партия жиналысында қарады. Десе де, Мәншүк туған жердің қадір-қасиетін шәкірттерінің бойына сіңіруден жалыққан емес.
Ал ағам алғашқы туындыларын мектеп қабырғасында жүрген кезде жазған. Әуелде өлең жазып, оны аудандық газетке қарындасы Мәншүктің атынан беріп отырған. Мәншүк ренжіп, мен де өлең жаза аламын деп өзі жазатын. Мәншүк апайымның мына бір өлең жолдары есіме түсіп отыр:
Айқай, дүние-ай,
Шешем – Күлия-ай.
Әкем – Бөкей,
Шетімізден дөкей…
Әймен апайымыз әңгіменің майын тамызып айтатын. Тілі өткір, сатираға жақын. Өкініштісі, екеуінің де ғұмырлары қысқа болды. Мәншүк 36, Әймен 43 жас қана жасады. Әймен апайымыздың қызы Әлем анасы салған соқпақпен ұстаз мамандығын таңдап, қызмет істеп жүр. Мәншүктің дүниеден озар алдында жазып қалдырған ең соңғы өлең шумақтары:
Барғым келеді, туған жерім, өзіңе,
Тау-тастарың елес болды көзіме.
Жазылып-ақ кететіндей көрінем,
Бір аунасам қасиетті жеріме!
– Жылы естеліктер айтып отырсыз. Өзіңіз, ағаңыз Оралханның жанында көп жүрдіңіз. Жазу өнері жұқпады ма?
– Өлең, көркем шығарма жазатындай талантым жоқ. Ағам туралы естеліктер жазамын. «О дүниеге хат» деп, бұл жақта болып жатқан келеңсіз оқиғаларды жазып қоятыным бар. Біздің туғандарымыздың бәрі өмірден ерте кетті. Менің міндетім – туыстарымның өмір мектебі туралы кітапты жазып, аяқтау. Бөкей әулетінің үлгі аларлық тамаша тағылымы бар оқырмандарға қызықты болады-ау деп ойлаймын.
– Оралхан Бөкейдің кітаптарға енбеген «Санияз» деген әңгімесін тауып алып, әлеуметтік желіге жариялаған едім. Кітаптарына кірмей қалған басқа да дүниелері бар ма?
– Ағам өмірден өткен соң шығармашылығының библиографиясын жасап, түгелдей қадағалап келемін. Баспасөзде, әлеуметтік желілерде жазылып жатқан дүниелерге дейін көңіл аударамын. Өйткені менен басқа жоқтаушысы жоқ. Елу жылдығында 2 томдық шықты, ал алпысқа толғанында «Қазақпарат» баспасынан 4 том шығатын болды. Мерейтой өтіп жатқанда үлгермей жатырмыз деп 1, 2 томнан аздаған кітапты сол жерде көрсетті. Бірақ толық 4 том шықпады. Мен республика көлеміндегі кітапханаларға сұрау жібердім, кітаптар түспеген. Кезінде Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қолдауымен 70 жылдығында 7 томдығы жарық көрді. Жеті томды аз уақытта дайындап, «Ел-шежіре» баспасына бердім. Басқа баспагерлер ағамның шығармаларын менен дайын күйінде алып жатады. Иә, кітаптарына енбей қалған туындылары да бар. Пьесаларын жинақтадым. Үнді еліне сапарға кетіп бара жатып қолжазба күйінде қалдырып кеткен, сол күйі еш жерде жарияланбаған драмалық шығармаларын іздестірдім. Режиссерлер Нұрқанат Жақыпбайға «Шыңғыс хан», Сәулебек Асылхановқа «Қазақтың қасіреті» пьесаларын табыстаған екен. Екеуі де таба алмай жүрміз, іздеп жатырмыз деді. Кейін өнертанушы, журналист Назерке Жұмабай «Шыңғыс хан» пьесасының табылғанын хабарлады. Қаржылық мәселе шешімін тауып жатса, толық шығармалар жинағын шығару – менің арманым.
– Оралханның оқырманы барда есімі ешқашан ұмытылмайды. Оны өзіңіз де байқап жүрген боларсыз. Қайта жыл өткен сайын шығармашылығын насихаттау күшейіп келе жатқан сияқты. Бірақ «Оралхан оқулары» тоқтап тұр...
