• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2022

«Teñ Qogam»-ның әлеуметтік қолдауы

313 рет
көрсетілді

Тіршіліктің мың сан дауысын еш кедергісіз естудің үлкен бақыт екенін басына түспеген жан біле ме? Өкінішке қарай, елімізде бұл бақыттан қағылған 150 мың адам бар десек, оның 10 мыңнан астамы Алматы қаласында тұрады. Оларға қамқорлық көрсету – қоғамға ортақ міндет.

Күні кеше мегаполисте «Teñ Qogam» деп аталған есту қабі­ле­ті бұ­зыл­­ғандарды әлеу­мет­тік қолдау ор­та­лығы ашылды. Құлағы мүкіс жан­дарды қол­дау­ға арналған осындай тағы бір орталық қалада екі жыл бұ­­рын есік ашқан еді. Жыл ба­сы­нан бері мүге­дектігі бар 1 768 адам ор­та­лық қыз­метіне жүгінген. Мамандар қам­кө­ңіл жандарға қоғамға бейімделуге көмектесіп, психологиялық, құ­қықтық қолдау көрсетумен қатар тұрмыстық, әлеуметтік және қаржылық дағдыларды мең­геруге үйреткен. Осы уақыт­қа дейін бір­қатар азамат әлеу­мет­тік үйдің кө­ме­гі­мен жұмыс тауып, олардың кейбірі тоқыма ісі, аяқкиім жөндеу салаларында өз кәсібін ашқан көрінеді.

­«Есту қабілеті бұзылған аза­мат­тарға лайықты жұмыс та­уып беру басты назарда. Олар құрылыс саласында, есеп кассаларында, киім және азық-түлік дүкендерінде, баспаханаларда, спорт кешендерінде еңбек етіп жүр. «Teñ Qogam» орталығына мүгедектігі бар барлық адам, оның ішінде олардың ата-аналары мен жақындары жү­гі­не алады. Біздің орталықта әлеуметтенуге көмектесетін арнаулы психолог кеңес бе­ре­ді», дейді «Teñ Qogam» әлеуметтік қол­­дау орта­лығ­ының басшысы Аманбике Ерғалиева.­

Есте болса, мүгедек азамат­тар­дың өмір сүру сапасын жақсарту мақ­сатында оларға ақ­па­раттық, кон­сультациялық, заңгерлік және психо­логиялық қолдау көрсететін, жұ­­мысқа ор­на­ласуға жәр­дем­десетін «Teñ Qogam» әлеуметтік қолдау жоба­сы­ның тұжырымдамасын 2019 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген еді. Игілікті жоба кә­сіп­керлердің де әлеуметтік сала­ға ден қоюына мұрындық бола бастаған.

Аталған санатқа жататын азаматтар Алматы қаласындағы О.Жандосов көшесі 10, сондай-ақ Қ.Сәтбаев көшесі 37а ме­кен­жайларында орналасқан әлеуметтік орталыққа жүгініп тиісті көмек ала алады. Респуб­ли­ка аумағында есту қабілеті шектеулі жандарға арнал­ған мамандандырылған 24 мектеп бар. Олардың екеуі Алматыдағы №1 арнау­лы түзету мектебі мен есту қабілеті бұзылғандарға ар­налған №5 арнайы түзету мек­тебі. Ондағы балаларға қала­дағы үш колледж бен Туризм және спорт академиясынан жоғары және орта арнаулы білім алуға мүмкіндік қарастырылған.

«Жыл басынан бері мүге­дек­тігі бар 23 мың алма­тылық тех­никалық оңал­ту құрал­да­ры­мен және әлеуметтік қызмет­термен қамтамасыз етілді. Жеке оңалту бағдарламасын 85%-ға дейін орындау жоспарлануда. Айта кетейік, сурдологиялық кө­мекке мұқтаж 1 282 адамның 970-і көмек алды. Ымдау тілі маманының қызметтерін есту қабілеті бұзылған 760 адам пайдаланады. Орталық сонымен қатар адам­дар­ға сурдологиялық кө­мек алуға кө­мектеседі», дейді Ал­маты қаласы Жұмыспен қам­ту және әлеуметтік бағ­дар­ла­малар басқармасының тең мүм­­кін­­діктер бөлімінің басшысы Аманат Сұлтанғазиев.

Жалпы, ел көлемінде құлағы мүкіс балаларға қатысты қорда­ланған проб­лемалар аз емес. Мәселен, елдегі туа бітті құла­ғы жоқ және құлағы бітеу бала­лар­дың саны 700-ден асып жы­ғыл­ған. Бұл жағдай көршілес Ресей мен Қытай мемлекетінде де белең алып тұр. Мамандар бұл экологиялық жағдайдың әсерінен туындайтын кесел деген жалпылама жауаптан аса алмай келеді. Ең өкініштісі, ғылым тілінде «Микротия және атрезия» деп аталған бұл дертке тап болған өрендерге операция жасайтын отандық мамандар жоқ. Ал аталған операцияны АҚШ, Үн­діс­тан елдерінде жасату кемі 70-80 мың доллар тұрады. Өз беттерінше «Микротия және атрезия» қоғамдық қорын ашқан ата-аналар балаларының болашағына алаңдаулы. Ата-ана­ларды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – бір құлағы жоқ балалар мүгедектер санатына жатпайтындықтан әлеуметтік жәрдемақы да ала алмайды.

– Қызым Адиляның тумысынан бір құлағы жоқ. Соның салдары сап-сау екінші құлағына кері әсерін тигізуде. Үш жыл бұрын 100% еститін екінші құла­ғы­ның қабілеті қазір 75 %-ға дейін төмендеп кеткен. Елімізде, тіпті ТМД көлемінде операция жасайтын білікті маман жоқ. Қанша уақыттан бері бұл та­қы­рыпты зерттеп, шетелдік ма­ман­дар­мен де кеңестім. АҚШ дәрі­гері Джозеф Роберсон операция жасауға келіскенімен, емнің құны 99 мың долларды құрап отыр. Қыруар ақшаны қайдан табамын, аталған дерт түріне квота да қарастырылмаған, – дейді алматылық Ерболат Қуанышев.

 

АЛМАТЫ