Әдебиеттің басты тақырыбы адам һәм адамның жаны дейміз. Яғни адам барда жазу да бар. Асыл өнердің ләззаты да, мехнаты да сол жазуда жатыр. Кейде жақсы жазатын қаламгердің аса танымал емес, даңқы да, дақпырты да жоқ, шағын бір шығармасы болады. Бір қарағанда, өзі анау айтқандай классикаға да жатпайды: тілі де, өрілуі де, динамикасы да бірсарынды, баяу. Бірақ осындай белгісіз ортақол әңгімелерде көркемдік айшықтар көзге ұрып тұрмаса да бір нәзік сезімдер, кішкентай адамдардың кішкентай арманы, кішкентай адамдардың кішкентай қылмысы, көбіміз мойындай қоймайтын өмірдің шындығы кездесіп жатады.
Мәселен, Дулат Исабековтің сонау 90-жылдардың басында жазған «Мәңгілік қағида» әңгімесі де осы санатта. Шығармадағы кейіпкер жалған мен ақиқат, жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, ізгілік пен зұлымдық қатар ағатын өмір өзенінен әділетті іздейді. Жалпы, мына жарық дүниеде мәңгілік не бар? Ал әділет ше? Жаратушы Құдайдың бар екеніне имандай сенетін пенде әділетке де сену керек емес пе? Бұл енді шекспирлік сұрақ. Ал әділет пен әділетсіздік қай заманда да, қай қоғамда да өзекті, мәңгілік тақырып. Кейде, тіпті адам тірі тұрғанда әділетті іздемеу, әділетсіздікке ұрынбау мүмкін емес сияқты көрінеді.
Шығармадағы кейіпкер тағдыры әлдебір музыка сынды – оқып болғанша сыңсиды да тұрады. Мұңды әуен. Мына әңгімедегі тағдырдан теперіш көрген жадағай отбасынан да бойлауық бір музыка еседі.
«Кішігірім автопаркте диспетчер болып істейтін анасы Биғанымның ақшасы бұлардың тек «аштан өліп қалмауы» үшін ғана жететін. Оның алатын жүз жиырма сомы бесеуіне бөлгенде жиырма төрт сомнан келуші еді, яғни күнге шаққанда бір сомға да жетпейді. Ал бәріне киім керек, оқу-құрал керек, мектепке алып кететін тиын-тебен тағы қажет. Кейде ол балаларын мектепке аттандыру үшін тиын таппай қатты күйзелетін. «Құдай-ау, сендерді қайдан ғана туып едім!» деп еденге отыра қалып ебіл-дебіл жылаушы еді. Балалары үн-түнсіз шығып кетеді. Қиындықпен, жоқшылықпен, қорлықпен іштей келіскен, қу тақыр кедейлікке көндіккен үнсіздік».
Таусылған ана, ылғи аспанға қарап армандайтын бала, бір-бірінің қайғы-мұңын жұтқан бауыр, осының бәріне егілген, езілген жүрек. Тұрмыстың қиындығы тірі жанды қалай қажытатынына таңғаласың. Жоқшылықтан шаршаған, жалыққан, іштей мүжілген, үміт сөнген, көңіл суыған, арман аласарған... Андас бұл қылмысқа жоқшылықтан барды. «Мені құдай кешіреді! Кешіреді!..» деп бауыры үшін өмірін құртты. Өйткені Биғанымның балаларында бауырмалдықтан басқа ешбір сезім қалмаған еді.
Алайда Андастың көзсіз барып жасаған қылмысы жас өміріндегі үлкен әділетсіздікке алып келді. Ол ұрлаған он екі алтын қасық пен шанышқы бір мезетте себепсіз көбейіп, бір үйдің дүниесін қолды қылды десті. Алғаны көп, алмағаны аз болып, аса қауіпті қылмыскер болып шыға келді. Өзі жетім, өзі ұры жоқ-жітіктің сөзін кім тыңдасын?..
«Мен ғой сотталдым да кеттім. Қылмысым бар болса, бар шығар, оны мойындамасқа лаж жоқ. Ал үйіме ұры түсті екен деп соншама мың сомның дүниесін ол маған неге жапты? Дүниені тапқан үстіне таба түссем деп пе? Ол дүниенің бәрін неғылмақ, не үшін жимақ? Оның айтқандарын екі милиция неге жақтады, неге жалған актіге қол қойды?»
Бұл енді өмірдің беті ашық қылмыстары. Қай заманда да кінәсізді кінәлі қылу немесе әлсізге өктемдік таныту, жазасына жаза қосып беру, ақиқаттан аттау, өтірік соттау аса қиын шаруа емес-ті. Бүгінгі қоғамда да солай.
«Қасық пен шанышқыға тоқсан мың сомның мүлкін қосып тіркеп, біреудің обалын ойламаған, өзгенің өмірі қиылып, көз-жасы көл боп жатса да шімірікпей аттап өте беретін дүниеқоңыздардың қылмысы қайда қалады?»
Жазушы бұл әділетсіздіктер арқылы заманның шындығын береді. Мәселен, дипломның жақсы өмір сүруге көмектеспейтінін көрсететін кейіпкер масаңдау жігіт. Сандықта екі дипломы жатыр, бірақ өзі кәуап сатады. Неге?
Кейде Тәуелсіздік кезеңіндегі бұл кейіпкерлерді соғыс уақытындағы дәл осындай, тіпті бұдан да жаман жұпыны күй кешкен кейіпкерлермен салыстырып жатамыз. Соғыс кезінде барша ауыл адамдарының жағдайы шамалас болды – бәрі аш қарынға көк алма жеп өскен ұрпақ. Екі дәуірдегі жоқшылықты осы фактормен ерекшелеуіміз керек. Әрі көркем шығармаларда жоқшылық тек әдеби фон ретінде алынатыны болмаса, негізгі салмақ содан туатын құбылыстарға ауады.
Қарап отырсақ, бұл кейіпкерлер бізге де бөтен емес. Биғаным да, Зүбайра да, Андас та – бізбіз. Әрине, одан бері отыз жыл уақыт өтсе де, Андастар әлі арамызда жүр. Баяғыдай балаң емес, аңғал емес, есейген, қатайған, таныған. Өмірдің түрлі қиылысындағы небір қулық-сұмдықпен, қиянатпен шама-шарқынша күресіп, өз шындығын жоғалтпай жүр. Бәлки.
Бұл – біз сүріп жатқан қоңыр тіршіліктің сүреңсіз бір шындығы. Ақиқатында, бұл – үлкен трагедия. Ең өкініштісі, бұл трагедия қазір де жалғасып жатыр. Бүгінгі «Әділетті Қазақстан» тұсында да қаншама жас жігіттер жұмыссыз, білімсіз жүр. Біреу базар жағалап, біреу мал жағалап, енді біреу автотұрақ жағалап жүрген замандастарды күнделікті өмірде көп көреміз. Ал жазықсыз істі болып, әділетсіз сотталып жатқан жастардың санын кім білсін. Сонымен, Андастың мәңгілік қағидасы не? Бауыр үшін жан беру ме, қол былғап, қылмысқа бару ма? Әлде түбінде бәрібір ақиқат жеңеді дей ме? Жалпы, шығармадағы мәңгілік қағида қайсы? Әділет пе? Әділетсіздік пе?