– Ұлы тұлғалар ұмытылмайды, жылдар жылжыған сайын асқақтай түседі. Ал жыл сайын Оралхан шығармашылығын насихаттау күшейіп келеді деп айта алмаймын. Керісінше, барынан айырылуда. 1998 жылы сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбаев Тіл мерекесі аясында Оралхан Бөкей оқуларын өткізуді ұсынды. Оған негіз болған қарапайым оқырман біле бермейтін тағы бір қыры – Оралхан ағамыздың Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының актерлер дайындайтын бөлімінде «Шешендік өнерден» сабақ беруі. Ол кезде досы Әшірбек Сығай осы оқу ордасын басқаратын. Ағам шешен әрі өз ойын тыңдаушысына әдемі дауыспен шебер жеткізе білетін. Дикциясы анық, саңқылдап сөйлейтін. Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі», өзіне шығармашылығында ұстаз санайтын Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін жатқа оқитын.
Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің I Республикалық байқауы 1998 жылы Астанада тұңғыш рет өтті. Байқаудың бас жүлделерін актриса Күнсұлу Шаяхметова және Райхан Қалиолда иеленді. Сонымен байқау ережесі аз-маз өзгертіліп, жыл сайын өтіп отырды. Бір жылы «Оралхан Бөкей атындағы» деген тіркессіз жарнаманы баспасөз бетінен оқи сала министр Мұхтар Құл-Мұхаммедке хат жолдадым. Көп ұзамай жауап келді. Министр мырза қарамағындағы Тіл комитетінен кеткен кемшілік үшін ескерту беріп, маған «Енді мұндай кемшіліктің қайталанбауына Алланың атымен уәде берем» деп жауап жазыпты. Міне, нағыз кітап оқуға жанашыр адам. Бұдан әрі кезекті министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауының, Оралханша түйіндесек, жаназасын шығарды. Ережесі жазылып, қаулымен бекітілген байқаудың неге өтпегенін түсіндіруді талап етіп, министрлікке тағы хат жолдадым. Жауап келмеді. Хаттың тағдырын сұрап хабарласып едім, жауабын Ақтоты Райымқұлова береді деді. Сол күйі жауапсыз .
2017 жылы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы болып Қуат Бораш тағайындалды. Ол әдебиет жанашыры екенін бұрыннан білетінмін. Телефон шалып, бұл байқауда Оралхан Бөкейдің аты тұрғанымен бүкіл қазақ классиктерінің шығармалары (проза, поэзия, драма) оқылатынын ескерттім. Мұқият тыңдап алып, екі күннен кейін жауапты маманның телефонын нөмірін берді. Жауапты қызметкер Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауының өтуіне бір топ жазушы қарсы болып, Парламентке дейін барды, сол себепті алынып тасталды деген жауап айтты.
– Қайта қолға алуға болмай ма?
– Жастардың кітап оқуына септігін тигізетін республикалық деңгейдегі байқау қайта қолға алынуы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бастауыш сыныптан бастап қалыптастырсақ қана кітап оқитын ел бола аламыз. Ал жас ұрпақтың сауатты болуы үшін балалардың көркем әдебиет оқуы өте маңызды», деген болатын.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Оқуға құштар мектеп» жобасына, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев жастардың кітап оқу мәселесіне ерекше көңіл аударып жатыр. Дәурен Абаев мырзаға Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауын қайта жандандыру жайлы хат дайындап отырмын. Осы байқау қайта жалғасын табады деген ойдамын.
– Иә, қайта қолға алынып жатса, оқырман қауым қуанар еді. Ал енді көптің ойында жүрген негізгі мәселеге көшейікші. Алтайға ат арытып барған туристер, меймандар «Оралхан музейінің сыртынан қайттық» деп шуласып жатады. Мүмкін, 80 жылдығы қарсаңында қайта ашылып, бөркімізді аспанға атамыз ба?
– 2002 жылы О.Бөкейдің 60 жылдығы қарсаңында жазушының есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде жоғарыдан тапсырма беріліп, жергілікті шенеуніктерді алқымынан алған-ды. Қомақты қаржы да бөлінді. Бұйрық қатты, жан тәтті. Нәтижесінде, жергілікті билік Бөкей ақсақалдың жекеменшік үйінің маңдайшасына «Оралхан Бөкей мұражайы» деген тақтайшаны жапсырып, жауапкершіліктен «үш сөзбен», сапасыз құрылыстарымен құтыла салды. Іргетасы үйдің сыртқы бөренесінен сыртқы жағына құйылған, ауа кірмейді. Шатыр қысқа, жаңбыр жауса, үйге және алдыңғы верандаға су кетеді, ағаш қалдықтары, үгінділерді үйдің жертөлесіне түсіре салған. Содан үйдің асты шіріп, саңырауқұлақтар тақтай тесігінен көктеп шықты. Бәрін тазалап, шіри бастаған бөренелерді химиялық заттармен әзер тоқтаттық.
