«Astana Qazaqstan Team» велоклубының өкілі Глеб Сырица Малайзияда өтіп жатқан «Лангкави турының» бірінші кезеңінде топ жарды.
22 жастағы ресейлік велошабандоз тамыз айынан бері Александр Винокуровтың шақыруымен қазақстандық клубта тәжірибеден өтіп жүр. Сол уақыттан бері бірнеше веложарысқа қатысқан Сырица күні кеше «Астана» сапындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 157,3 шақырымға жалғасқан бірінші кезеңді ол 3 сағат 43 минут 43 секундта бағындырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Екінші және үшінші орынды норвегиялық Эрленд Бликра (Uno-X Pro Cycling Team) мен германиялық Макс Кантер (Movistar) иеленді.
«Лангкави туры» 1996 жылдан бері Малайзияның Лангкави аралында өткізіліп келеді. Сегіз кезеңге жалғасатын жарыста 2016 жылы «Астананың» колумбиялық велошабандозы Мигель Лопес жалпы есепте үшінші орыннан көрінсе, 2020 жылы Евгений Федоров күміс жүлдеге қол жеткізген-ді.