Есік алдына еңселі ескерткіш орнатуға да қаражат бөлінді. Бірақ гипстен жасалған ескерткіш тұғырына қона бере қақ төбесінен жарылды. Оны қара маймен майлады. Сөйтіп, аққұба Оралхан қап-қара адамға айналып шыға келді.
Мұның бәрін сол кездегі аудан әкімі Бердібек Сләмовке көрсеттім. Бұл жұмыстармен әкімнің бірінші орынбасары Қайыржан Сәдуов айналысқан деп кемшіліктерді мойындады.
2013 жылы 70 жылдық мерейтойында түрлі іс-шара ұйымдастырылғанымен, үй жекеменшікте деп, Оралхан Бөкей қарашаңырағына бір шеге қағылмады.
80 жылдығы қарсаңында аудан әкімдігінен хабарласып, бұл музейді қолға алатындарын айтты. Үйдің маңайын қайта қоршап, кәсіпкерлердің біріне беріп, жөндеу жұмыстарын жүргізетіндіктерін және менен сатып алғысы келетіндерін жеткізді. Бұл – Бөкей ақсақалдың қарашаңырағы, Оралхан Бөкейдің туған, тұрған үйі ретінде құнды. Қазір үй менің меншігімде. Бірақ музей мәселесі аудан көлемінде шешілетін шаруа емес. Қаражат керек, ауданда ондай қаражат жоқ. Жалпы, музей дегенге мүлде келіспеймін. Бұл шаңырақ тірі организм сияқты болашақ ұрпақты тәрбиелейтін орын болуы керек. Қазақ елінде де Л.Толстойдың, А.Чеховтың үйі сияқты киелі орындар бой көтеруі керек.
– Десе де, барымен базар деп ашып қоюға болмай ма? Неге жабық тұр деген сауал көпшілікті мазалайды.
– Жазушының 60 жылдығында музей деп ашылғаннан кейін билік қарамағына бердім. Кітапханашының 0,5 айлық еңбекақысы басында музей қызметкерлеріне төленіп тұрды. Аудан әкімдері екі-үш жылда ауысып тұрды. Олардың біріне жазушы керек, енді біріне керек емес. Сөйтіп, ғимаратқа қарайтын жұмысшыларға төленетін мардымсыз қаражат басшы ауысқанда заңсыз деп төленбейтін болды. Ішіндегі көрпе-жастық, сырмақ секілді заттарды басқа іс-шараларға да пайдалана бастады. Оралханның Еркін Нұразхан салып тапсырған суреті, Қытайдан келген суретшілер тапсырған портреттер басқа көрмелерге алынды. Оралханның күміс қынды алмас пышағы, анасының саптаяғы қолды болып кетті. Осылай музей аңғал-саңғал күй кеше бастады. Келген қонақтар үңірейіп тұрған бөлмелерді көріп, маған ренжитін болды.
Содан қойшы, билік Алаш қозғалысының 100 жылдығы қарсаңында қомақты қаражат жұмсап, Әбдікерім Ережепұлына арнап мектеп-музейін салды. Сол жерден Оралхан Бөкейге үлкен бір бөлме бердік. Сіздің үй жекеменшік болғандықтан, біз қарай алмаймыз, сонда көшірсек дұрыс болар еді деп өздері ұсыныс айтты. Мен сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Ренат Құрманбаевқа хабарласып, қабылдап алу актісімен, комиссиямен Әбдікерім музейіне жауапты мектеп директоры Ақтоты Касенуалиеваға бірқатар заттарды тапсырдым. Өзіме тиесілі дүниелерді қалдырдым. Өз үйімнің есік терезесін шегелеп, маңайын тазалап, қарайтын адамдарға тапсырып кеттім. Мәселенің көкесі енді шықты, ол музейге халық бармайтын болған. Халық сырты жабық Оралхан үйін үзбей іздейтін болғандықтан, неге жабық деген сұрақ туындап отыр.
– Ендігі ой-мақсатыңыз, жоспарыңыз қандай?
– Әбдікерім музейіннің де оңып тұрғаны шамалы. Дұрыс салынбағандықтан, ішіне қара шыбын, ұсақ құстар толып кетеді. Мектеп мұғалімдері біреу келетін болса, соны тазалаумен әлек. Штат мәселесі шешімін таппаған, облыстық музейлер кадастрына тіркелмеген. Мемлекет меншігіндегі музейдің жағдайы осындай. Енді келіп, билік қайта менен үйді сұрайды. Не нәрсенің құны бар, кезінде қадірін білмеген соң сметада көрсетілген бағаны сұрадым. Осы үйді толыққанды жұмыс істейтіндей дәрежеге жеткізу жобасы бар. Әрине, қаражат табылса. Сонда толық сметасы көрсетілген. 2019 жылдан бастап «О. Бөкей үйі» деген қоғамдық қор құрдым.
Мен жергілікті билікке сенбеймін. Егемендік алғаннан бері Шыңғыстай ауылы бар құндылығынан айырылды. Айталық, 1903 жылы Әбдікерім болыс салған екі корпустан тұратын бүкіл Шығыс Қазақстан көлеміндегі қазақ байларының балаларына арналған тұңғыш оқу-ағарту ордасы жекешелендіріліп, тарихи жәдігер талан-таражға түсті. Аршаты ауылынан Тентекбай байдың тері илейтін екіқабатты зауытын бұзып, материалдары Бұқтырма өзені арқылы әкеліп салынған бастауыш мектеп жекеменшікке өтіп кетті. Шыңғыстай елі кітапты көп оқитын ауыл еді. Ауылдың үлкен кітапханасы тағы жекенің қолына өтіп, мектепке көшкен. Ауыз сумен қамтамасыз ету үшін екі рет қаражат бөлінгенімен, мәселесі әлі шешілмеген. Бұдан шығатын қортынды – Оралхан Бөкей үйін аудан басшылығы дұрыс жолға қоя алмайды. О.Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы қарсаңындағы құр науқаншылық, бос сөз болып қалады. Оны нақты облыс көлемінде шешу жолдары қарастырылуы керек.
Облыстық мәдениет басқармасы сатып алып, Шығыс Қазақстанның киелі орындары тізіміне енгізуді қарастыру керек немесе облыстағы бай мекемелерден қаржылай көмек бөлуді қарастыруы қажет.
– Оралхан Бөкей егер тірі болса, қандай биіктен көрінер еді? Мүмкін, мұншалықты құрметке ие болмас па еді?
– Талантты адам қай кезде де өз биігінен түспейді. Замандас, классик жазушы Әбіш Кекілбаев: «Оралхан өмірге шыр етіп келгенде, таланттың топырағы бұрқ етті», дегені тегін емес. Шығыс Қазақстан облыстық драма театрына Оралхан Бөкей есімі беріліп жатса, ешкім де қарсы бола қоймас. Бар ғұмырын әдебиетке, қазақтың рухани көкжиегін кеңейтуге арнаған Оралхан Бөкейдің есімін қалың елі ешқашан ұмытпайды деген үміттемін.
– Шыңғыстайдағы Оралхан музейі ашылмауы да мүмкін бе? Сөз соңында осы мәселені қадап тұрып бір қайталаңызшы.
– Қарашаңырағымызға адамдар Оралханның үйі деп келсе екен деймін. Кейде маған «мұражай» деген ұғым суықтау естіледі. Мәселе шаңырақтың құламауында. Алда әлі талай жоспар бар. Мүмкін, маған ағам да, біздің әулет те осы міндетті жүктеп кеткен болар. Мен қасиетті қарашаңырақты жоғалтқым келмейді. Қаражат көзі табылса, «О.Бөкей үйі» деп қайта ашамын, табылмаса өзім барып тұрармын. Сол жерде отырып, ағамның шығармашылығын насихаттаймын.
Ағам көзі тірісінде біздің елдің билігіндегі шенеуніктерге таңғалушы еді. Мен де солай. Неге дейсіз бе? Ауданды дамыту қоры ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің орнына Ресейден ауып келіп, төр Алтайды мекендеген орыстардың 1882 жылы бой көтерген Покров шіркеуін қалпына келтіреміз дегеніне таңғалдым. Ол үшін ауданды дамыту қорынан қыруар қаржы жұмсалған екен. Реставрация жасау үшін қажетті 150 текше метр қарағай дайындалып қойды дегенді естігенде төбе шашым тік тұрды...
– Ағыңыздан жарылып, ашық сұхбат бергеніңізге көп рахмет. Оралхан Бөкей үйінде жолығайық деп тіледім!
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»